АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменов америкалық Джуниор Энтони Райтты жеңіп, WBA версиясының ауыр салмақтағы әлем чемпионы атанды.
Ол қарсыласын оныншы раундта техникалық нокаутпен тізе бүктірді. Сөйтіп, Шүменов кәсіпқой бокстағы 17-ші жеңісіне жетті. Енді қазақ боксшысы Мәскеуде ресейлік Денис Лебедевпен WBA нұсқасының ауыр салмақтағы суперчемпионы атағын жеңіп алу үшін қолғап түйістіреді.
Бейбіт Шүменов бұған дейін 18 кездесу өткізіп, соның 16-сында жеңіске жетсе, екі қарсыласынан ұтылған. Джуниор Райт кәсіпқой бокста 17 рет рингке шығып, 15 жекпе-жекте ұтса, біреуінде жеңіліп, біреуінде тең түскен.
Қазақ боксшысы жартылай ауыр салмақтағы (79,4 килоға дейін) чемпиондық атақтарды біріктіру жекпе-жегінде Бернард Хопкинстен жеңіліп қалғаннан кейін бірінші ауыр салмаққа өткен болатын. Осыған дейін америкалық былғары қолғап шебері IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы болса, Бейбіт WBA версиясында суперчемпион еді. Содан кейін Шүменов тағы бір АҚШ-тың боксшысы Джей Флоресті жеңіп, WBA нұсқасы бойынша әлемнің уақытша чемпионы титулын жеңіп алды.
Қазір Халықаралық бокс ұйымының (IBO) тізімінде отандасымыз ондыққа кіріп отыр. Соңғы рет аталған ұйым наурыз айында барлық салмақ дәрежесіндегі боксшылардың рейтингін жариялаған болатын. Сол кездегі тізімде Бейбіт Шүменов 11-ші орыннан 8-ші орынға көтерілген.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»