Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс сот жарыссөзі кезеңіне өтті. Мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаев сотта айыптау ұстанымын таныстырып, айыпталушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріп, жаза мөлшерін ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Прокурордың айтуынша, Ерболат Жанәбілов Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы (заңсыз кәсіпкерлік) және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру) бойынша кінәлі деп танылуы тиіс. Осы баптарды жиынтықта қарастыра отырып, оған мүлкін тәркілеумен қатар 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау сұралды.
Блогер Жанәбілов сотқа тартылды
Ал Эльмира Төлегеноваға қатысты прокурор 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрап, мүлкін тәркілеуді ұсынды. Сонымен бірге Қылмыстық кодекстің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес, жазаны өтеуді бір жылға кейінге қалдыру мүмкін деп есептейтінін жеткізді.
Алайда блогер Ерболат Жанәбілов өзіне тағылған алаяқтық айыптарын жоққа шығарды.
Ол жұбайымен бірге ешқандай алаяқтық әрекет жасамағанын және мүлкіне қатысты барлық құжаттарды сотқа ұсынғанын айтты.
«Біз алаяқтықпен айналысқан жоқпыз, ешкімді алдаған емеспіз. Прокурор да бұны атап өтті, дәлелдер бар», деді Жанәбілов.
Сондай-ақ ол әлеуметтік желілерде тараған көп пәтерге ие деген ақпаратты жоққа шығарды.
«Бізде 40 пәтер бар деп жазып жатыр. Бірақ барлық құжатты тапсырдық. Шындыққа сәйкес келмейді», деді ол.
Жанәбіловтың айтуынша, ол және жұбайы Эльмира Төлегенова «қарапайым адамдар» және блогерлікке дейін құрылыс саласында жұмыс істеген.
Ол өзіне тағылған айып бойынша кез келген адам осындай жағдайға тап болуы мүмкін екенін де атап өтті.
Қазіргі таңда іс бойынша соңғы шешімді сот қабылдайды.