• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Мамыр, 2016

Шынайы ақпарат – тыныштық кепілі

504 рет
көрсетілді

Еліміздің жекелеген өңірлерінде жер мәселелері жөнінде заңсыз қарсылық шерулерін өткізуге әрекеттер жасалғаны туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған тиісті құқық қорғау органдарының мәліметтерінен белгілі болған еді. Әрине, бұл мәселеде халық шынайы ақпаратқа зәру екені рас. Соған орай осынау бір өзекті мәселе туралы еліміздің құзырлы органдарының бірі – Бас прокуратура жаңа мәліметтерді жариялап отыр. Бас прокуратурадан бізге келіп түскен хабарламада «Шынайы ақпарат беру мақсатында сіздерге төмендегі мәселелерді хабарлай аламыз. Заңсыз әрекеттердің алдын-алу үшін Бас прокурор халыққа екі рет үндеу жолдап, митинг өткізудің тәртібі мен заңсыз шерулерге қатысқаны үшін азаматтардың жауапкершілігін түсіндірді. Бұл үндеулер бұқаралық ақпарат құралдары және басқа да коммуникация арналары арқылы кеңінен таратылды», дейді. Хабарлама мазмұнына сай, заңсыз шерулерге қатысу ниетін ашық және тура жария еткен барлық адамдармен түсіндіру жұмыстары жүргізілгендігі баса айтылады. Осыған қарамастан, жекелеген тұлғалар митингтер туралы заңнаманы елемей, адамдарды заңсыз шерулерге қатысуға итермелеп, арандатуға тырысқан. Олардың түпкі мақсаттары – бейбіт шерулер немесе Жер кодексін өзгерту емес, қоғамдық саяси ахуалды шиеленістіру, ұлтаралық алауыздықты қоздыру және билікті басып алу көрінеді. «Олар жаппай тәртіпсіздіктердің бүлікке, озбырлыққа, тонауға, тіпті адам шығынына әкеліп соқтыруы мүмкін екенін жақсы біледі. Ондай оқиғалардың салдары қандай боларына Ливия, Сирия, Египет және бірқатар бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдер айқын мысал бола алады», деп хабарламада ашық айтылып отыр. Енді бүгінде, осы жағдайға орай, құқық қорғау органдары бірқатар қылмыстық істерді тергеуде екен. Құқық қорғау органдары айтып отырған жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру үшін сан түрлі тәсілдер пайдаланылған. Мәселен, Қызылорда қаласында тәртіп сақшыларына тас лақтырылып, оларды күш қолдануға итермелеу әрекеттері жасалған. Сосын, әлеуметтік желілерде тәртіп сақшылары өлтірді деп, ер адамның мәйітінің суреті де таратылыпты. Ал: «Шын мәнінде, бұл Қытайда болған оқиғадан түсірілген сурет болатын. Сондықтан бұл ақпараттардың жалғандығы уақтылы әшкереленді. Мұны аз десеңіз, Шығыс Қазақстан облысында полицияның назарын облыс орталығынан басқа жаққа аударып, Өскемен қаласында тәртіпсіздіктер ұйымдастыруды жеңілдету үшін бірқатар аудан орталықтарында алдын-ала шерулер ұйымдастыру жоспарланған. Орал мен Атырауда бейбіт шеруді желеу ете отырып билікке күш қолдану, оның ішінде қару қолдану арқылы қарсы шығуға дайындықтар жасалған», дейді Бас прокуратура. Құқық қорғау органдарының қолын­да, ең бастысы, арандатушы­лар­­дың әрекеттері өзара келісілген сипатта бол­ғаны туралы мәліметтер бар екен. Алматыда жүргізілген жедел шаралар барысында қалада жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыруға дайы­ндалған бірқатар тұлғалар ұстал­ған. Онда қару-жарақ, оқ-дәрі, білтемірлер, «Молотов коктейлі» деп аталатын жанармайлар құйылған шөлмектер жасырылған қоймалар табылды. Мұны көзіқарақты адамдар күнделікті баспасөзден де оқып, білгені анық. Оның үстіне осы оқиғалардың бәрі Президент мораторий жариялаған және жер заңнамасына қатысты ұсыныс енгізгісі келетін бүкіл азаматтар жұмысына қатысып жатқан комиссия мен барлық өңірлердегі қоғамдық кеңестердің жұмысы басталған кезде болды. Расында, бүгінде, мемлекет тарапынан Жер кодексіне байланыс­ты өркениетті диалогқа және барша пікірлердің ескерілуіне толық жағдай жасалып отыр. Алайда, түрлі өңірлерде болған заңсыз акциялардың бәрі бір қолдан шыққандай әсер қалдырады дейді. Сондықтан да атал­ған қылмыстық істердің аясында осы құқыққа қайшы әрекеттердің заңсыз қаржыландырылуы зерттелуде, олардың қаржы көздері туралы ақпараттар тексерілуде екен. Ал бұл тергеу нәтижесі бойынша, арандатуға қатысы бар адамдардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болатындығы баса айтылып отыр. Дегенмен, тергеу амалдары толыққанды болуы үшін бұл фактілерге қатысты жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстары жайлы егжей-тегжейлі айтылмайды. Бірақ алдағы уақытта Бас прокуратура тергеу шараларының барысы туралы тұрақты түрде ақпарат беріп отыратындығын да хабарлады. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»