• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 09:00

Әлихан ауылына баратын жол жөнделетін болды

Белгілі журналист Қамбар Ахметтің «Egemen Qazaqstan» газетінің 22 мамыр күнгі санында жарық көрген «Қажытқан 45 шақырым немесе Әлихан Бөкейхан ауылындағы жолдың жыры» атты өткір мақа­ласы халықтың мұңын мұңдап, билік пен бұқара арасына алтын көпір болды.

Көптен бері түйткілдің түйіні тарқатылмай, Шабанбай би ауылы жұртшылығының басты мәселесіне айналған 45 шақырымдық тозығы жеткен жолдың жыры енді оң бағытқа бұрылды. Басылым бетінде көтерілген бұл өзекті мәселе тиісті орындар тарапынан жедел назарға алынып, нәтижесін беріп келеді.

Аудан әкімі Абылай Аманжолов ауыл тұрғындарымен арнайы кездесіп, көптен күткен қуанышты жаңалықты жеткізді. Кездесу барысында әкім жол азабын тартқан жұртшылықтың талап-тілегі аяқсыз қалмайтынын қадап айтып, жол құрылысы осы жылдың ішінде республикалық бюджет қаражаты есебінен басталатынын мәлімдеді.

Бұл жаңалықты естіген ауылдың белсенді тұрғыны Теңдік Райымханұлы бастаған жергілікті жұртшылық қуанышқа кенеліп, ел газетіне және журналист Қамбар Жұмағалиұлына, сондай-ақ мәселеге назар аударып, оң шешім шығарған аудан әкімдігіне шынайы ризашылықтарын білдірді.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның мәңгілік мекені – Талдыбейіт қорымы орналасқан бұл тарихи өңір үшін жолдың жөнделуі стратегиялық тұрғыдан өте маңызды. Жылдар бойы сарсаңға салған жолдың жаңаруы ауыл халқының қатынасын жақсартып қана қоймай, қазақ тарихының алтын діңгегі саналатын киелі мекенге ағылатын туристер ағынын еселей түспек.

Инфрақұрылымның ретке келуі осы аймақтың туристік әлеуетін ашып, саяхатшылар үшін қолайлы орта қалыптастыруға үлкен серпін береді.

Осылайша, «Egemen Qazaqstan» газетінің сыни мақаласынан кейін сең қозғалып, Шабанбай би ауылындағы жол мәселесінің оң шешілуі төртінші билік пен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен нәтижелі жұмысының айқын үлгісіне айналғалы отыр.

 

Қарағанды облысы

Соңғы жаңалықтар