Былтыр мен Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) Женевадағы штаб-пәтерінде Қазақстанның ДСҰ-ға мүшелігі туралы кездесулердің тарихи аяқталуын атап өту жөнінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында сөз сөйлеген едім. Қазір ДСҰ-ның 162-ші мүшесі ретінде Қазақстан көпжақты сауда жүйесінің белсенді қатысушысына айналды. Ел күрделі жаһандық экономикалық жағдайларға қарамастан, өзінің сауда әлеуетін толығымен іске асыруға ұмтылуда. Мен елдің осы бағытта жұмсайтын күш-жігерін талқылау, сондай-ақ, оның алдағы уақыттағы сыртқы тауар айналымына оң ықпал ету мүмкіндігін қарастыру мақсатында Астанаға арнайы сапармен келгелі отырмын.
Мол табиғи ресурстарға ие Қазақстан соңғы жылдары өзінің шикізат байлығынан айтарлықтай пайда таба білді. Бүгінде мұнай бағасының төмендеп, Ресейдің экономикалық қиындықтарды басынан өткеріп отырған, ал Қытайдың өсу қарқыны баяулаған кезде Қазақстан өзіне осы факторлардың кері әсер еткенін сезінуде, ол, сонымен қатар, экспорттың да, импорттың да төмендеуінен айқын аңғарылуда. Көптеген елдер осыған ұқсас проблемаларға кез болып отырса, шындығында, ДСҰ тағы бір жыл, 2016 жылы әлемдік сауданың өсуі баяулайды деген болжам жасауда, ал біздер оны назарға алатын боламыз.
Қазақстан қазірдің өзінде бірқатар оң шаралар, оның ішінде өткен жылғы тамызда Ұлттық банк қабылдаған теңгені еркін айналымға жіберу туралы, сондай-ақ, Үкіметтің жуырдағы шетелдік инвестициялар ағынын ұлғайту және жеке сектордың есебінен оның өсуіне жәрдемдесу туралы дұрыс шешім қабылдады.
Қазақстан, сонымен бірге, Дүниежүзілік банктің соңғы жыл сайынғы есебінде бизнесті жүргізу шарттарының қолайлылығы бойынша өз рейтингін жақсартса, онда өткен жыл бойы елде бизнесті қолдауға бағдарланған көптеген реформалар қабылданғаны аталып өтті. Қазақстан іскерлік ортаны жақсарту үшін қабылдай алатын тағы бір маңызды қадам ДСҰ-ның Сауда-саттық рәсімдерін жеңілдету бойынша жаңа келісім (СРЖК) енгізуі болып табылады. Менің алдағы сапарым кезінде елдің келісімді ратификациялағаны туралы құжаттың маған тапсырылатынына өте қуаныштымын. Жаһандық деңгейде СРЖК экспорт көлемін жылына 1 трлн. АҚШ долларына ұлғайта алса, бұл өз кезегінде бүкіл дүниежүзі бойынша қалған барлық кедендік баж салығын алып тастауға үлкен септігін тигізетін болады. Ал келісім Қазақстанның өзіне де үлкен тиімділік әкеледі. Біздің бағалауларымыз бойынша, СРЖК-ні толықтай жүзеге асыру Қазақстанның сауда шығындарын шамамен 15 пайызға азайта алады. Бұл елдің сауда-саттық перспективалары үшін үлкен маңызға ие, өйткені, компанияларға сауда-саттықтарын бастау үшін кедергілерді төмендетеді.
Аталған келісім, әсіресе, «Жаңа Жібек жолы» ұлт жоспарына интеграциялану тұрғысынан алғанда ерекше маңызды болып табылады. Себебі, Қазақстан өзін Шығыс пен Батыс арасындағы логистикалық хаб ретінде көрсетуге ұмтылыс танытып отыр. 2014 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев тауарларды кедендік ресімдеу уақытын қысқарту, шекаралық бақылау-өткізу бекеттерінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ, экспорт пен импорттың ресімдерін жеңілдету қажеттігін мойындай отырып, аталған міндеттерді 2050 жылға қарай жүзеге асыруды тапсырды. СРЖК осы мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін мазмұнға ие және Қазақстанға алдына қойған міндеттерін жүзеге асыруда айтарлықтай көмек көрсете алады.
Бұдан бөлек, СРЖК Қазақстанның алдына артық жүк болатындай талаптар қоймайтынын атап өткен абзал. Басқа да дамушы елдердегі секілді Қазақстан СРЖК-нің қай ережесін қашан жүзеге асырған тиімді екенін және оны қашан орындауға дайын болатынын өзі айқындауға құқылы.
СРЖК-ге қосымша айтатын болсақ, ДСҰ-ға мүше елдер жақында өздерінің сауда-саттықтарын ынталандыру үшін бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізді. Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айында ұйымға мүше елдер ауыл шаруашылығы өнімдеріне экспорттық субсидияларды алып тастауға келісті және өзге де тиімділік әкелетін экспорттық шаралардың ережелерін бекітті. Бұл соңғы 20 жыл бедерінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жаһандық саудасында ең үлкен реформа болып табылды.
Экспорттық субсидияларды алып тастау жөніндегі міндеттемелерін Қазақстан ДСҰ-ға мүшелікке өту қарсаңындағы келіссөздер кезінде-ақ орындаған еді, сондықтан жаңа тәртіптер қазақстандық фермерлерді мұндай субсидияларды ешкімнің де пайдаланбайтынына кепілдік бере отырып, ДСҰ-ға мүше өзге елдер фермерлерімен теңдей жағдайға қояды. Енді бізге сауда-саттыққа кері әсерін тигізетін субсидияларды қоса алғанда, басқа да қиғаштықтармен байланысты мәселелерді шешу бойынша жұмыстарды жалғастыру қажет.
ДСҰ-ның жақындағы тағы бір келісімі туралы да айта кеткен орынды. Оны ұйымға мүше бір топ ел бекіткен еді. Онда олар сауда-саттықты соңғы үлгідегі телекоммуникациялық Жер серіктерін, медициналық құрал-жабдықтар мен бейнеойындарды қоса алғанда, ақпараттық-технологиялық тауарлардың кең көлемі бойынша толықтай ашуға келісім жасасқан болатын. Аталған келісім мұндай өнімдердің бағасын баршаның пайдасы үшін төмендетуге көмектеседі.
Соңғы уақыттарда қол жеткізілген осындай серпінді жетістіктер Қазақстанға өзінің экономикалық мақсаттарын жүзеге асыруға жәрдемдесуі тиіс. Олар ұйымды сауда-саттықтың әрі қарайғы маңызды реформаларын қамтамасыз етуге жігерлендіретініне менің ешқандай да күмәнім жоқ. Қазіргі кезде ДСҰ-да келіссөздер жүргізу бойынша болашақ жұмыстардың егжей-тегжейлі құрылымдарын талқылау жүріп жатыр. Қазақстан үшін талқылауларда өзінің басым бағыттары туралы мәлімдейтін кез келді. Ал бұл – ДСҰ шеңберіндегі келіссөздер елге жақын жылдары пайда әкелуін жалғастырады деген сөз. Мен осы мәселелердің барлығын осы аптадағы Астанаға сапарым барысында Қазақстан басшылығымен талқылайтын уақыттарды асыға күтудемін.
Роберто АЗЕВЕДО,
ДСҰ-ның Бас директоры