ПЕТРОПАВЛ. 26 мамыр. Қызылжар өңіріне Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен келіп, көктемгі егіс жағдайымен танысты.Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Ауыл шаруашылығы министрі Қызылжар ауданына ат басын тіреді. Мұнда «Петерфельд-Агро» 5 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Қазір серіктестікте 3 мың бас ірі қара малы өсіріледі.
Министрмен кездесуде жер кодексіне қатысты әңгіме қозғалды. «Зенченко және К» серіктестігінің бас директоры Геннадий Зенченко жердің жеке меншікке берілуі шараларын қолдайтынын жеткізді.
Бұл шаруашылықта да мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Сүт фермаларында күніне 20 тоннаға жуық өнім алынады. Көрсеткішті 35 тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Қазір Новоникольское ауылында спорттық кешен құрылысы, 10 тұрғын үй салынуда.
Асқар Мырзахметов облыс агроқұрылым жетекшілерімен кеңес өткізіп, аймақ басшысы Ерік Сұлтанов АӨК дамуы туралы баяндады.
Аграршылар республикалық маңызы бар бірқатар проблемаларды ортаға салды. Мәселен, «Тайынша Астық» серктестігінің басшысы Анатолий Рафальскийді сүттің бағасы толғандырды. Министрдің және салалық департаменті басшыларының берген жауаптарына қарағанда субсидиялар төлеу бойынша бағдарламаға өзгерістер енгізіліп жатқан көрінеді. Ал сүтті сатып алу бағасын әкімдіктер бекітеді. Диқандарды элиталық тұқымдарға деген жеңілдіктер, су мәселесі де мазалайды. Егін егуді субсидиялау мәселесі де қамтылды.
Жиын соңында Асқар Мырзахметов сүт қабылдау бекеттерін құруды ұсынды. Оның айтуынша, жұмысы тоқтап тұрған сүт зауыттары аз емес.
Министр Тайынша ауданының шаруашылықтарын да аралады.
Өмір Есқали.
Дерек, фото: Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.