• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
24 Мамыр, 2016

«TURKESTAN-2016» фотоэкспедициясы: Оңтүстікте өткен үш күн

401 рет
көрсетілді

«Фотоөнер» Қоғамдық бірлестігі Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тағылымы» атты ұлттық жоба аясында Оңтүстік Қазақстан облысында халықаралық «TURKESTAN-2016» фотоэкспедициясын ұйымдастырған болатын. 15 фотожурналистен тұратын экспедиция құрамында Қытайдан да арнайы фотомамандар шақырылды. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан шара қазақстандық фотошеберлер мен шетелдік әріптестер де қатысатын фотоэкспедициялардың жалғасы болып табылады. Шымкент қаласындағы Көркемсурет галереясында белгілі фотограф Шүкір Шахайдың 50 жасқа толған мерейтойына арналған «Шүкір Шахай – 50х50» және «Ел мақтаныштары» фотокөрмесі ашылды. Сонымен қатар, көрмеге бірқатар басқа фотосурет шеберлерінің туындылары қойылды. «Фотоөнер» бірлестігінің төрағасы Асылхан Абдрайымның айтуынша, «TURKESTAN – 2016» экспедициясы негізінен фотомамандардың бір-бірімен өзара тәжірибе алмасуын мақсат тұтады. Айта кетерлігі, экспедицияға Қытайдан арнайы шақырылған танымал фотожурналистер – алтайлық Ардақ Бейісханұлы мен тарбағатайлық Әкпар Үркімбайұлы атажұрттың ежелгі өркениеттер ошағына айналған оңтүстік өлкесіндегі тарихи жерлерге алғаш рет қадам басып отыр. Қандастарымыз «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігіне осындай рухани ләззатқа бөлегендері үшін ризашылықтарын білдірді. Фотоэкспедиция мүшелері үш күн бойы тарихи орындар шоғырланған Отырар ауданына, Түркістан қаласына барып, Түлкібас ауданындағы Ақсу-Жабағылы қорығын аралады. Экспедиция бағдарламасына сәйкес, түркі әлемінің киелі бесігі саналатын Түркістанға арнайы атбасын бұрды. 1396-1399 жылдары Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Яссауи қабірінің басына тұрғызылған кесене – үлкен порталды-күмбезді мемориалдық ғимарат, фототілшілер назарын аударып, көздеріне оттай басылды. «TURKESTAN – 2016» фотоэкспедициясы Ақсу-Жабағылының 90 жылдық мерейтойымен дөп келген екен. Ақсу-Жабағылы – Талас Алатауының солтүстік-батыс бөлігін және Өгем жотасын алып жатқан Қазақстандағы тұң­ғыш қорық. Бүгінде аумағы 131 934 гектар алқапты алып жатқан қорық ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік қорықтар тізіміне енген. Әлемді таңырқататын табиғаттың тамаша түкпіріне жеткенде фотоэкспедицияға облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов қосылды. Жалпы, «Turkestan-2016» халықаралық фотоэкспедициясы аясындағы шаралар мұны­мен шектелмейді. Өйткені, осы сапардың түйіні бойынша ұйымдастырушы «Фотоөнер» қо­ғамдық бірлестігі «Менің елім – Қазақстан» фотобайқауын қолға алмақшы. Ал, ең бастысы, биылғы іс-шара­лардың қорытындысы ретінде «Тәуелсіздік тағылымы – 25» фотокөрмесін өткізу жоспарланған. Онда Қазақстанның ең үздік фотожурналистері ұсынатын 125 фототуынды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында паш етіліп, байқау жеңім­паздары жарияланатын болады. Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген автор