• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
26 Мамыр, 2016

Елбасы Халықаралық консультативтік кеңес мүшелерімен кездесті

220 рет
көрсетілді

АСТАНА. 26 мамыр. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық консультативтік кеңес мүшелерімен кездесті. Бұл туралы akorda.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Кездесуге кеңес төрағасы, Австрияның бұрынғы федералдық канцлері А.Гузенбауэр, Польшаның бұрынғы президенті А.Квасьневский, Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасы, Италияның бұрынғы премьер-министрі Р.Проди, Израильдің бұрынғы премьер-министрі Э.Барак қатысты. Кездесуге қатысушылар Қазақстан экономикасының негізгі даму бағытын, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын, сондай-ақ, Еуроодақ елдерімен ынтымақтастықты нығайту үшін қабылданып жатқан шараларды, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшеліктің артықшылықтарын пайдалану мәселелерін талқылады. Қазақстан Президенті әлемдік экономикадағы құбылмалылыққа, оның біздің елге де әсер етіп отырғанына назар аударды. «Жаһандық экономика өсімі болжанған көрсеткіштерден төмен болып шықты. Бұған қоса, әлем қандай бағытта жылжып бара жатқаны, оны қысқа және ұзақ мерзімді кезеңде не күтіп тұрғаны туралы көңілге қонымды сарапшылық пікір жоқ. Қазір Еуропада, Ресей мен Қытайда күрделі үдерістер жүріп жатыр. Осының бәрі болашақ жаһандық даму тұрғысынан зор қызығушылық тудырады. Сонымен қатар, біздің ел аталған қиындықтарға қарамастан бұдан әрі ілгерілеуді қамтамасыз ете отырып, өз реформаларын жүзеге асыруын жалғастыруда», – деді Мемлекет басшысы. Кеңес мүшелері кездесу үшін алғыс айтып, жаһандық күн тәртібінде тұрған өзекті саяси және экономикалық мәселелерге қатысты пікірлерін ортаға салды. Атап айтқанда, Австрияның бұрынғы федералдық канцлері А.Гузенбауэр Қазақстан жүзеге асырып жатқан реформалар жаңа жаһандық сын-қатерлерге уақытылы берілген жауап екенін және олар біздің республикамызға мейлінше дамыған елдер клубынан орын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Израильдің бұрынғы премьер-министрі Э.Барак отандық агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелеріне тоқталды. Ол Қазақстанның әлемдік азық-түлік нарығында бәсекеге қабілетті орынды иеленуі үшін қажетті барлық ресурсқа ие екенін мәлімдеді. Польшаның бұрынғы президенті А.Квасьневский әлеуметтік мәселелерді шешуге, адам капиталын жетілдіруге, шағын және орта кәсіпорындарды қолдауға бағытталған реформалардың арқасында елдің жүйелі дамып келе жатқанын атап өтті. Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасы әрі Италияның бұрынғы премьер-министрі Р.Проди Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық одақтың арасындағы қарым-қатынастың даму әлеуеті зор екеніне, ол барлық тарапқа, соның ішінде Қазақстанға пайда әкеле алатынына назар аударды. Талғат Райымбек. Дерек, фото: akorda.kz.
Соңғы жаңалықтар