Агроөнеркәсіп кешенін техникалық және технологиялық жағынан жарақтандыру, қаржылық, өндірістік қуаттылығын арттыру, өңдеуші саланы дамыту, егіншілік пен мал шаруашылығын өркендету бағытында атқарылатын шаралар аз емес. Осы мәселелер бойынша Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек САПАРОВҚА жолығып, сұхбаттасқан едік.
– Айдарбек Сейпілұлы, алдымен көктемгі дала жұмыстарының қалай аяқталғаны жайлы қысқаша айта кетсеңіз?
– Өңір диқандары былтыр гектар берекелігін 17,4 центнерден айналдырып, 5,5 миллион тонна астық жинаған болатын. Биылғы меже биік. Көктем егіс науқанына қолайлы жағдайлар туғызды. Қардың молдығынан ылғал топыраққа жеткілікті сіңірілді. Жауапты науқанға 15 мыңға жуық әртүрлі техникалар мен осы заманғы кешендер атсалысып, 3,2 миллион гектар дәнді, 469 мың гектар майлы, 653 мың гектар жемшөптік дақылдар алқаптарына дән себу жұмыстары мерзімінде атқарылды. Сөз арасында мемлекет тарапынан жүйелі қаржылық қолдауға ие болғанымызды айта кеткен жөн. Жыл басынан бері 3,3 миллиард теңгеге 292 техника сатып алынды. 65,5 мың теңгенің жанар-жағармайы жеңілдікті бағамен жеткізілді. Ауыл шаруашылығын субсидиялауға 23,5 миллиард теңге бөлінді. Қазір маңдай термен егілген ризықты күтіп-баптау жұмыстарының қызған шағы.
– Президент бес институттық реформалар бағдарламасын орындаудың нақты тетіктерін «100 нақты қадам» іс-қимыл жоспарында айқындап, АӨК-ке жаңғырту міндеттерін қойғаны белгілі. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Агроөнеркәсіптік кешен – өлкедегі басым бағыттардың бірі. Еліміздегі астықтың үштен біріне жуығы облыста өсіріледі. Жыл сайын орта есеппен 300 миллиард теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндіріледі. Биыл жалпы өнім көлемі 1,6 пайыз өсімге ие болды. Бұл саладағы өсім жөнінен республикада үшінші орындамыз. Осында 124 мыңға жуық адамның, болмаса экономикалық белсенді тұрғындардың 37 пайызы еңбек ететінін ескерсек, айрықша қолдауды қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Сол себепті, Елбасы тапсырмалары мен үкіметтік бағдарламаларда белгіленген талаптарға баса назар аударылып, проблемаларды шешудің, қиындықтарды еңсерудің ішкі-сыртқы мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылған. Жолдауларда түйткілді мәселелерге жете көңіл бөлінуі тектен-тек емес. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарындағы үшінші бағыт, яғни индустрияландыру және экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылданып, дәйекті түрде жүзеге асырылып келеді.
Қазір облыста 120 сүт шаруашылығы, 71 ауылдық тұтыну кооперативі жұмыс істеп, республикадағы сүт өнімдерінің 10 пайызын яки 500 мың тоннасын өндіреді. Биыл Ақжар, Айыртау, Мамлют, М.Жұмабаев аудандарында 2 мың бас сиырға арналған 4 заманауи сүт кешенін салу жоспарланған. Сонда жыл сайын 3 мың тоннаға дейін сүт өнімдерін экспорттайтын боламыз.
Былтыр отандық және шетелдік инвестиция тарту мөлшері 155 миллиард теңгені құраса, үштен бірі АӨК-ке салынды. Бұл көрсеткіш бойынша бірінші орындамыз. Өңірде алғаш рет «Қызылжар инвест» халықаралық форумы өткізіліп, 50 миллиард теңгенің келісімшарттары жасалды. Инвестициялық декларацияға қол қою тәжірибесі енгізілді. Аймақ басшысы Ерік Сұлтановтың тікелей бастамасымен 33 дипломатиялық миссия басшыларымен кездесу ұйымдастырылып, шетелдік дипломаттарға өңірдің инвестициялық әлеуеті кеңінен таныстырылды. Олар бизнес-форум өткізуге, ірі жобалар орналастыруға ерекше мүдделілік танытты. Мәселен, Қызылжар ауданында италиялық «ilTrebbiolo» компаниясы майлы дақылдар өсіруді көздесе, Санкт-Петербург машина жасау зауытының бірлескен жобасы аясында «Батыр» маркалы «К-704» тракторын шығару үшін 1,2 миллиард теңге қаражат бағдарланған. Кәсіпорынның жобалық қуатына орай жылына 120 техника құрастырылады. Қытайлық әріптестер Тайынша ауданының Ильичевка ауылында бірегей агроөнеркәсіп кешенінің құрылысын салуға кірісті. «Айцзю» компаниясы 100 миллион доллар инвестиция құйып, жылына 300 мың тонна рапс, бидай өңдейтін алып ғимарат тұрғызбақ. Мұнда тәулігіне бір мың тоннаға дейін өсімдік майы дайындалып, Аспанасты еліне жөнелтіледі. Бұдан тысқары кешен құрамын ет пен ұн өңдеу, бал және сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорындар толықтырмақ. Бір мыңдай жергілікті тұрғын жұмыспен қамтамасыз етіліп, арнайы мамандар даярлық курстарынан өтеді. Бұл жоба Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасындағы 52 маңызды жобаның қатарына енгізілген. Келешекте ауыл шаруашылығы өнімдерін қалдықсыз шығаратын тағы 8 жоба іске асырылады.
Биыл ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялауға 17,5 миллиард теңге қарастырылды. Оның ішінде өсімдік шаруашылығына – 8,5 миллиард, мал шаруашылығына – 7,8 миллиард, қайта өңдеуге 1,2 миллиард теңге бағытталды.
– Егіншілікте оң тәжірибелер қалыптасқанын ешкім жоққа шығара алмасы анық. Алайда, ресейлік және отандық ғалымдардың, ірі шаруашылық жетекшілерінің қатысуымен өткен алқалы жиын ауыл шаруашылығы дақылдарының сұрыптарын алмастыру және жаңарту жайына арналып, бірқатар проблемалардың қордаланғанын байқатқан жоқ па?
– Дұрыс айтасыз. Тұқым шаруашылығын ғылыми жолға қоюдың және сұрыптарды дұрыс таңдап, аудандастыра білудің маңызы зор. Ғалымдардың, агрономдардың айтуларынша бұл жағдайда өнімділік 30 пайызға дейін артатын көрінеді. Бұл тұжырыммен келіспеуге болмайды. Өсімдік шаруашылығында белгіленген жиынтық шаралардың ішінде сұрып алмастыру мен жаңартуға ерекше ден қойылып отыр. Өйткені, облыста 4 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істегенімен, олардың бәрі бірдей ауылшаруашылық өнімдері өндірісінің одан әрі дамуына белсенділік танытып отырған жоқ. Бұл арада пайдаланылмай жатқан әлеует жетерлік, оның бір ұшығы тұқым шаруашылығына келіп тіреледі. Соңғы орақ науқанының қорытындылары теріскейде ауылшаруашылық дақылдарын өсіру ауа райы жағдайына тәуелді әрі тәуекелге толы екенін айғақтап берді. Сондықтан, дәнді және майлы дақылдардың кеш пісуіне тауар өндірушілердің агротехникалық себу мерзімін сақтамауы, білікті кадрлардың тапшылығы, техникалық нашар қамтылуы әсер етсе, екіншіден, сұрып жаңарту мәселесін түбегейлі шешпей болмайды. Биыл толық сараптамадан өткен 465 мың тонна дәнді және дәнді бұршақты дақылдар тұқымы стандартқа сәйкес келгенімен, орташа кеш пісетін сұрыптардың үлесі әлі көп. Мәліметтерге сүйенсек, орташа ерте пісетін тұқымдар тобы – 36, орташа пісетіні – 33, орташа кеш пісетіні 31 пайызды құраған. Мамандардың пайымдауларынша, соңғысы 16 пайызға артық. Көп жылғы тәжірибе орташа ерте пісетін тұқым топтары – 10-15, орташа пісетіні – 65-75, кеш пісетіні 10-15 пайыз болу керектігін байқатты. Сондықтан, орташа кеш пісетін тұқым түрлерін барынша азайту жұмыстарын жүйелі жалғастыратын боламыз.
Астықтың сапасы мен шығымдылығын жақсартуда сұрып жаңарту маңызды рөл атқарады. Былтыр сұрып жаңартудың пайыздық көрсеткіші 23 пайыз болды. Енді жоғары репродукциялы тұқым сатып алуды жүйелі түрде шешу жолдарын қарастырудамыз. Ол үшін Ресейдің ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен жан-жақты байланыс жүргізіліп, мәселен, «Агро-Альянс» ғылыми-өндірістік кешені орташа ерте пісетін тұқым топтарын сатып алуды ұсынды. Бидайдың «Омбы-35», «Памяти Азиева», «Омбы-28, 36, 38» сұрыптары облыс аумағында аудандастырылды. Бір өкініштісі, вегетациялық кезеңі 72 күннен басталатын және жоғары әлеуетке ие кей тұқымдар әлі республиканың мемлекеттік тізіміне енгізілмеген. Бұл сұрыптар алдымен облыстың мемлекеттік сұрып сынау учаскелерінде сынақтан өткізілуі шарт. 2014 жылға дейін демеу қаржы түпкі және элиталық тұқымдарға ғана төленсе, 2015 жылдан бастап шетелдерден сатып алынған екінші, үшінші репродукциялы тұқымдар мен будандарға да беріле бастады. Бұл демеуқаржы салыстырмалы түрде 3,6 есеге өсті.
Кеңеске қатысушылардың тұқым шаруашылығын жаңғырту, агротехниканы, астық өңдеу технологиясын жетілдіру, бидайдың жаңа тұқымдарын аудандастыру жөніндегі озық идеялары ескеріліп, тәжірибеде кеңінен қолданылатын болады.
– Астықты өлке топырағының құнарлылығымен, жерінің өнімділігімен ерекшеленеді. Диқандар егістік алқаптарды қалай пайдаланып жүр?
– Жер басты байлығымыз, негізгі асыраушымыз болғандықтан, тоздырмау, құнарлылығын жоғалтпау – басты міндет. Осы себепті жерді тиімді пайдалану мәселесі жүйелі бақыланып отырады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 6689 мың гектар болса, 4866 мың гектары – егістік алқаптар. Топырақтың орташа бонитеті 54,8 балды құрайды. Осы бір табиғи артықшылығымызды аграршылар жете сезініп, күтіп-баптау жұмыстарына озық технологияларды тиімді енгізіп келеді. Ең басты шарт – агротехникалық шарт-талаптарды қатаң сақтау. Егістік алқаптарының 20,9 пайызына шаруа қожалықтары, 78,3 пайызына серіктестіктер ие. Облыс аумағындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге түгендеу жүргізіліп, 7055 мың гектарды қамтыды. 278 мың гектар алқаптың өз мақсатында пайдаланылмайтыны анықталды. 216 мың гектар жер ауылшаруашылық айналымына алынды. 50,7 мың гектар мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұдан басқа әкімшілік әрекет ету, жер салығы ставкасын он есеге дейін көбейту шаралары қолданылады. Нақтылап айтатын болсақ, заңнама нормаларын бұзғаны үшін «Богби», «Баско», «Транс Авто» секілді алпауыт фирмалардың ондаған мың гектар жер телімдері мемлекет меншігіне алынды. Қазіргі уақытта 700 мың гектардан астам бос жатқан жерлер бар. Биыл осындай санаттағы 60 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабына 15 конкурс өткізілді. Жайылымдық жерлер берілген кезде малдың нақты саны ескеріледі.
– Мал шаруашылығын ілгерілетудің қандай жолдарын атар едіңіз?
– Мал шаруашылығы – отандық экономикаға тың серпін беретін сала болғандықтан, «Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасы кешенді жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама қолға алынғаннан бері 12,8 мың бас малға арналған бордақылау алаңдары мен 11 мың басқа шақталған асыл тұқымды репродуктор құрылды. Былтыр 85 миллиард теңгенің мал шаруашылығы өнімдері өндірілді. Сүт өндірісі 6,5, жұмыртқа 7,3 пайызға ұлғайды. Соңғы жылдары ауылшаруашылық құрылымындағы төрт түлік санының өсімі байқалады. 5 жыл ішінде ірі қара малы – 2,6, қой – 3, жылқы 2,4 есеге молайды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 19,5 мың бас ірі қара, «Құлан» бағдарламасы бойынша 2,5 мың бас жылқы, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 10,6 мың қой мен ешкі әкелінді.
Сөз арасында ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыруға мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлініп отырғанын айта кеткен жөн. Биыл сырттан 11 мыңнан астам мал әкелініп, 45 асыл тұқымды репродуктор құрылды. «Вишневское», «Тайынша-Астық» шаруашылықтары бордақылау алаңының құрылыстарын жүргізуде. «Kazbeef LTD» компаниясы 7 мың бас малға арналған бордақылау кешенін салуды белгілеп отыр.
Жыл сайын алыс-жақын шетелдерге шамамен 1,5 миллион тонна бидай, 150 мың тонна ұн, 200 мың тонна майлы дақылдар тұқымы шығарылады.
Алда ауқымды міндеттер тұр. Атап айтқанда, 2016-2020 жылдарға арналған ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу картасы шеңберінде 138,5 миллиард теңгенің 60 жобасы жүзеге асырылып, 3341 жаңа жұмыс орындары пайда болады. Оның ішінде 19 сүт, 16 ет, 7 астық өңдейтін, 10 ас тұзын, балық, қант шығаратын жобалар бар. Осы бағдарламаларды пайдалануға беру нәтижесінде тамақ және өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының өндірістік қуаттарының орташа жылдық жүктемесі 80-85 пайызға дейін артады.
Өңірде қайта өңдеу өнеркәсібі маңызды рөлге ие. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен 154 кәсіпорын айналысады. Ұн тарту, сұйықмай, жарма өнімдері өндірісі жақсы қарқын алды. Жыл басынан бері 5 жоба пайдалануға беріліп, 45 адам жұмысқа орналасты. Ұлт Жоспарының 60, 61-қадамдарында сүт және сүт өнімдері өндірісіне стратегиялық инвесторлар тарту атап көрсетілген. Алдағы мақсат ТМД елдері нарығына жөнелтілетін өнімдердің жартысына дейінгі экспортын қамтамасыз ету болып табылады. Осыған орай жаңазеландиялық «Fronterra» және даниялық «Arla» компанияларының тәжірибесі негізінде шикізат базасын жетілдіретін боламыз. Облыста бір сиырдан жылына орта есеппен 3800 литр сүт сауылса, «Зенченко және К», «Тайынша-Астық» сияқты агроқұрылымдардың көрсеткіші 7-8 мың литр төңірегінде. Демек, өнім санын да, сапасын да көтеруде ішкі мүмкіндіктер жеткілікті деген сөз. Шаруашылықтардың бірігуі негізінде 90 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды.
Біз қол жеткенге тоқмейілсімеуіміз керек. Ауыл шаруашылығының көкейкесті мәселелері жетерлік. Оларды еңсерудің жолдары көп. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын қолдау және өндірістік қуаттылықтың жүктелуін арттыру үшін «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында кешенді шаралар атқарылады. Жаңа механизмді іске асыру саланың ішкі нарықта бәсекеге қабілеттілігін және экспорттық әлеуетін нығайтуға мүмкіндіктер береді. Сондай-ақ, қуаттылығы төмен болмаса тоқтап тұрған ет, сүт, ұн кәсіпорындарын жандандыру жіті қолға алынған.
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
ПЕТРОПАВЛ