Мәжілісте палата Төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаеваның жетекшілігінде «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 27-қадамының шеңберінде жеке сот атқарушылық институты және оны дамыту» деген тақырыпта Үкімет сағаты өтті.
Төрағаның орынбасары: «Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында сот жүйесінің реформасы шеңберінде бірқатар институттық шешімдер жұмыс істей бастайтынын, олардың қатарына мемлекеттік сот орындаушыларын кезең-кезеңімен қысқарта отырып, жеке сот орындаушылары институтын одан әрі дамыту қажеттілігін атап көрсетті. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын іске асыру «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 27-қадамында көрініс тауып отыр. Бұл бағыттағы жұмыс бірнеше жыл бұрын басталған. Ал атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заң жеке сот атқарушылық институтын дамытудың негізі болды. 2015 жылғы қазан айында қабылданған Кәсіпкерлік мәселелері бойынша заң елімізде жеке сот атқарушылық институтын енгізуді іс жүзінде бекітті», – деді.
Сондай-ақ, ол қазіргі уақытта сот актілерінің уақтылы орындалмауы, ішінара жазаның бұлтартпастығы қағидатын елемеу, шағын және орта бизнес субъектілерінің заңсыз әрекеттері проблемалары және жеке сот атқарушылық институтын одан әрі дамыту перспективалары, оның қызметінің нәтижелері, осы институттың табысты жұмыс істеуі үшін оңтайлы шешімдер әзірлеу мүмкіндігі біздің ел үшін өзекті болып табылатынын айтты. «Соттардың шешімдерін өз еркімен орындау құқықтық мәдениеттің ажырамас бөлігі бола қойған жоқ. Атқарушылық іс жүргізу шеңберінде бұзылған құқықтарды және азаматтардың заңмен қорғалатын мүдделерін қалпына келтіру процесін ұйымдастыру қажет. Айталық, қазіргі уақытта жеке сот орындаушыларында 1 млн. 141 мың құжат (1 трлн. 561 млрд. теңге сомаға) орындауда жатыр. Осы құжаттардың ішінде тек 40 пайызы ғана болашақта орындауға болатын шешімдер. Осы цифрлардан-ақ елімізде 5 институттық реформаның «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» бағытын жүзеге асыруда азаматтардың құқығын қорғауда сот атқарушылық қорғау институтын одан әрі дамытудың өзектілігін байқауға болады», – деді Г.Исімбаева.
Осы мәселені жан-жақты талқылау мақсатында Үкімет сағатына Жоғарғы Сот, Бас Прокуратура, Әділет министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық Банк басшыларының жетекшілік ететін орынбасарлары, Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының, Жеке сот орындаушыларының өңірлік палаталарының, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Қаржыгерлер қауымдастығының өкілдері шақырылыпты.
Сөз кезегі мәселені баяндау үшін Қазақстан Республикасының Әділет министрі Берік Имашевқа берілді. Ол: «Сот актілерін орындау сот төрелігін іске асырудың түпкілікті нәтижесі және азаматтардың құқықтарын қорғауға конституциялық кепілдікті қамтамасыз етудің маңызды құралы болып табылады. 4-5 жыл бұрын оның сапасы мен тиімділігіне сот орындаушысының тиісті мәртебесінің болмауы, жеткіліксіз өкілеттіктері, төмен жалақы, тиісінше, материалдық-техникалық жабдықталмауы және жүктемесінің көптігі теріс әсер етті. Сонымен қатар, атқарушылық іс жүргізу органдарын бір ведомстволық құрылымнан екіншісіне беру жүйені нығайтуға ықпал етпегенін атап өткім келеді. Аталған проблемаларға байланысты елімізде шығарылған сот актілерінің шамамен әрбір үшіншісі орындалмады. Негізсіз жоғары біліктілік талаптары белгіленді. Үміткер жеке сот орындаушысында шамамен бір жыл мерзімімен үздіксіз тағылымдамадан өтуі тиіс еді. Бұл ретте, жеке сот орындаушысының 3 жылдан кем емес жұмыс өтілі, оның 1 жылы жеке сот орындаушысының лауазымында болуы қажет. Одан кейін конкурстан өтуі тиіс. Сондай-ақ, жеке тұлғалардың банктік шоттары туралы ақпаратты талап ету құқығы берілді», – дей келіп, Б.Имашев бүгінде жеке сот орындаушыларының саны 1200-ге жеткенін, мұның өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп екенін атап көрсетті. Тек Алматының өзінде – 173, Астанада – 138, Қарағандыда 116 дегендей. Республика халқына шаққанда 20 мың адамға біреуден келеді екен. Алайда, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының айырмашылығына, сондай-ақ, халықтың діліне байланысты жеке сот орындаушылары санының өсу деңгейі әр өңірде әртүрлі болатынын атап өткім келеді. Мәселен, батыс және солтүстік облыстарда жеке сот орындаушыларының саны әлі де нормативтерге жетпеген және олар көрсететін қызметтерімен қамтылмаған аудандар бар. Ұқсас жағдай нотариустермен де болды. Алайда, бұл мәселе кезең-кезеңмен өз жолына түсті. Жеке сот орындаушыларымен мұндай проблемалар болмайды деген сенімдеміз, деді министр.
Вице-спикер қайтадан сөз алып Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті ағымдағы жылдың 25-31 мамыры аралығында Оңтүстік Қазақстан облысына, Алматы қаласына және Алматы облысына сапарға шығып қайтқанын мәлімдеді. «Сапар барысында депутаттар жеке сот орындаушыларымен, мемлекеттік, құқық қорғау және өзге де органдардың өкілдерімен, азаматтармен кездесулер ұйымдастырып, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 27-қадамы шеңберінде жеке сот атқарушылық институтын дамыту тақырыбы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында және Алматы қаласында дөңгелек үстелдер өткізді. Осы аталған іс-шаралар барысында сот актілерін орындау проблемалары және жеке сот атқарушылық институтын одан әрі дамытудың перспективалары, оның қызметінің нәтижелері талқыланды, аталған институттың табысты жұмыс істеуі үшін оңтайлы жағдайлар жасаудың жолдары ұсынылды», – деді Вице-спикер.
Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров тақырыпқа қосымша баяндама жасады.
Отырысты қорытқан Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаева: «Бүгін Ұлт Жоспарының 27-қадамын, жеке сот орындаушылар институтын одан әрі дамыту бөлігін іске асыру бойынша мазмұнды да мағыналы пікір алмасу болды. Отырысымызды қорытындылай келе, Берік Мәжитұлына мазмұнды баяндамасы және атқарушылық іс жүргізу саласының жай-күйіне және аталған салада жүргізіліп жатқан реформа туралы жан-жақты талдау жасап бергені үшін алғысымызды білдіргім келеді. Министрлік алдағы уақытта да атқарушылық іс жүргізу жүйесі жұмысының тиімділігі мен сапасын арттыра түсетініне сенімдімін. Бүгінгі отырыстың қорытындысы бойынша Үкіметке бірқатар ұсыныстар жобасы дайындалды. Айтылған ұсыныстар мен пікірлер толық ескеріліп, Бас комитет тиісті жұмыс жасайтын болады. Қосымша сұрақтар мен ескертулерді Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне берулеріңізді сұраймын», – деді.
Шара аясында тақырыптық көрме болды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»