Семей қаласында ретро автокөліктердің шеруі өтті. Шаһар тұрғындары мен қонақтары көшелерге ерекше көрік берген көне көліктерді тамашалаумен бірге, рульге отырып та көрді. Ретро көліктердің арасында «Волгаға» назары ауғандар көп. Автозауыттан жарты ғасыр бұрын шыққан ГАЗ-21 маркалы машина мінсіз сақталған екен.
Көне заттардың қатарын көліктермен бірге көне бұйымдар және ретро әндер шырқалған концерт толықтырды. Семейдегі Ф.Достоевскийдің әдеби-мемориалды музейі ғылыми-экспозициялық бөлімінің меңгерушісі Ирина Соловьеваның айтуынша, іргетасы өткен ғасырдың 60-шы жылдары қаланған мұражайда сол кезеңде пайдаланылған ыдыс-аяқтар мен киімдер мол.
– Біз жастардың көз алдына өткен ғасырдың тұрмыс-тіршілігін елестетуге тырыстық. Ал сол заманның куәгерлері өткен шаққа саяхат жасап қайтқандай әсер алды, – деді мұражайдың бөлім меңгерушісі.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
СЕМЕЙ