• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
10 Маусым, 2016

Отандық білімді жаңғырту – баршаға ортақ іс

1440 рет
көрсетілді

Қазіргі уақытта білім интеллектуалдық қана емес, сонымен қатар, қоғам өркендеуінің экономикалық базасын құрайтын мемлекеттің іс-әрекетінің аса маңызды саласы болып табылады. Бұл Елбасы ұсынған Бес халықтық реформаның «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында еліміздің тұрақты дамуы мен 30 дамыған елдің қатарына енуге негізделген бағыттарымыз ретінде айқындалған. Осы тұрғыда Елбасы Ұлт Жоспары аясында білім беру саласына бірқатар реформаларды жүргізуді тапсырды. Ондағы түйінді идея бүгінгі білім мен ғылым жүйесінің уақыт талабына жауап бере білуі болып табылады. Елімізде білім берудің мазмұнын жаңарту осы салада қызмет ететін тұлғаларға көптеген міндеттер жүк­тейді. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы об­лыс бойынша педагогикалық қызмет­керлердің біліктілігін арттыру инс­титуты аймақтағы педагогтардың білік­тілігін арттырумен қатар, еліміздегі біліктілікті жетілдіруге жасалып жатқан мүмкіндіктерді олардың өз пайдасына асыруына, сол арқылы ел мүддесінің алға басуына атсалысып келеді. Қазір Қазақстанда әлемдік білім беру кеңістігіне бағытталған білім берудің жаңа жүйесі қалыптасуда. Бұл оқу-тәрбие үдерісінің педагогикалық тео­риясы мен практикасындағы ма­ңызды өзгерістер арқылы жүзеге асырылуда. Жаңа буын оқу материалдарын дайындаудағы, олардың қызметін өзгерту мен білім беру практикасында қолданудағы инновациялық көзқарас білім беру саласын жаңғыртудың құрамдас бөлігі болып табылады. Мұғалім өзінің орны мен оқу үдері­сіндегі рөліне, оқушыға деген қарым-қатынасына жаңаша көзқарасты қалып­тастырмайынша, білім беруді сапалы өзгертуі мүмкін емес. Біздің ойымызша, мұғалімдерді, әдіскерлерді және мектеп басшыларының арнайы дайындығынсыз жаңа мектепке өту асығыс болар еді. Өйткені, оқытудың түбегейлі жаңа мақсат-міндеттерінің, мазмұны мен технологияларының, бағалаудың жаңа формаларының мәнін түсінбей жаңа теориялық идеяларды практика жүзінде жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан да, құзыреттілікке бағытталған жаңартылған білім беру мазмұнын ескере және оқытудың жаңа тәсілдері мен әдістерін енгізудің үздік тәжірибелерін тарата отырып, педагогтардың біліктілігін арттыру қажет. Білім беру мазмұнын жаңартуға көшу кадрлық ресурстарға жаңа талаптар қойып отыр: білім беруге құзыреттілік көзқарас аясындағы жұмыстарға педагогтерді даярлау; педагогтерді денсаулықты сақтайтын технологиялармен қамтамасыз ету; білім беру үдерісін дараландыру артып отырған жағдайда жұмыс істеуге дайын болуды қалыптастыру. Сондықтан, педагогке жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының жаңартылған мазмұны мен әдіснамасын қабылдауға; білім беру үдерісінің бағдарламалық және әдістемелік қамтамасыз етілуінің өзгеруіне; педагогикалық қызметтің мақсаты мен тәсілдерінің өзгеруіне дайын болу керек. Қазіргі кезде әрбір педагогті мынадай сұрақтар қызықтырады: жаңартылған білім беру мазмұнының қолданыстағы білім беру мазмұнынан айырмашылығы неде? Мектептегі білім беру үдерісін ұйымдастырудың тәсілдері өзгере ме? «Нәтижеге бағыт­талған білім» түсінігі нені біл­діреді? Жаңартылған білім беру маз­мұнына мұғалім қалай және қай бағытта дайындалуы керек? Міне, осы сұрақтар­дың шешілуіне педагогтардың білік­тілігін арттыру институттары ықпал етуде. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-тың облыс­тық филиалы және «Назарбаев зият­керлік мектебімен» бірлескен мақ­сатты жұмыс­тарының нәтижесінде облыс педагог­тері жаңартылған бағ­дар­ламалар бойынша оқытылуда. Енді бізге осы тәжірибені жүйелеп, республика мұғалімдеріне тарату қажет. Филиал профессорлық-оқытушылар құрамының шығармашылық тұрғы­дан өсуіне ерекше көңіл бөледі. Қазіргі уақытта жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу, «РІSА-2012 қорытындысы және оның танымдық үдерістің менталды деңгеймен ара­қатынасы» және «Өзін өзі тану» пәнін оқытудың ғылыми-әдістемелік негіз­дері» біліктілік арттыру курстары бойынша тренерлік курстар өткізілді. Курстардың бағдарламалық мазмұнын сапалы жаңарту мақсатында филиал қызметкерлері шетелдік біліктілік арттыру тәжірибесін зерттеу және енгізу жұмыстарын жүргізді. Мысалы, жүйелік көзқарас негізінде дамыта оқыту технологияларын қолдану; дуальды оқыту жүйесін енгізу тәжірибесін зерттеу; жалпы білім беретін мектептердің жағдайында инклюзивті білім беруді ұйымдастырудың түрлері мен әдістері және Smart оқыту технологиялары. Білім беру үдерісіне жаңа ақпа­рат­тық технологияларды енгізу бо­йынша мұғалімдердің жұмысын арттыру, сандық білімдік ресурстардың республикалық банкін толықтыру үшін елімізде білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Сабақтың ерекше әлемі», «Ең үздік АКТ-ны (Ақпараттық коммуникациялық технология) пайдаланушы ауыл мектебі» және басқа бейне сабақтардың байқау­лары өткізілді. Ағымдағы жылда инс­титуттың ұйымдастыруымен өткізілген «Оқушылардың оқу жетістіктерін баға­лаудың қазіргі үлгілері мен әдістері: тәжірибе және келешегі» тақыры­бын­дағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік on-line конференциясы осы жұмыстың дәлелі деуге болады. Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау мәселесі отандық білім беру ұйымдарындағы оқыту үдерісінде өзектілігімен ерек­шеленіп отыр. Конференция мектеп оқушыларын бағалаудың қазіргі әдістерін ендіру мәселелерін, шарттары мен мүмкіндіктерін талқылау мақсатында ұйымдастырылды. Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау тәжірибесі мен оның келешегі – тек отандық қана емес, сонымен бірге, әлемдік деңгейде талдап, қарастыруға тұрарлық мәселе. Конференция жұмысына білім және үздіксіз кәсіби білім беру сала­ларындағы жетекші мамандар және облыс, республиканың деңгейлік бағдар­ламалар курсын бітіріп, серти­фикатталған мұғалімдерімен бірге, Назарбаев Университеттің, Қара­ғанды мемлекеттік техникалық универ­си­тетінің, Тараз мемлекеттік педагоги­калық институтының, Кембридж универ­ситетінің (Ұлыбритания), Белоцер­ковь үздіксіз кәсіби білім беру инсти­тутының (Украина), Қазан мемлекет­тік мәдениет институтының (Татар­стан Республикасы), Пермь мемле­кет­тік гуманитарлық-педагогика­лық университетінің (Ресей), «Билим­кана» қоғамдық қорының (Қырғыз Рес­публикасы) өкілдері қатысты. Біз SMart-қоғамда, басқаша айтқанда,  ақылды қоғамда өмір сүреміз. Яғни, біздің айналамызда өміріміздің барлық аспектілерін жақсартатын техникалық құралдар және әртүрлі сервистер бар. SMart-білімнің басты аспектісі – білім алушылардың саны бойынша ғана емес, сондай-ақ, уақыттық және кеңістіктік көрсеткіштердің көмегімен оқыту барлық жерде және әрқашан қолжетімді болатын, интерактивті білім беру ортасында кедергісіз пайдалануға болатын, оқыту шекарасын кеңейтуге мүмкіндік беретін дүниежүзіндегі барлық контенттердің көмегімен мобильді құрылғыларды қолдану негізінде икемді оқыту. Қазақстанды жаңғырту – бәріміздің ортақ ісіміз. Білім беруді жаңғырту – бүгінгі заман талабы. Қазіргі таңда жаңа технологиялармен оқыту жүйелі түрде жолға қойылып келеді. Оған мамандарды қайта оқыту, интерактивті білім беру, түрлі технологиялық тәсіл­дер арқылы оқуға деген қолжетім­ділікті арттыру сынды мысалдарды айтуға болады. Осы орайда, институт білім беру ұйымдарымен бірлескен жұмысқа үлкен мән береді. Яғни, педа­гогикалық қызметкерлердің білікті­лігін арттыру саласының өзекті бағы­т­тарының бірі – педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру ғана емес, мүмкіндігінше сол педагогтер­мен бірлесе отырып білім беру бағы­тын­дағы өзекті мәселелерді анықтау, оны жақсарту жолдарын табу. Еліміздегі білім беру саласында қордаланған мәселелер өте көп. Мысалы, білім жүйесін жаңарту үдерісі бүкіл әлемдегі білімнің даму үрдіс­теріне сәйкестендірілу мақсатын­да бағалау жүйесін реформалау қажет­тілігін анықтады. Оқушылардың оқу жетістіктері тек оның пәндік білімі, білігі мен дағдысы деп емес, оның өз бетінше білім алу, оқу, өзіндік жеке тұлға ретінде жасампаздығы деп түсіну керек. Бүгінгі таңда жаңашыл мұғалім бағалаудың жаңаша жолын құрастыруы тиіс. Оқушыларды бағалаудың жаңа пішіндері баланың тиімді оқуына бағытталып, оқушының тапсырманы орындауы, алға жылжуы, жақсы, күшті және кемшін тұстарын анық­тауға неге назар аудару керектігі туралы ақпараттар алуға және реттемелі кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Қазіргі бағалау оқушыны нені білмейтіні емес, керісінше, нені біле­тініне шоғырландыру үшін пайдаланылуы керек. Бұл мәселені ауқымды қарастыру үшін қолданылатын эволюция түсінігі педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесінде оқыту сапасын басқарудың ақпараттық негіздері ретінде қабылданып отыр. Институттың профессорлық-оқытушылар құрамы қолданылатын эволюциялық-зерттеу білім алушылар мен педагогтердің, білім беру жүйесі мен білім басқармасы ұйымдары арасындағы сенімді кері байланысты қамтамасыз етеді, сондай-ақ, өзін өзі бақылау, өзіндік аттестат­тау мен өзіндік сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Эволюция үдерісінде басты назар нәтижеден талдауға, оқыту үдері­сін түзету, оқыту жетістіктері мен проб­лемаларын рефлексиялауға аудары­лады. Осыдан оқыту үдерісіне қатысу­шылардың оқу еңбегінің нәтижесіне жауап­кершілігін қалыптастырады және білім алушылардың танымдық әрекет­терінің белсенді дамуына жағдай жасайды. Заманауи білім беру тұжы­рым­дамасы адамды тәрбиелеу мен дамытуды жүзеге асыруға бағыттал­ған. Осыған орай білім беру мазмұнын қазіргі заманауи қоғамның талаптарына сай – оқушылардың білім, білік, дағды, шығармашылық әрекет­терін, тұлғаның көзқарастары мен мінез-құлық қасиетін дамытуы деп түсінуге болады. Білім беру маз­мұнын жаңарту жағдайында инс­титут облыс педагогтерінің оқушы білімін бағалаудағы жаңашылдықты тәжірибеде табысты қолдануына ұйытқы болып, педагогтерге бағыт-бағдар беруі арқылы отандық білім беру саласының дамуына үлес қосып отыр. Республикамыздың білім беру кеңістігінде институттың инновациялық бағытта жасалып жатқан жұмыстары Президент Нұрсұлтан Назарбаев анықтап берген білім беруді дамытудың стратегиялық бағыттарымен біте қайнасып даму үстінде. Бұл білім беруді жаңғыртудың талаптарына сәйкес педагогикалық кадрларды сапалы және тиімді дайындау, халықаралық тәжірибелерді зерделей отырып, біліктілік көтеру жүйесінде әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге тез бейімделуді қамтамасыз етуде. Осы орайда, институттың техни­калық және кәсіптік білім беру бойын­ша қызметкерлері өткен жылдың 14-18 желтоқсаны күндері Австрия аста­насы Вена қаласындағы WIFI International экономиканы дамытуға қолдау институтында біліктілік­терін арттырды. Тағылымдамаға бағыттал­­ған «Австрияның кәсіптік білім беру жү­йесі» тақырыбында өткен курс Австрия­ның кәсіптік білім беру жүйесімен танысып, басым бағыттарын анықтау және бәсекелестіктің артықшылық­тарын қарастыру үшін білім беру жүйе­сін зерделеу, педагогикалық кадрлар­дың біліктілігін көтеру жүйесіндегі басымдылықтарды анықтау және сол арқылы еліміздегі педагогтерді оқытудың бағдарламаларын жетілдіру жолдарын қарастыру мақсатында ұйымдастырылды. Қазіргі заман талабына сай еліміздегі «Білім туралы» Заңның 5-бабында «Барлық оқу орындары мемлекеттік жалпы міндетті стандартқа сәйкес, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін білу мен дамытуды, орыс тілі және бір шетел тілін оқып үйренуді қамтамасыз етуге тиіс» деп көрсетілген. Осыған байланысты институт қызметіндегі басты басымдықтардың бірі ретінде «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын жүзеге асыру қолға алынып отыр. Институттың ұйымдастыруымен халықаралық және республикалық деңгейлерде бірқатар іс-шаралар өткізілді. Осы мәдени жобаны іске асыру аясында институттың профессорлық-оқытушылық құрамына ағылшын тілін үйрену мен дамыту мақсатында қызметкерлеріміз үшін ағылшын тілінен тегін курс ұйымдастырылып, өткізіліп жатыр. Ғалия СЫЗДЫҚБАЕВА, «Өрлеу» Біліктілікті арттырудың ұлттық орталығы» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры ТАРАЗ