• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Маусым, 2016

Отандық тауарға орын кең

393 рет
көрсетілді

Астана күніне орай елордада отандық тауар өндіру­шілердің алғашқы сауда үйі ашылады. Бұл туралы кеше Орталық коммуникациялар қызметінде отандық тауар өндірушілерді қолдау тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Оған Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенттері Қайырлы Таукен және Жібек Әжібаева қатысты.  Астана күнінде іске қосылатын сауда үйінде  барлық тауарлар мен қызметтер «Қазақстанда жа­салған» және «Халық маркасы» халықтық сапа белгілері­мен ұсынылады. «Жоба мақсаты – елорда нарығында отандық та­уарлардың үлесін көбейту, қа­зақстандық өнімдерді насихаттау, Қазақстан брендтерінің та­ны­­малдылығын арттыру», деді Қ.Таукен. Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығының мәліметінше, сауда үйі аумағында еліміздің 14 облысы, Алматы мен Астана қалаларының 300-ге жуық фирма мен компаниялары өз өнімдерін қояды. Алғашқы компаниялар келіп, сауда алаңдарын құра бас­тады. Жобаға қатысуға ниет та­нытқан отандық өндірушілер, жар­намалық мақсатта «Халық маркасы» белгісін екі жылға дейін тегін пайдалана алады. Басты артықшылық – барлық тауарға бекітілетін үстеме ба­ға 3-7 пайыздан аспайды. Себебі, баға­ның өсіміне әсер ете­тін дел­далдық жүйе болмайды. Бұл дағдарыс ке­зеңінде ел тұрғындарына, әсіресе, әлеуметтік аз қамтылған топ өкіл­деріне елеулі қолдау болмақ. Қазақстандық өндірушілер отандық және шетелдік дистрибьютерлермен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Яғни, ел экспортын арттыруға жағдай жасалады. Сауда үйі бөлшек және көтерме сауда-саттық орталығы ғана емес, шетелдік меймандарға қазақстандық нарықтың жетістігін паш ететін алаңға айналмақ. Сауда үйінде отандық компаниялар өздерінің жеке сату бөлімдерін ашу мүмкіндігіне ие болады. Соның негізінде тауарларын жеткізуге қатысты келіссөз­дер жүргізіп, нақты келісімдерге қол қоятын болады деп күтілуде. Әр компания өз стендін әзірлеп, өнімдерін қоюға қажет аумаққа қол жеткізе алады. Сондай-ақ, тауар өндірушілер промо-акциялар, жаңа өнімдерінің тұсаукесер рәсімін, түрлі жарнамалық шараларды өткізе алады. Сауда үйінің аумағы бас­тап­қы кезеңде 5 000 шаршы метр­ді құрайы. Онда кең де ың­ғайлы сауда павильондары, сток-орталықтар, бизнес-орта­лықтар, шоу-румдар, зертханалар, тоңазытқыш камералары, қой­­малар, тауарларды түсіруге ың­ғайлы алаңдар, жүк лифтілері, экскалаторлар, телефон мен интернет секілді барлық коммуникациялар болады екен. Сауда үйі Астана іргесінде, Сарыарқа ауданы, С 359 көшесі, №3 ғимарат мекенжайы бойынша орналасқан. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»