• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2011

Іргеміз – тыныш, түндеріміз – бейбіт, күніміз – нұрлы

474 рет
көрсетілді

«Ескіге – жаңа өлшеуіш, жа­манға – жақсы өлшеуіш», дейді біздің халқымыз. Кешегі кеңес­тік кезеңде еркіміздің шектеулі болғаны соншалық, қалауымыз қалыптан, тілеуіміз тұйықтан шыға алмай, көнбістікпен күн кешкен едік. Алланың құдіретімен Тәуел­сіздікке жетіп, өз жерімізге өзіміз ие болдық. Бақытты, қуат­ты дербес ел болу – бабалардың арманы еді. Мына шексіз ғаламда өз да­лаң мен өз Отаның болғаны қандай бақыт! Тәуелсіз Қазақстан таңға­жайып жетістіктерге жетті. Маңдайына қасірет шеккен халқын ұлы өткелден өткізу тағ­дыры жазылған Н.Назарбаев ұл­тының ұлы армандарын жүзеге асыра білді. Аз ғана жылда аспанның астын жайнатып, Астана-шаһар тұрғызды. Елдің бірлігі артып, берекесі кірді. Іргеміз – тыныш. Түндеріміз – бейбіт. Күндеріміз – нұрлы. Мазасы қашып, ала топалаң болып жатқан елдерді де көріп отырмыз. Сүйсінген болып, сұқтана қарайтын қарау жұрттың бар екенін де ішіміз сезеді. Ізгілікті істерімен, ақыл-парасатымен әлемге танылған Президентті Қазақстан халқы қолдайды. Елі Елбасына сенеді. Ертеңі – кешегіден, келешегі бүгінгіден жарқын болар деп үміттенеді. Сондықтан да, Пре­зиденттің жыл сайынғы Жол­дауын асыға күтеді. Елбасының биылғы Жол­дауы­ның маңыздылығы – адам өмірін қорғаудың, адам тұрмы­сын жақсартудың, адам жанын ізгілендірудің жолдарының ба­рын­ша кең қарас­тырыл­ғандығында. Білім сапасын дамытудың, халыққа медициналық қызмет көрсетуді күшейтудің, тұрғын үймен, тұщы сумен қамтамасыз етудің бүгіні мен келешегін меңзеген бағдарламалар – «өң­шең ғана жақсы» ойлар жа­нымызды жадыратты. Елбасының мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандық­тар­дың 2020 жылға қарай, кем дегенде, 95 пайызға жетуі тиіс деуі – тіл тағдырына алаңдайтын ел зиялыларының ойынан шық­ты деп ойлаймын. Бұл ха­лық­тың көкейінде жүрген мәселе еді. Бұл міндет халықтың өзіне де жүктеліп отыр. Қазақстанды Отаным дейтін адамдар үшін қазақ тілін үйрену – қасиетті іс. Жолдаудың бұл жолдарына қаламгер ретінде мен де үлкен үмітпен қараймын. Қазақша кітап оқитын ел боламыз деген ой бізді де ынталандырды. Жаңа, көркем туындылардың жазы­луына дем береді. Мен өзім малға бай, кезінде Талас Қаракөл қой зауыты деп аталған қазағы көп дарқан өл­кенің қызымын. Жылдан-жылға тұрғындары қалаға қарай көшіп жатқан Үшарал деген ауылым­ның тағдыры ойлантатын. Бү­гінгі Жолдаудағы халықтың әл-ауқатының көтерілуіне, жұмыс­пен қамтылуына, ауыл шаруа­шылығының дамуына бағыт­тал­ған шаралардың алға қойылуы – менің туған ауылымның ғана емес, бүкіл ауыл-аймақтың қай­та гүлденуіне сеп болар деп сенемін. Ертеңге деген сенім – елдің үлкен тірегі. Күләш АХМЕТОВА, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.