• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:45

Тараз қаласында көкөніс қоймасы іске қосылды

Азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету бағы­тын­­дағы іс-шаралар ешқа­шан толастаған емес. Әсіресе ел билігі көкөніс қоймаларының тап­шы­лы­ғын жою міндетін жүк­тегелі бері өңірлерде жұ­мыс қыза түсті. Бұл бағытта Жамбыл өңірінде де ауқымды шаруалар ат­қа­рылып жатыр. Облыс орта­лығы Тараз қаласында са­лынған үлкен қойма – соның дәлелі.

Тараз қаласына қарасты Қоңыр­төбе тұрғын алабында «TRZ AGRO» ЖШС-ның бастамасымен салынған жаңа көкөніс сақтау қоймасы пайдалануға берілді. Қойманың ашылу салтанатына қатысқан өңір басшысы Ербол Қарашөкеев агросекторды өркендету бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, кәсіпорын ұжымының қолға алған жобаларына сәттілік тіледі.

Ресми дерекке жүгінсек, ірге­лі жобаның құны 1,8 млрд тең­гені құрап отыр. Көкөніс сақтау қоймасына 12 мың тонна өнім сақтауға мүмкіндік бар. Солтүстік Қазақстан облысында қолға алынған тиімді тәжірибені енгізу мақсатында мемлекет тарапынан 995 млн теңге көлемінде қолдау көрсетіліпті. Жауапты мамандардың айтуынша, осы бағыттағы жұмысты әрмен қарай сәтімен жалғастыруға мүмкіндік мол көрінеді.

«Бұл көкөніс қоймасы уақыт сұранысына сай заманауи технологиялармен жабдықталғанын айта кеткен ләзім. Мұндағы қондыр­ғы­лар Нидерланд, Италия, Ресей Федерациясы секілді елдерден жет­кізілген болатын. Біз үшін көкөніс өнімдерінің сапасын ұзақ уақыт лайықты сақтаудың маңызы зор. Сол үшін нидерландылық тех­нологияның тәжірибесіне арқа сүйеп, еден асты желдету жүйесін қолданып отырмыз. Бұл жүйе қоймада сақталатын көкө­ніс сапасының бұзылмауын қам­та­масыз етеді. Қысқасы, озық тә­жірибелерді енгізу арқылы көш басында жүруді көздедік», дейді серіктестік директорының орынбасары Ернар Сауранбаев.

Мұндағы жұмыс барысымен таныс­қан өңір басшысы Ербол Қарашөкеев етті тереңдетіп өңдей­тін заманауи кешен мен жыл бойы үзіліссіз жұмыс істейтін жылыжай кешені жобасының әлеуетін зерделеп, өз ойымен бөлісті.

«TRZ AGRO» ЖШС дирек­то­рының орынбасары Ернар Сауранбаевтың айтуынша, етті терең өңдеу кешенінде шикізат толық кәдеге жаратылып, өнді­ріс қалдықсыз технология қағида­ты­мен жүзеге асырылады. Қазіргі таңда нысан құрылысының шамамен 70 пайызы аяқталған. Кешен құра­мында мал сою және бөл­шек­теу алаңы, шұжық өндіру, кон­сер­вілеу цехтары, сондай-ақ қайта өңделген өнім негізінде үй жан­уарлары мен балықтарға арналған жем шығаратын цех жұмыс істейді.

Мұндағы жылыжай кешенінің бірінші кезеңінің құрылысын биыл бастау жоспарланып отыр. Жобада температура мен ылғалдылықты автоматты түрде реттейтін жүйелерді, энергия үнемдейтін технология­лар мен өнімді қарқынды өсіру тәсілдерін енгізу көзделген. Бұл жоғары өнімділікке қол жеткізіп, жыл бойы сапалы өнім өндіруге мүмкіндік береді.

Мамандар келтірген дерекке сенсек, үш жобаны жүзеге асыру арқылы 300 жаңа жұмыс орнын ашу мүмкіндігі туады. Оның ішінде көкөніс сақтау қоймасында 30-дан астам адамды маусымдық жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар екен.

«Мұндай ілкімді жобалардың өңір өмірінде алатын айрықша орны бар екенін атап өткен жөн. Бірін­шіден, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға айтарлықтай сеп­тігін тигізеді. Екіншіден, көкө­ніс сақ­тау және өткізу жүйесін же­тіл­ді­руге, сондай-ақ ауыл шаруа­шы­­лығы өнімдерінің сапасы мен сақ­тау мерзімін арттыруға ықпал етеді.

Жалпы, өңірде қолға алынған әрбір ауқымды жоба облыс әле­уетін үстемелей түсетіні даусыз. Сондықтан ет өңдеу кешені мен жылыжай құрылысының жүйелі түрде жүзеге асу үшін жергілікті атқарушы билік өкілдері жан-жақты қолдау көрсетуі керек. Сонда ғана қолға алған шаруа уақтылы аяқталады», дейді өңір басшысы.

Ресми дерекке жүгінсек, Жам­был облысы көкөніс және бақ­ша дақылдарын өсіру бойынша елі­міздегі жетекші өңірлердің бірі саналады. Облыс республика мен ішкі нарықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Негізгі дақылдардың бірі – пияз. Бүгінгі күні өңір ішкі нарықтың пиязға деген сұранысын 100 пайыз қанағаттандырып отырғанын айта кеткен ләзім.

Аймақта жалпы сыйымдылығы 374 мың тоннаға жуық 123 көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істейді. 2028 жылға қарай бұл көрсеткішті 560 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. 

Жамбыл облысы,

Тараз қаласы

Соңғы жаңалықтар