• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:44

Жастар жиі оқитын кітаптар

Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасына жыл басынан бері 93 мыңнан астам оқырман келген. Оның көпшілігі жастар.

Бұл әмбебап кітапхана болғандықтан, барлық сала бойынша кітаптар бар. Яғни көркем әдебиеттен бөлек ғылыми-танымдық еңбектер, заң мен құқық саласы, ауыл шаруашылығы, техникалық, медициналық, өлкетану әдебиет­тері және басқа да тақырыптағы еңбектер сақталған.

 «Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың үш бөлімі оқырмандармен тұрақты жұмыс істейді. Соның бірі – абонемент бөлімі. Ол жерде оқырмандар кітапты үйге алып оқиды. Жастар көбіне көркем әдебиет алады. Соңғы бірнеше айдың көрсеткіші бойынша павлодарлық жас­тар тарихи-танымдық және мотивациялық еңбектерді көп оқитыны бай­қалып отыр. Атап айтсақ, «От­басы хрестоматиясы» баспасынан шыққан «Қаныш және ғылыми майдан», «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітаптарын жиі оқып, талқылап жүр», дейді кітапхана директоры Шолпан Шахметова.

Жастар қазақ әдебиеті классиктерінің еңбектерін көп сұрайтыны да байқалған. Олардың қатарында Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбайұлы, Тынымбай Нұрмағамбетов, Оралхан Бөкей, Зейнолла Қаб­долов, Сәбит Мұқанов, Әзілхан Нұршайықов, Герольд Бельгер, Тахауи Ахтанов, Толымбек Әбді­райым, П.Буль сынды клас­сиктердің еңбектері бар.

Жергілікті жастар кітапханаға оқумен қатар, түрлі тақырып бо­йынша ғылыми зерттеулер жазу, өздерінің таңдаған ма­мандықтары бойынша диплом­дық жұмыс, курстық жұмыс және рефераттар жазуға да келеді.

Жастарды кітап оқуға ынталандыру мақсатында «Кітап және қаламгер», «Павлодарлықтар балаларға кітап оқиды», «Оқи­тын Павлодар», «Ертіс-Баян пер­зенттері», «Қаламгер», «Брайл қарпіндегі Павлодар кітабы», «Кітапхана – ауыл шамшырағы» сияқты жобалар жолға қойылған. Бұл іс-шаралар жас буынның рухани өсуі мен ұлттық құнды­лықтарға бет бұруына ықпал етеді.

Павлодар облысы

Соңғы жаңалықтар