• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Кеше

20 үздік педагог Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өтеді

Астанада алғаш рет ұйымдастырылған республикалық «EduAI: Педагогикалық хакатон» өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған ауқымды білім беру алаңы еліміздің әр өңірінен келген педагогтердің жасанды интеллект негізіндегі инновациялық жобаларын таныстырып, үздік тәжірибелерді анықтауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде 20 үздік педагог Оңтүстік Кореяға тағылымдамадан өтуге жолдама алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жобаға Қазақстанның барлық өңірінен 400-ге жуық педагог қатысты. Олар бұған дейін 400 мыңға жуық мұғалімді қамтыған «Білім берудегі жасанды интеллект: инновациялық технологиялар мен оқу үдерісінің цифрлық трансформациясы» республикалық онлайн курсын аяқтап, іріктеуден өткен мамандар қатарынан жиналған.

Хакатон барысында қатысушылар жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізу, білім беру контентін әзірлеу, бағалау жүйесін автоматтандыру, жекелендірілген оқыту моделін құру және мектеп менеджментін жетілдіру бағыттарында жобалар әзірледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша ұсынылған шешімдер нақты мектеп тәжірибесіне бейімделген практикалық модельдер ретінде бағаланған. Бұл ретте «Daryn Ustaz» орталығының жетекшісі Асқар Мақсат педагогтердің халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндігіне тоқталды. Оның айтуынша үздік 20 педагог Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өтіп, жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізудің озық үлгілерімен танысады.

«Хакатон қорытындысы бойынша үздік 20 педагог «Daryn Ustaz» орталығы қаражаты есебінен Оңтүстік Кореяға жіберіледі. Бұл ел жасанды интеллект технологияларын орта білім беру жүйесіне тиімді енгізген жетекші мемлекеттердің бірі. Педагогтеріміз I-Scream Media сияқты ірі технологиялық компаниялардың тәжірибесін зерделеп, жасанды интеллект шешімдерінің мектеп жүйесіне нақты қалай енгізіліп жатқанын көре алады», деді ол.

Қатысушылардың айтуынша хакатонның ең құнды тұсы әр өңірден келген мұғалімдердің қысқа уақытта бір командаға бірігіп ортақ жоба әзірлеуі.

«Ең алдымен ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Біз келген сәттен бастап жан-жақты қолдау көрсетілді. Біздің топта әр өңірден келген бес педагог болды. Бұрын бір-бірімізді танымайтынбыз, соған қарамастан аз уақыт ішінде тез тіл табысып, бірлесіп жұмыс істедік», дейді қатысушылардың бірі.

Оның айтуынша олардың жобасы жасанды интеллект негізіндегі адаптивті білім беру платформасын құруға бағытталған. Бұл жүйе оқушының білім деңгейін анықтап, соған сәйкес жеке тапсырмалар ұсынуға мүмкіндік береді.

Жеңімпаздардың пікірінше, марапат жарияланған сәттегі қуанышты эмоцияны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Олар бұл сәтті үлкен толқыныспен қабылдағанын айтады. Құралай Сағындықова байқау барысында әр өңірден келген педагогтер аз уақыт ішінде бір командаға бірігіп ортақ жоба әзірлегенін атап өтті. Ал Асыл Болатханұлының пікірінше, байқау кәсіби даму тұрғысынан алғанда маңызды тәжірибе берген. Ол қатысушылар деңгейінің жоғары болғанын атап өтті. Жеңімпаздардың пікірінше, бұл хакатон тек жарыс емес, тәжірибе алаңы болды және мұндай жобалар жалғасын табуға тиіс.

Сарапшы Төлеген Кәкімұлы мұндай форматтағы байқаулар педагогтердің кәсіби дамуына серпін беретінін атап өтті.

«Қысқа уақыт ішінде әр өңірден келген педагогтер бір командаға бірігіп, ортақ жоба әзірледі. Ең маңыздысы − идеяны тәжірибеде жүзеге асыру», деді ол.

«EduAI: Педагогикалық хакатон» еліміздегі білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде бағаланды. Ұйымдастырушылар мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасып, педагогтердің цифрлық құзыреттерін арттыруға және жаңа білім беру тәсілдерін дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

Жанасыл Зайтимхан,

ЕҰУ студенті

Соңғы жаңалықтар