• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
27 Мамыр, 2016

Ажырасу неге азаймай отыр?

474 рет
көрсетілді

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, БҰҰ Даму бағдарламасы, Қыздар университеті мен «Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан дамуының қазіргі кезеңіндегі отбасы және отбасы құндылықтары» деген тақырыпта республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Маңызды басқосудың мақсаты – Қазақстан Республикасының гендерлік және отбасылық саясат жөніндегі тұжырымдамасына отбасы дәрежесі мен отбасылық құндылықтарды айқындауға жаңа ұсыныстарды енгізу, қазір­гі замандағы отбасы, отбасы тәрбиесіндегі ананың рөлін ны­ғай­ту, жастарды жарасымды отбасылық өмірге даярлау. – Еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуінің шарттары тек саяси-экономикалық өрлеумен ғана шектелмейді, – де­ді шараны ашқан Қыздар университетінің ректоры Динар Нөкетаева. – Ол қоғамдық өмірдің мәдени-рухани өркендеуімен де астасып жатыр. Қазіргі таңда, шындығында, әлемде отбасылық құндылықтарды сақтау мен тұрақ­тылығы жөнінде өзекті мәселелер көрініс тапқан. Олар ажырасудың көбеюі, тастанды бала, өркениетті елдердегі бір жыныстылардың некесі, азаматтық некенің белең алуы, бала туу санының азаю­ы, заңды некелік қатынастарға деген құштарлықтың төмендеуі, т.б. болып жіктеле береді. Қазақ хал­қының тума болмысын­да отбасы тұрақтылығын сақ­тау­­дың, ұл мен қызды отба­сы­лық өмірге дайындаудың, жетім­дерді жасытпаудың, т.б. терең гуманистік үлгілері қа­лып­тасқан. Әдет-ғұрпымыз бен салт-дәс­түріміздің өн бойына сіңі­ріл­ген мұндай құндылықтарды бүгінгі таңда қайта жаңғыртып, озық, жетілген, тұрақтылықты сақ­тауға бағдарланған қырларын тұр­мыс-салтымызға қайтадан ен­гізу – қазіргі кездегі реэтнизация үде­рісі­нің маңызды талаптарының бірі. Одан әрі сөз алған Әйелдер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Шолпан Сыздықова елі­міздің көп ұлтты тарихи тамырларына негізделген отбасылық құндылықтарды сақ­таудың маңыздылығын атап өт­ті. «Пре­зидент Н.Ә.Назарбаев отба­сы институтын нығайту мен ру­хани-адамгершілік тәр­бие­ні көтеруге ерекше көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшы­сының ұсынысымен Отбасы күні белгіленіп, жыл сайын «Ме­рейлі отбасы» ұлттық бай­­­қауы өткізілуде. 2015-2020 жылдарға арналған отбасылық қаты­настарды, моральдық-эти­калық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту бойын­ша жалпыхалықтық іс-ша­ра­лар жоспары жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ, Елбасы ұсын­ған бес институттық рефор­маның әрқайсысы – үлкен жауап­кер­шілік және үлкен жұмыс. Елбасы айтқан «Үлкен отбасы – үлкен ел» ұлттық жобасының маңызы зор болып табылады», – деді гендерлік саясаттың бүгінін тілге тиек еткен Ш.Сыздықова. Ал Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева отбасы, отба­сылық қарым-қатынас, отбасы құн­дылықтарын сақтауға әсер ететін оң және теріс факторларды атап өте келе, статистикалық мәліметтерді келтіре кетті. Он­да жылына 360 мың баланың дүниеге келуі жақсы көрсеткіш болғанымен, өкінішке қарай, жылдан жылға ажырасу жағдайы көбейіп, толыққанды отбасы саны азаюда екен. 2005 жылы ажырасқан отбасы саны 35 834 болса, 2015 жылы 53 293-ке жеткен. Заңды некеде тұрмайтындардың саны артуда. Бұл өткен жылға қарағанда 6,6 пайызға өскен. Некесіз бала табу көрсеткіші өскен. Көп балалы отбасылардың жағдайы әлі де мәз емес. Сондай-ақ, баяндамашы қоғамдағы осындай ахуалдардың өз деңгейінде шешімін табуда қазақ қызын тәрбиелеуде, берік отбасын құруда Қыздар университетіндегі «Қыз Жібек» клубы мен оқу орны жанындағы Гендерлік институттың алар орнының ерекшелігіне тоқ­талып, институт гендерлік зерттеу­лер саласында дәстүршілдік пен жаңа­шылдықты негізге алуды қолдай отырып, кейбір діліміз бен дүниетанымымызға сай келе бермейтін батыстық жағымсыз сипатты құндылықтарды теріске шығаратын, оның теориялық-әдіснамалық негіздерін ұсынып отырғанын тілге тиек етті. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»