ҚОСТАНАЙ. 27 мамыр. Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейінде философ ғалым, ұстаз, этнограф, ыбырайтанушы, марафоншы, өнер жанашыры Қалқаман Жақыптың 70 жасқа толуына орай, оған құрмет көрсетілді. Бұл туралы egеmen.kz тілшісі хабарлады.
Қостанайда Қалқаман Жақыпты білмейтіндер кем деп айтуға болады. Ол алдымен ұстаз, облыста жоғары білім беру ісінің дамуына үлес қосып келеді. Ол кісіден жүздеген жастар білім алды. Қалқаман Жақыпты сондай-ақ, жұртшылық белсенді спортшы деп те таниды. Желаяқ талай рет облыстық, республикалық марафондарға қатысты, оны ұйымдастыруда да белсенділік танытты.
Сонымен қатар, ұлттық ұстанымы берік ғалым облыстағы белгілі этнограф ретінде де танымал. Оның ыбырайтану іліміне қосқан үлесін ауыз толтырып айтуға болады. Қостанайдың орталығындағы Алтынсариннің өзі ашқан мектеп іргетасының кірпішін тауып, оны музейдің жәдігері еткен де Қалқаман ағамыз болатын. Оның ұлы ағартушы өмірінен жазған мақалалары да бір төбе.
Қалқаман Жақып мерейтойының Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінде ұйымдастырылуының да өзіндік сыры бар. Ол алдымен ыбырайтанушы, екіншіден жастай ата-анадан жетім қалған Қалқаман ұлы ағартушының өзі ашқан мектеп-интернатында білім алып, ер жетті, санатқа қосылды. Ол Қалқаманның туған үйі секілді сезіледі.
Қостанай қаласы зиялылары жиналған шарада облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Роза Төлешқызы, Қалқаман ағаның ұстазы, сексеннің сеңгіріне шығып отырған қарт ұстаз Жұмағазы Бекбосынов, Нағашыбай Мұқатов, журналист Гүлжібек Бекмұхамедова және басқалар жылы тілектерін айтты.
Қарт ұстаз Жұмағазы Бекбосынов: «Бала кезінен қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысушы еді. Өмірде де солай болды. Көз алдымда ер жетті, көз алдымда жақсы адам болып қалыптасты. Қалқаманнан жас ұрпақ саламатты өмір салтын ұстануды үйренуі керек. Үйрену үшін басқа жақтан биік тұлға іздеудің қажеті жоқ, жақсының барлығы да жанымызда жүргенін ұмытпайық», – деді.
Ұстаз, ғалым, этнограф Қалқаман Жақып: «Мен ұстазымның алдында өзімді ұстазбын айтуға қымсынып тұрамын. Жұмағазы ағамыз бала кезімізде қасына тұрғызып қойып, адам болыңдар деп ұзақ ұрсатын. Енді бүгін дәл солай қасына тұрғызып қойып, ұзақ мақтады. Ұстазымның еңбегі сәл де болса ақталған-ау деп білемін», – деді.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, фото: egеmen.kz.