Ақмола облысының Арнасай ауылында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында «Арнасай – жасыл қырат: Қазақстанның жасыл желек ауылы» атты экологиялық фестиваль өтті.
Фестивальда «Жасыл технологиялардың халық академиясы» Білім тарату орталығы, Вячеслав орта мектебі, «Органикалық көкөніс өнімдерін өсіру ЖҚШ» мен «Экоқонақ үйі» инновациялық жылыжайының жұмыстары көрсетілді. Сонымен бірге, фестивальда «Арнасай жасыл алқабы» жобасы таныстырылды. Олар туралы «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту» ЗТБ басқарма төрайымы Салтанат Рахымбекова мен «Ақбота» қоғамдық қорының директоры Татьяна Немцан әңгімелеп берді. Осыдан кейін жасыл технологиялардың көмегімен ағаш отырғызу рәсімі өтті.
– Бұл шара елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Оның мақсаты – қоршаған ортаға және табиғи ресурстарға қамқорлық таныту, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту мақсатында «жасыл» технологияларды қолданудың тиімділігін насихаттау, «Жасыл технология» халық академиясының» қызметін көрсетіп, Вячеслав орта мектебінің жұмысын таныстыру, – деді Татьяна Немцан.
Сонымен бірге, қор директоры «Арнасай жасыл алқабы» жобасының елімізде алғаш рет жасалып отырғанын, оның «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық ретінде жасалғанын айтты. Қазіргі кезде осы жоба бойынша көп жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мысалы, бүгінде суды, жарықты, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану маңызды мәселеге айналып отыр. «Осыған байланысты біз Арнасай ауылында су мен жарықты үнемдеу үшін жаңа технологиялар жасап шығардық. Бұл технология «жасыл» технология деп аталады. Яғни, ол экологиялық тазалықты сақтау үшін жасалған өнім», деді Т.Немцан. Оның айтуынша, осы технология бойынша Арнасай ауылында әлеуметтік нысандарда суға, жарыққа, жылуға шығындар азайған. Осындай құрал-жабдықтар орналасқан «Жасыл технология» халық академиясының мекемелерінде жарыққа кететін шығын 75 пайызға, жылу мен суға жұмсалатын қаржы тиісінше 30 және 50 пайызға аз төленіп жатыр.
– «Жасыл технология» халық академиясы» білімді тарату орталығында 20 «жасыл» технология орнатылған. Бұл жердегі орта мектепте суға, жарыққа, жылуға шығындарды азайту үшін пайдаланып жатқан құрал-жабдықтардың арқасында 1,5 млн. теңге үнемделіп отыр. Академияның мекемелерінде түтінсіз жанатын пиролиз пеші жұмыс істейді. Ол көмірдің жануын 30 пайызға үнемдейді. Қазір біз «Богатырь» разрезінен әкелінетін көмірдің жануын 56 пайызға, Майқұдық көмірін 25 пайызға үнемдеп отырмыз. Бұл пеш өте тиімді. Соны көру үшін еліміздің жер-жерінен қызығушылар келіп жатыр. Сосын жарықдиодты шамдарымыз бар. Олар жарықты 75 пайызға үнемдейді. Мысалы, бізде 4 үлкен шам бар делік, солар қаншама энергияны үнемдеп отыр?! Басқа жерлерде кәдімгі 12 үлкен шам болса, олар сағатына 1 200 Вт пайдаланады екен. Ал біз 4 жарықдиодты шаммен 120 Вт-ты пайдаланып келеміз. Сонда бір сағатта 520 Вт-қа аз төлейді екенбіз, – деді Т.Немцан.
Фестивальға Парламент депутаттары, министрліктер мен жекелеген компаниялардың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Аталған шара G-Global халықаралық хатшылығы, «Жасыл экономика коалициясы және G-Global-ды дамыту» ЗТБ және «Ақбота» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы,
Аршалы ауданы,
Арнасай ауылы