• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2016

«Қыздардан» неге қашамыз?

407 рет
көрсетілді

Қазіргі қазақ қоғамы қыз атаулыға қырын қарайтындай ма, қалай? Бабалардан жеткен құрмет-сыйдың көкесі қыздарға арналмаушы ма еді! «Қыз – жатжұрттық» деп төрге оздыратын қашанда. Ақын біткеннің әдебиет әлеміне басқан қадамы да, тырнақалды туындысы да бойжеткендер ауылынан бастау алатын. Осы тұста ойыма ақын Тоқаш Бердияровтың қанатқақты өле­ңі түсіп отырғаны. Ақыннан жур­налистердің бірі: «Тұңғыш жазған өлеңіңіз есіңізде ме?» деп сұрайды. «Есімде, төртінші сыныпта оқып жүр­генде жоғары сыныптың боз­ба­лаларының өтініші бойынша былай деп жазғанмын. Қыз десе, қызамыз, Қаламды сызамыз. Сіз – болсаң Қыз Жібек, Төлеген – біз нағыз». Тоқаш ақынды поэзия әлеміне бастаған алғашқы туындысы. Кір­шіксіз таза сезім. Қыз Жібектің сіңлілеріне арналған. Қыз Жібек демекші, қазіргі спорт журналистері Қыз Жібек қандайда бір сайыстың түрінен құрама сапында өнер көрсететін болса, әлдеқашан «әйел» Жібекке» айналдырып жіберуі мүмкін-ау бүгінгі сөз саптасымен... Олай дейтініміздің өзіндік жөні бар. Күні кеше ғана Астана төрінде бокстан қыздар арасында өткен әлем чемпионатында төрт қызымыз алтын медальға, екі қызымыз қола медальға қол жеткізіп, Айды аспанға бір-ақ шығарды. Бұрын-соңды болмаған жетістік қой, біраз әңгімеге тұздық болды. Мақтануға келгенде алдына жан салмайтын қазекең үшін мұндай мүмкіндікті құр жіберуге бола ма? Әлем чемпионатында алдына ел салмаған Қазақстан құрамасы туралы теңеудің неше атасы айтылды. Жеңісті де, жетістікті де қазақ журналистері жапа-тармағай жеріне жеткізе жазды, елден сүйінші сұрады. Қазақстанның әйелдер құрамасы әлем чемпионатында толағай табысқа жетті деп. Сүйінші сұрағаны, мақтанғаны дұрыс-ақ, ал «әйелдері» несі?! Барлығы бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, «Қазақстанның әйелдер құрамасы» деп төрткіл дүниеге жар салғанын қайтерсің. Екі дүркін әлем чемпионы атанған Назым Қызайбай, Дина Жоламан, Валентина Хальзова, Ләззат Күнгейбаева сынды нағыз алтын қыздарымызға спорт журналистері тікелей барып, «әйел» деп айтып көрсінші, бірден нокаут алары сөзсіз. Есін жиғаннан кейін әлгі журналистердің әйелдерді де «қыздар» деп атайтынына кепілдік береміз. Ендеше, соққы алмай тұр­ғанда қызға қатысты «әйел» деген дүр етпе түсінікті тоқтатқан дұрыс. Кеңестік идеологиядан оңбай таяқ жесек те, әлі де сол жаққа қа­рап еміренеміз де тұрамыз. «Жен­щинаны» жетектеп әкеліп тіке­лей тәржімалап, алтын асықтай қыздарымызды «әйелдерге» теліп жүр­геніміз соның салдары. Әйт­песе, «Қазақстанның қыздар құрамасы» деген атау әдемі естіледі емес пе! Айтпақшы, Алматыдағы қыздар педагогикалық университетін спорт журналистерінің қалыбына салатын болсақ, масқара болмаймыз ба?!. Басқасын айтпағанда, спорт­тық және көркем гимнастикадан құрама сапында көп жағдайда мектеп жасындағылар өнер көрсе­теді емес пе?! Ал оған да «әйелдер құ­рамасы» деп айдар таға­мыз. Қыс­қасы, бүгінде қазақ жур­на­листерінің арқасында «әйел­дердің» дәурені жүріп тұр?!. «Қыздардан» неге қашамыз? Өз басым осыны түсінбеймін... Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»