• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2016

Ортақ мәселеге орайлас ой

325 рет
көрсетілді

Елордада қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың XXIV жалпы отырысы өтті. Еліміз ЕАТ келісіміне қол қой­ғалы, яғни 2011 жылдан бері аталған топтың пленар­лық оты­­рысы біздің республика аума­­ғында бірінші рет өткізілді. Шараға Еуразиялық топ­қа мүше мем­лекеттер мен бақы­лаушы мәр­тебесіне ие 15 ел мен 18 халық­­ара­лық ұйымдар өкілдері қатыс­ты. Еуразия кеңістігінде терро­ризм­ді қаржыландыру және ақ­ша­ны жылыстатудың типо­ло­гия­­лық схемалары, сонымен қа­тар, қыл­мыстық кірістерді жы­лыс­тату­мен байланысты қар­жы­лық ағын­дарды сараптау және ИГИЛ (Қазақстанда тыйым салынған) тер­рористік ұйымын қар­­жы­­лан­­дырумен күресудегі ФАТФ ғалам­дық жүйесінің өкіл­дері қолданатын жалпы шара­лар жиынтығы талқы болған оты­рыс­ты Премьер-Министр­дің бірін­ші орынбасары Бақыт­жан Сағынтаев ашты. Ол өз сөзін­де лаң­кес­тік­тің жаңа сын-тегеу­ріндерінің пайда болуы жаһан­дық қоғамға өзара іс-қимылдың жаңа тиімді жолдарын іздеуді талап ететінін жеткізді. Сондай-ақ, кіріс­терді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі ЕАТ мүшелері мен бақы­лау­шыларының әр жаңа кез­десуі ұйымның тарихы­на жаңа парақ қосатынын қадап айтты. Бұл бізді ФАТФ жаһандық желісінің маңызды және ажырамас бөлігі етеді, ЕАТ-тың басты мін­деті – сенім­ділік пен қаржы ұйым­дары­ның қауіпсіздігіне жауап беру, мем­лекеттер арасында инте­гра­­­ция­­­л­ық ынтымақтастық ор­нату, қылмыстық кірістерді заң­дасты­ру­ға және терроризмді қар­жы­лан­ды­руға қарсы іс-қимылды бір­ге жүр­гізу болып табылады, деді Үкімет басшы­сының бірінші орынбасары. Сонымен қатар, атқарылып жат­қан жұмыстардың транс­шекаралық қылмыстардың алдын алуға мүмкін­дік беретініне тоқталып, әлем­дегі соңғы оқиғалар өзгеше шара­лар қарастыруға мәжбүр­лей­тінін назарға алды. Оның айтуынша, Қазақстан тұрақтылықты сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамзат пен әлемге төнген қауіп-қатерге қарсы әрекет ету бары­сында барлық қажетті шараларды қолдануда. Осы ретте бірінші вице-премьер ұлттық заңнамалардың жаңар­тылған халықаралық стан­дарт­тарға сәйкестігін бағалаудың екінші раунды ЕАТ-ға мүше ел­дерінің алдына жаңа міндеттер қоя­тынын баса айтты. Және де ЕАТ-тың XXIV жалпы отырысы ақшаның жылыстауымен және терро­ризмді әлемдік деңгейде қаржы­ландырумен күресте бірың­ғай тәсіл әзірлеу үдерісінде салмақ­ты үлес қосатынына сенім білдірді. Қазіргі таңда ЕАТ-қа мүше мем­­­ле­кеттер үшін Ирак пен Ливан­­­ның Ислам мемлекеті (Қазақстанда тыйым салынған) деп атала­тын террористік ұйымының іс-әре­кетімен күреске бағытталған бірік­кен шараларды күшейту мә­се­лесі негізгі басымдық­қа ие бо­лып отыр. Есірткі саудасын, қыл­­­мыс пен терроризмді қаржы­лан­­дыру және құқықтық мәселе­лердің қорытындылары жасалған отырыс аясында ЕАТ төрағасы, Ресей Федерациясының қаржылық мониторингі бойынша Федералдық қызметінің директоры Юрий Чихан­чин сөз алды. Осыдан бір­неше күн бұ­рын орын алған қай­ғы­­лы оқи­ғаға байланысты Қазақ­стан тұр­­ғын­дарына көңіл айта келе, Ю.Чиханчин бүгінгі күн­нің күн тәртібінде тұрған өзекті мәсе­лел­ер­дің бірі де осы террор­лық іс-қимылға қарсы күрес пен лаң­кес­тік әрекеттерді қаржы­лан­дыру­ға қарсы бағытта екендігін айтт­ы. Бұл ретте ол Қазақстанның халықара­лық алаңға өте белсенді қатысып, лаңкестікпен күресуде басым бағыттарды қолға алып отырғанын жеткізді. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан»