• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Мамыр, 2016

Жоғары білімнің бірегей жобалары

330 рет
көрсетілді

Кеше Назарбаев Университетте жоғары білім көшбасшыларының Еуразиялық форумы өтті.

Қазақстанның кіндік қаласын­дағы бұл басқосуға Ұлыбритания, Израиль, Қытай, АҚШ, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей секілді мемлекеттерден үш жүздің үстінде делегаттар келді. Мәртебелі меймандарды жылы шыраймен қарсы алған Назарбаев Университеттің президенті Шигео Катсу пленарлық мәжілісті ашардағы сөзінде уақыт талабына сай нағыз толыққанды университет қандай болуы керек­тігіне айрықша тоқталды. Оның айтуынша, әрбір оқу орны өзінің шәкірттерін еңбек рыногына еркін ене алатындай етіп даярлауы керек. Өйткені, өрелі өрендер ғана өз елінің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға қомақты үлес қоса алады. Осы орай­­да атқарылатын жұмыстар өте ауқымды екенін тілге тиек қылған ол әріптестерін ашық пікір алмасуға шақырды. Талқылауға ұсынылған «Жоғары білім және экономиканы жаңғырту: инновациялық және кәсіпкерлік ЖОО» тақырыбы бойынша отандық, сондай-ақ, шетелдік сарапшылар сан салалы мәселе көтеріп, салиқалы ойларын ортаға салды. Олардың әсі­ресе, белгілі бір мемлекеттің ме­рейін өсіріп, мәртебесін көтеруде білім мен ғылымның алар орнын анық­тауға бағытталған берік байламдары көпшіліктің көңілінен шықты. Университеттерде ғылы­ми ізденістерге кең өріс ашу, иннова­циялық идеяларды батыл жүзеге асыру, қазіргі заманға лайық білікті кадр­лар тәрбиелеу, сондай-ақ, дәстүрлі академиялық құндылықтарға зиян келтірмей, ЖОО-ларды терең білім ордасына айналдыру ісіндегі озат тәжірибелерді ортақ игілік ретінде қарастыруға қатысты ұтымды ұсы­ныс­тар да діттеген жеріне жетіп жатты. Дүниежүзіндегі ең үздік жүздікке кіретін Тель-Авив университетінің ректоры Джозеф Клафтер химиялық физика саласында кеңінен танымал ғалым. Ұзын саны 400 ғылыми еңбектің авторы, 18 монографияның редакторы атанған профессордың пайымдауынша, университеттердің бәсекелестікке қабілетті болуы үшін бірнеше параметр қажет көрінеді. Ең алдымен педагогикалық қызметке маңдайынан шертіп отырып майталман мамандарды тартқан абзал. Ақылды азаматтардың сырт­қа кетуіне тосқауыл қойған жөн. Әрине, олардың еркіне қол сұға алмайсыз. Үкімет тарапынан тиіс­ті шаралар қабылданып, ойлы оқымыстыларымызды туған жеріне оралтуға жағдай жасамай болмайды. Біз соған тырысып жатыр­мыз. Екіншіден, ұстаздар мен сту­денттердің ой еркіндігіне тежеу са­лынбауға тиіс. Ашықтық соны идеяларға бастайды. Үшіншіден, жоғары оқу орны мен өндіріс ошақтары арасында көпір орнатқан жөн. Бірлескен әрекеттің берері мол. Төртіншіден, адамдардың өз мүмкіндіктерін жү­зеге асыруларына көмектесу керек. Жақсы мағы­насындағы амбиция адамды алға жетелейді. Алтыншыдан, халық­аралық ынтымақтастық пен ықпалдастықты өркендеткен дұрыс. Бұл ретте белсенділік танытсақ, ға­лам­дық проблемаларды шешуге мүм­кіндік туады. Күні кеше ғана жиырма жылдығын тойлаған Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, ҰҒА академигі Ерлан Сыды­қов Қазақстандағы жоға­ры кәсіптік білім беруді одан әрі дамытудың басты екі бағыты жайында әңгіме қозғады. Оның ойынша, біріншіден, университеттерге толық академиялық автономия беретін уақыт жетті. Екіншіден, кәсіп­керлік университеттерді құру­ға бет бұрған оңды болар еді. Бұл ретте коммерцияландыру мен зерттеулердің қолданбалы сипат­қа көшуі көптеген отандық оқу ордаларының кәсіпкерлік универ­ситеті статусын иеленуіне қол жет­кізіледі. Кейінгі кездерге дейін инновациялық экономиканы Үкі­мет пен бизнес жасайтын модель үстемдік құрып келді. Бірақ, әлемдік тәжі­рибе көрсетіп отырғанындай, атал­мыш мәселеде мемлекеттің, биз­нес құрылымдарының және уни­­верситеттердің бірлігі қажет. Өйт­пейінше, инновациялық эконо­ми­­каның игілігіне бөленуіміз екіталай. Ал, ұлыбританиялық Q S рейтинг агенттігінің басқарушы директоры Кунзио Квакарелли әлемдегі үздік оқу орындарының жетістік­те­рін бағалау тәртібін түсіндірді. Алматы Менеджмент универси­те­тінің президенті Асылбек Қожах­метов болса, инновациялық және кәсіпкерлік университеттердің бір-бірінен айырмашылығы төңірегінде жеке пікірін білдірді. Форумның негізгі бөлігі білім мен ғылымның жаңа жетістік­терін жинақтаған Назарбаев Уни­вер­си­теттің тағылымды тәжі­рибесін көрсетуді көздейтін семи­нарларға арналды. Осыған байланысты университеттің профес­сорлары мен қызметкерлері өзде­ріндегі академиялық сапа, корпо­ративтік басқару қағидаттары және менеджментті жетілдіру, ғылыми зерттеулерді жүргізу, студент­терді алмағайып болашаққа бейім­деу, кәсіптік бағдарлау мәсе­лелері төңірегінде әңгімелеп, Қазақ­стан­дағы алғашқы және әзірге жалғыз болып табылатын, магистра­тура бағдарламасы бойынша инклю­зивті білім беру саласындағы көшбас­шы­ларды әзірлеу әдістерімен бөлісті. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан»