Шарайна
Ресей президенті Владимир Путин, ГФР канцлері Ангела Меркель, Франция президенті Франсуа Олланд және Украина президенті Петр Порошенко телефон арқылы Сирия мен Украинаның оңтүстік-шығысындағы жағдайларды реттeу мәселелерін талқылады.
Талқылау барысында тараптар уақытша келісім режімін қатаң сақтаудың маңыздылығын, жанжал аймағында ЕҚЫҰ миссиясы арнайы мониторинг қызметінің тиімділігін арттыру, оған қосымша өкілеттіктер беру, сондай-ақ, бақылау және үйлестіру жөніндегі бірлескен орталықты нығайту қажеттігін атап өтті. «Норманд төрттігінің» басшылары, сонымен бірге, Украинаның оңтүстік-шығысындағы әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық проблемаларды шешу мүмкіндіктеріне қатысты пікір алмасты. Бұдан бөлек, олар Сириядағы бірқатар дағдарысты аспектілерге де назар аударды.
Қайғы-қасірет арқаланғандармен кездесуді өтінді
АҚШ-тың 70-ке жуық көрнекті мәдениет және ғылым қайраткерлері Құрама Штаттар президенті Барак Обаманы Хиросимаға сапары кезінде осы қалаға тасталған атом бомбасынан аман қалған жапондықтармен кездесуге шақырған үндеу арнады.
«Атом бомбасы құрбандарының арасында аман қалған адамдармен кездесу олардың тартқан қайғы-қасіретін білдіріп қана қоймай, сол адамдардың иілмей, ядролық қаруды жоюға деген ұмтылысымен танысуға да мүмкіндік береді», – деп көрсетілген Ақ үй басшысына жолданған үндеуде. Көрнекті қайраткер тұлғалар, сондай-ақ, Б.Обамадан өзінің Хиросимаға тасталған атом бомбасы соққысы бойынша кешірім сұраудан бас тарту шешімін қайта қарауды және АҚШ-тың ядролық қаруды жаңғырту жобасын қаржыландыруды тоқтатуды, сонымен қатар, Ресеймен ядролық қарусыздану жөніндегі келіссөздерді жеделдетуді өтінген. АҚШ президенті Хиросимада 27 мамыр күні болады.
Сарапшылар кеңесін Ахмад Джаннати басқарады
Иранның сарапшылар кеңесі 90 жастағы консерватор аятолла Ахмад Джаннатиді кеңес басшылығына сайлады. Сарапшылар кеңесі Иранның рухани көсемінің қызметін бақылау, оны қызметке тағайындау, қызметтен босату өкілеттігіне ие.
Сарапшылар кеңесінің 88 мүшесі Ахмад Джаннатиді 24 мамырда сайлаған. Кеңес мүшелері негізінен діни дәрежесі бар, жасы ұлғайған діни қайраткер-ғұламалардан тұрады. Ал А.Джаннати Иран президенті Хасан Рухани мен оның Батыс елдерімен қатынасты жақсарту арқылы Иранды әлемдік оқшауланудан босату саясатын қолдамайтын тұлғалардың бірі саналады. Сонымен бірге, ол парламент сайлауында жүзден астам реформашыл кандидатты тіркеуден алып тастаған Иран конституциялық қадағалау кеңесіне де басшылық жасайды. Анық емес деректерге қарағанда, сарапшылар кеңесі осы елдің рухани көсемі аятолла Хаменейдің мұрагерін таңдайтын да сияқты.
Қысқа қайырып айтқанда:
Кабулде терроршылардың шабуылынан оннан астам адам қаза тапты. Елдің ІІМ баспасөз хатшысының мәлімдеуінше, терроршылар шабуылына шағын автобуспен келе жатқан апелляциялық соттың қызметкерлері ұшыраған.
«AL Arabiya» телеарнасы АҚШ-тың 250-ге жуық теңіз жаяу әскерлері Сирияның Хасеке қаласының маңына түсірілгенін хабарлады. Оның құрамында ауыр техникалар да бар. Олар Ракки қаласын содырлардан босату операциясына қатысатын болуы керек.
Италияның Флоренция жағалауында автотұраққа қойылған 20-ға жуық автомобиль жердің опырылуынан пайда болған шұңқырға құлады. Шұңқырдың ұзындығы – 20, ал ені – 7 метр. Зардап шеккендер жоқ.
Тәжікстанда мектеп түлектеріне арналған мереке – соңғы қоңырауды өткізуге тыйым салынды. Білім және ғылым министрінің бұйрығында «Барлық білім беру мектептерінде 9 және 11 сынып түлектеріне арналған «Соңғы қоңырау» жиынын өткізуге тыйым салынсын», – деп көрсетілген.
Қытай Суданда атом реакторын салмақ
Қытайдың мемлекеттік ядролық бірлестігі Судан Республикасының су ресурстары және электрлендіру министрлігімен қуаты 600 мегаватт болатын атом реакторының құрылысы туралы екі келісімге қол қойды.
Қытайлық «China Daily» басылымының жазуы бойынша, тараптар жасалған келісімдердің құнының қанша екендігі және салынатын реактордың үлгісі, сондай-ақ, оны тапсырудың мерзімі жөнінде нақты ақпарат жоқ. Сарапшылар бұл Қытай елінде әзірленген үшінші буын Hualong One реакторы болады деген болжам жасап отыр. CNNC басшысы Сунь Цинь осыдан біраз уақыт бұрын аталған бірлестік 2030 жылға қарай әлемнің бірқатар елдерінде «Жібек жолының экономикалық белдеуі» стратегиясының аясында 30 атом энергиялық блогын салуды жоспарлап отырғанын айтқан еді.
Сатқындық жасағаны үшін тұтқындалды
Италияның астанасы – Римде Ресей жағына тыңшылық әрекеттер жасады деген күдікпен Португалия барлау қызметінің офицері мен ресейлік азамат тұтқындалды. Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, ресейлік португалиялықтан НАТО мен Еуроодақ туралы құпия ақпараттарды сатып алмақ болған.
RTP мәліметтеріне қарағанда, операция италиялық және португалиялық күштердің, сондай-ақ, Еуроюст қызметкерлерінің қатысуымен жүзеге асырылған. Күдіктілер жақын күндері Лиссабонға беріледі. Португалиялық азамат енді мемлекеттік құпияны жария еткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Дерек көздері бойынша, екі азамат та нақты іс үстінде, яғни Португалия барлаушысы ресейлікке құпия мәліметтерді беріп жатқан кезде қолға түскен. Тұтқындалған португалиялықтың аты-жөні – Фредерико Карвалью. Ол елдің мемлекеттік қауіпсіздігі мен сыртқы барлауға жауапты құрылым – ақпарат және қауіпсіздік қызметі жетекшілерінің бірі сияқты.
Бір әйелді екі ер адамға айырбастады
Ресей түрмесінде жазасын өтеп жатқан украиналық әскери қызметші Надежда Савченконың адвокаты Илья Новиков жақын уақытта Савченконың тағдыры туралы маңызды ақпарат айтылатынын мәлімдеген еді.
«Мен қазір Дондағы Ростовтамын. Енді екі-үш сағаттан кейін Надежда Савченко жөнінде маңызды жаңалық айтылады», – деп атап өткен-ді И.Новиков. Бұдан бұрын бірқатар агенттіктер Украина президенті Петр Порошенконың ұшағы сәрсенбіге қараған түні Дондағы Ростовқа келгенін хабарлаған еді. Бұл ақпарат рас болып шықты. Сондай-ақ, «Интерфакс» агенттігі Украинада сотталған ресейліктер – Е.Ерофсев пен А.Александров бар президенттік борт Киевтен ұшып шыққаны жөнінде ақпарат таратты. Сенімді дерек көздеріне қарағанда, екі елдің әскерилерін айырбастау рәсімі Дондағы Ростов қаласының әуежайында өткен.
Интернет материалдары негізінде әзірленді