• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2016

Еуропа төрінде – футбол бәйгесі

278 рет
көрсетілді

Кеше түнде Францияда Еуропа чемпионаты басталды Маусымның 11-іне қараған түні Францияның Сен-Дени қаласындағы «Стад де Франс» стадионында Франция және Румыния құрамалары арасындағы ойынмен «Еуро-2016» турнирі өзінің күн тәртібіндегі мәселесіне кірісіп кеткенін айдай әлемге жария етті. Матч Астана уақытымен сағат 00:50-де басталды. Дәлірегі, осы мезгілде чемпионаттың ашылуына арналған салтанат сап түзеді де, арада он минут өткеннен кейін кездесуге кезек келді. Тарихта тұңғыш рет құрлықтың 24 үздік командасының басын қосып отырған доп додасы тура бір ай мерзімге созылып, шілденің 10-ы күні мәреге жетеді. «Еуроның» бұрынғы регламенттен айтарлықтай мөлшерде ұлғая түсуі Исландия, Солтүстік Ирландия, Словакия, Уэльс және Албания секілді бес елдің құра­маларына чемпионатқа қатысу мүмкіндігін алып берді. Еуропа чемпионаты финал­дық кезеңіне қатысушылар қатарының артуы оның өту тәртібіне де біршама өзгерістер енгізді. Енді топтан бұрынғыдай тек алғашқы екі орынды же­ңіп алған құрамалар ғана емес, сонымен қатар, үшінші орын­дағы араларындағы үздік көр­сеткіштерге жеткендері де осы саптан табылады. Соның арқасында 1/8 финалға алты топтың төртеуінде үшінші болған терме жамағаттар ілесіп кете баратын болады. Сол сияқты құрлық біріншілігінде 1/8 фи­налдық кездесулер деген де бірінші рет қолданылғалы отыр. Бұдан бұрын Еуропа чемпионатында плей-офф ойындары ширек финалдан басталатын еді. Белгілі футбол сарапшылары қазір бәсті кімге тігетіндерін білмей отыр. Дегенмен, Германия құрамасының қазір өте жоғары дайындық сапында екеніне назар аударып отырғандар да аз емес. Шын мәнінде немістер командасының барлық шебінде де әлемдік деңгейдегі жұлдыздар шоғыры ойнайды. Оның көші алдында Мануэль Нойер, Матс Хуммельс, Томас Мюллер, Тони Крос секілді тарландармен қоса, құрлықтың үздік клубтарында жетекші рөлдер алып отырған жас толқынның көптеген өкілдері жүр. Немістерді додада жеңіске жетуге жетелеп отырған желіктің бірі, сөз жоқ, Испанияның 2010 жылы әлем чемпионатын ұтып алғаннан кейін 2012 жылы континент сайысында топ жарғаны болмақ. Бразилияда өткен соңғы, 2014 жылғы мундиалда алтын жүлдегер болған алмандардың енді испандар сияқты үлкен жүлдеден кейін кішігірім белесті де бағындырып алғысы келетіні түсінікті жайт. Бұған олардың мүмкіндіктері де жеткілікті. Топта Украина, Польша және Солтүстік Ирландия құра­мала­рымен күш сынасатын оның келесі кезеңдерге ешбір қиын­дықсыз бара алатынына күмән келтіру қиын. Жұрт қатарында Криштиану Роналду секілді дара жұлдызы бар Португалия құрамасының да талай жердің шаңын қаға алатынына шүбә келтіре алмаса керек. Дәл осындай бағаны мамандар Златан Ибра­гимовичтың жасағы – Швеция құрамасына да беріп отыр. Ал Англия командасы осы жолы өзінің тарихында алғаш рет турнирге ең жас командасын әкеліпті. Орта жасы 25 болатын ағылшындар ұжымы әлемдік деңгейдегі үш-төрт жұлдызы қатарына жас буынның өткір өкілдерін қосқан. Әлбетте, басты үміткерлер тізімінен алаң иесі – Франция құрамасын ешкім шығарып тас­тай алмайды. Бұған дейін екі рет құрлық біріншілігінде топ жарған француздар соның екеуін де өз алаңында ұтқан. Сосын бұған дейінгі екі Еурода алдына жан салмаған Испания құрамасы соның санын үшеумен толтыруды армандағалы қашан! Міне, осы себептердің бәрі француз жеріндегі футбол аламанының тартысты да қызықты өтуіне себеп болуға тиіс. Бүгін чемпионатта үш ойын ойналады. Олар Албания – Швейцария, Уэльс – Словакия және Англия – Ресей құрамалары арасында өтеді. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар