АСТАНА. 1 маусым. Өткен дүйсенбі күні Мәскеудің «Спартак» клубы мен белгілі футбол маманы, Дондағы Ростовтың «Ростов» командасының бас жаттықтырушысы Құрбан Бердыевтың өкілі арасында келіссөз жүрді. Мәліметтер бойынша, Мәскеу клубының басшылығы оған 2 миллион еуро көлемінде жалақы ұсынған. Бұл туралы matchtv.ru сайтына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Бірақ келіссөз Құрбан Бердыевтың өтінішімен тоқтатылыпты. Ол мұны «Ростов» клубымен арадағы қарым-қатынастың әлі шешілмегенінен байланыстырған. Осы орайда аталмыш клубтың вице-президенті Александр Шикунов бас жаттықтырушымен арада басталған келіссөздің нәтижесі дүйсенбі күні кешке қарай белгілі болатынын айтты. Ол өз сөзінде сондай-ақ бапкермен келісімшарттың бұдан әрі жалғасуы мүмкін екенін атап өтті.
Бүгінгі күннің мәліметіне қарағанда, «Ростов» клубы футболшылардың жалақыларын әлі толық төлеп үлгермеген екен. Ал Құрбан Бердыев мұның алдында сол қарыздар 27 мамырға дейін төленбесе, өзінің клубтан кететінін мәлімдеген еді.
ТАСС ақпарат агенттігі хабарлағандай, ойыншылар биылғы жылдың наурыз айынан бері жалақы көрмеген. Команда чемпионатта алған екінші орындары үшін бөлінген сыйақына да әлі алмаған. Дегенмен, клубтың 28 мамырдан бастап қарыздарды төлей бастағаны белгілі болды.
Аян Әбдуәли.
Дерек, фото: matchtv.ru.