• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
27 Мамыр, 2016

Қостанайда қазақтың хас батырына ескерткіш орнатылды

327 рет
көрсетілді

ҚОСТАНАЙ. 27 мамыр. Облыс орталығындағы тоғыз жолдың торабына Қобыланды батырға ескерткіш қойылды. Ол Сағадат Нұрмағанбетов атындағы қордың Қостанай бөлімшесі жүргізген жұмыстардың арқасында мүмкін болды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Халқымыздың бас батырының еңселі ескерткіші туған жердің әр сүйем жерін сыртқы жаудан қорғаған халқымыздың бар батырының бейнесі секілді елестейді. Ерліктің эпопеясындай «Қобыланды батыр» жырын оқымаған қазақ кем шығар. Осы жыр арқылы талай ұрпақ батырлыққа елтіп, еліктеп өсті. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында ұлттық рухты аспандататын мұндай ескерткіштің Арқа төрінен орын алуы заңды еді. Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов: « Еліміздің тәуелсіздігі, жеріміздің амандығы үшін күрескен ұлы бабалар ерлігін дәріптегенде ғана жас ұрпақты елдікке тәрбиелейміз. Сонда ғана тәуелсіздігіміз баянды, Мәңгілік ел боламыз», – деді. Сонымен қатар, ескерткіштің ашылу салтанатында сөз алған академик Сағындық Сатыбалдин және С.Нұрмағанбетов атындағы қор президенті Махмұт Нәлібаев осындай игілікті істерге мұрындық болып отырғанын тілге тиек етті. Қазір қордың алты облыста филиалдары бар. Олар демеушілер жинаған қаржының көмегімен Қажымұқанға, Иманжүсіпке ескерткіш орнатты, көптеген қайырымдылық істер тындырды. Міне, Қобыланды батыр ескерткіші де осы қордың Қостанай бөлімшесі жұмысының арқасында мүмкін болды. Қобыланды батыр ескерткішінің бой көтеруі үшін көптеген жұмыстар атқарған қордың Қостанай бөлімшесінің жетекшісі Серікбай Бисетаевқа жиналған жұрт рахметін айтып, ақ боз ат мінгізді. Сенат депутаты Серік Ақылбай, демеушілер атынан сөз алған кәсіпкер Ыбыраш Естаев еліміздің шекаралық облысының бірі Қостанайда айбынды батыр ескерткішінің ашылуы жас ұрпақтың рухын көтеретінін айтты. Ескерткіштің ашылу салтанатына осы жұмыстың авторлары белгілі мүсіншілер ағайынды Әбдікерім мен Әбдімүтәліп Ахметовтер қатысты. Осы салтанатты шарада белгілі эстрада әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бақтияр Тайлақбаев «Қобыланды батыр» атты жаңа әннің тұсауын кесті. Оның мәтіні мен әнін жазған белгілі дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Төрехан Әбіш те әдейі Алматыдан келді. Белгілі айтыс ақыны Маржан Есжанова жырдан шашу шашты. Ескерткіштің ашылуына Қазақстанның бірнеше облысынан қонақтар, белгілі жазушы, тарихшы ғалымдар келіп қатысты. Қостанайлықтар мен қала қонақтар Қобыланды батырға арналған ғылыми-практикалық конференцияға қатысатын болады. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, фото:egemen.kz.    
Соңғы жаңалықтар