23-24 мамырда Президенттің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаев қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын Жоғары өкілдердің VII халықаралық кездесуіне қатысты.
Аталған шара Ресей Қауіпсіздік кеңесінің бастамасы бойынша Чешенстан Республикасының астанасы – Грозный қаласында шамамен 80 мемлекет және халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткізілді.
Кездесудің күн тәртібіне халықаралық терроризм мен діни экстремизм, заңсыз көші-қон әрекеттеріне қарсы іс-қимыл бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық және ұлттық деңгейлерде қабылданып жатқан шаралар мәселелері енгізілді.
Қазақстан делегациясы басшысының сөзінде негізгі екпін Қазақстан басшысының 2015 жылғы қыркүйекте өткен БҰҰ саммитіндегі зорлық экстремизмге қарсы іс-қимыл таныту бойынша бастамаларын халықаралық ілгерілетудің маңызына түсірілді. БАҚ-тарға терроризм мен экстремизм тақырыбын көрсетуде салмақтылық қажет екені атап көрсетілді.
Грозныйда болуы кезінде Н.Ермекбаев Чешенстан Республикасы басшысының міндетін атқарушы Рамзан Қадыровпен, Ресей Федерациясы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушевпен кездесіп, келіссөздер жүргізді.
Сондай-ақ, шараға қатысқан мемлекеттер делегацияларының басшыларымен, соның ішінде, ҚХР Компартиясы ОК-нің Саяси бюро мүшесі – Саяси-заңдылық комиссиясының хатшысы Мэн Цзяньчжумен, Ауғанстан Ислам Республикасы Президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі – АИР Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің басшысы Мохаммад Ханиф Атмармен, т.б. бірқатар жұмыс кездесулері өткізілді.
«Егемен-ақпарат»