Қостанай қаласының қақ төрінде туған жердің айбарындай Тайбурылына мініп, қолына көк сүңгілі найзасын ұстаған Қобыланды батырдың еңселі ескерткіші бой көтерді. «Қобыланды батыр» жырын оқымаған қазақ кем шығар. Қазақтың хас батыры әр қазақтың жадында ерлік пен елдіктің нышанындай жазылып қалған. Бой көтерген ескерткіші туған жердің әр сүйем жерін сыртқы жаудан қорғаған халқымыздың бар батырының бейнесі секілді елестейді. Еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланатын жылы ұлттық рухты аспандататын мұндай мазмұнды ескерткіштің Арқа төрінен орын алуы заңды еді.
– Еліміздің тәуелсіздігі, жеріміздің амандығы үшін күрескен ұлы бабалар ерлігін дәріптегенде ғана жас ұрпақты елдікке тәрбиелейміз. Сонда ғана тәуелсіздігіміз баянды, Мәңгілік Ел боламыз, – деді ескерткіштің ашылу салтанатында Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов. Белгілі академик Сағындық Сатыбалдин, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қайырымдылық қорының президенті Махмұт Нәлібаев Қостанай жұртын құттықтаумен бірге, қордың осындай игілікті істерге мұрындық болып отырғанын тілге тиек етті.
Бүгінде қордың еліміздің алты облысында филиалы бар. Демеушілер жинаған қаржының арқасында Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында Қажымұқанға, Иманжүсіпке ескерткіштер орнатылды, өзге де қайырымдылық істер тындырылды. Міне, Қобыланды батырға орнатылған зәулім ескерткіш те қордың Серікбай Бейсетаев басқаратын Қостанай бөлімшесінің атқарған жұмыстары негізінде жүзеге асты. Тамаша туындыны мүсіншілер – ағайынды Әбдікәрім және Әбдімүтәліп Ахметовтер жасап шықты.
Қазақ халқының мәңгілік ерлік өнегесіне айналған, орта ғасырдың Алтын орда, Ноғай ордасы дәуірінің аса көрнекті тұлғасы Қобыланды батырға ескерткіш орнатылуына орай ұйымдастырылған республикалық ғылыми-практикалық конференция жалпы жиналған жұртшылыққа тағылымдық жағынан үлкен әсер етті. Оған елімізге белгілі жазушылар, тарихшы ғалымдар қатысып, терең де мазмұнды баяндамалар жасады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақтан»
ҚОСТАНАЙ