Азов теңізінде жүк кемелеріне жасалған ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылы салдарынан бес Әзербайжан азаматы қаза тауып, тағы үш адам жарақат алды. Бұл туралы Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz
Оқиға 5 маусымға қараған түні Азов теңізіндегі Таганрог шығанағында болған. Шабуыл Түркиядан Ростов-на-Дону портына бағыт алған «Натра» және «Зиркон» жүк кемелеріне жасалған. Кемелер тиісінше Белиз және Палау мемлекеттерінің туы астында жүзіп бара жатқан.
Украина дрондары Санкт-Петербургке шабуыл жасады
Әзербайжан СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Айхан Хаджизаде оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады.
«Ұшқышсыз ұшу аппараттары бортында жалпы саны 25 Әзербайжан азаматы болған екі шетелдік жүк кемесіне соққы жасады. Аталған кемелер Әзербайжан мемлекетіне тиесілі емес. Ресей тарапы шабуыл салдарынан бес азаматымыздың қаза тауып, тағы үшеуінің жараланғаны туралы ақпарат берді. Зардап шеккендер Ейск қалалық ауруханасына жеткізілді», деді Әзербайжан СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Айхан Хаджизаде.
Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты. Сонымен қатар ведомствоның бірнеше қызметкері оқиға орнына аттанған.
Министрліктің мәліметінше, зардап шеккен азаматтардың жағдайы, олардың елге қайтарылуы және қажетті консулдық көмек көрсету мәселелері ерекше бақылауда тұр.
Ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, жараланғандардың жағдайы тұрақты. Олар есін біледі және Краснодар өлкесіндегі Ейск орталық аудандық ауруханасының травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр.