• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әлем Бүгін, 08:27

Басқа басылымдардан: Қазақстан аймақтық серіктестер қатарына қосылды

Қазақстан Орталық Азия, Кавказ, Түркия мен Еуропа арасындағы сауда мен жүк ағынын арттыратын негізгі көлік дәлізі «Баку – Тбилиси – Карс» теміржолының ресми іске қосылуына қатысып, аймақтық серіктестердің қатарынан табылды.

Грузияда Ахалкалаки теміржол стансасында өткен ашылу рәсімінде Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Қазақстанның Еуразия транзиттік және логистикалық желілеріндегі өсіп келе жатқан рөлін атап өтті. «Баку – Тбилиси – Карс» теміржолы – Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) маңызды бөліктерінің бірі. Бағыт Әзербайжан, Грузия, Түркия теміржол желілері арасындағы көлік байланысын қамтамасыз етіп, Қазақстаннан жүктерді Каспий теңізі арқылы Түркия мен Еуропа елдеріне тасымалдауға қосымша мүмкіндік ашады.

БТК инфрақұрылымын дамыту Қазақстанның транзиттік әлеуетін одан әрі нығайтып, халықаралық тасымалдау көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ Еуразиялық аймақтағы логистикалық тізбектердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Қайта құрудан кейін «Баку – Тбилиси – Карс» теміржолының жылдық өткізу қабілеті 1 млн тоннадан 5 млн тоннаға дейін артты. Бұл сонымен қатар Қазақстанның көлік инфрақұрылымын жаңғырту, аймақтық байланысты тереңдетуге негізделген кең ауқымды күш-жігерімен үйлеседі. Жақында ел Әзербайжан, Түркия, Қырғызстанмен халықаралық автомобиль көлігі бойынша жаңа цифрлық жүйесін жариялады, бұл негізгі транзиттік дәліздер арқылы сауданы одан әрі жеңілдетеді.

 

Мигранттар орталығы туралы келіссөз жоққа шығарылды

Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің бірқатары бас­пана беру туралы өтініштері қабылданбаған мигранттарға арналған орталықтар құру бастамасын көтерді. Осы мақсатта олар ЕО-ға кірмейтін бірнеше елмен келіссөз жүргізбек. Онда Қазақстан мен Өзбекстан әлеуетті серіктестер ретінде қарастырылып отыр.

Қазір Нидерланд, Аустрия, Дания, Германия мен Грекия ЕО аумағынан тыс баспана беру орталықтарын құру бойынша жұмыс істеп жатыр. Осыған орай, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілі Ерлан Жетібаев мигранттар орталықтарын құру бойынша кез келген келіссөздердің жүргізіліп жатқанын жоққа шығарды. Ол мұндай нысандарды құру туралы Еуропалық одақпен ешқандай келіссөз жүргізілмегенін мәлімдеді. СІМ ресми өкілі қазір Қазақстан ЕО-мен визаны жеңілдету, елден заңсыз кеткен азаматтардың оралуын қамтитын қайта қабылдау туралы келісім бойынша келіссөз жүргізіп жатқанын айтты.

Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі де мұндай келіссөздердің болмағанын мәлімдеді.

 

«Гонконг – Алматы» тікелей әуе рейсі қалпына келтіріледі

Гонконг арнайы әкім­шілік аймағы 2027 жылдың бірінші тоқсанында Қазақ­стан­ның ең ірі қаласы Алматымен тікелей рейсті қайта бас­тайды, сондай-ақ медициналық өнімдер өндірісінің базасын құрады.

Гонконг арнайы әкімшілік ауданының басшысы Джон Ли бастаған делегация алғаш рет Қазақстанға келген еді. БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Ли 43 өзара түсіністік туралы меморандум экономика мен сауда, инвестиция, қаржылық қызмет, технология, білім, авиация салаларын қамтиды деп мәлімдеді. Ал келіссөздердің негізгі нәтижелерінің бірі Гонконг пен Алматы арасындағы тікелей рейстердің қайта ашылуы болды. Ли рейстердің қайта басталуы Гонконг жолаушыларының Орталық Азия, Кавказ аймағы мен Шығыс Еуропа қалаларына Алматы арқылы саяхаттауы жеңілдететінін айтты. Оның мәлімдемесінен кейін Гонконгтің «Cathay Pacific» әуе компаниясы келесі жылдың бірінші тоқсанында Алматыға аптасына үш рейс ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Премьер-министрдің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қол қойылған құжаттар Қазақстан мен Гонконг арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға маңызды негіз болғанын мәлімдеді.

Джон Ли, сондай-ақ, елдің Ұлттық мұражайы мен Назарбаев университетіне барды. Онда Назарбаев университеті Гонконгтің екі жоғары оқу орнымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

 

Алатау – Қазақстанның крипто қаласы

Қазақстан Парламенті Алатау қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасын қарады. Сессия барысында вице-премьер Қанат Бозымбаев заң шығарушыларды жоба бай шетелдіктер үшін салық жұмағына айналмайтынына сендіруге тырысты.

Қ.Бозымбаевтың айтуынша, екі-үш жыл ішінде ұшатын такси жұмыс істеп, бесжұлдызды қонақүй салынады. Алатауға ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы наурыз айында қабылданды. Жаңа құрылым бойынша Премьер-министр басқарып, Президент бекітетін «Алатау қалалық кеңесі» құрылады. Бұл орган стратегиялық шешімдерді бақылайтын болса, әлеуметтік және мемлекеттік қызметтерді бөлек муниципалдық әкімшілік басқарады.

Ал қазір шенеуніктер Алатаудың елдегі технологиялық инновациялар орталығы ретіндегі рөлін ерекше атап өтіп отыр. Астана халықаралық форумында олар дронға негізделген жеткізу жүйелері мен әуе мобильділігіне бағытталған «төмен таулы экономика» тұжырымдамасын ұсынды. Қазақстан АҚШ-та орналасқан «Joby Aviation» компаниясымен әуе таксилерін сатып алу туралы 250 млн долларды құрайтын меморандумға қол қойған еді. Көліктен басқа, Алатау цифрлық қаржы саласындағы жетекші аймақ ретінде танылды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың криптовалюта интеграциясын қоса алғанда, жаңа технологияларды сынақтан өткізу алаңы ретіндегі рөлін бірнеше рет атап өткен еді.

 

Дайындаған –

Гүлнар ЖОЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар