• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
14 Маусым, 2016

Түркия төріндегі туризм

517 рет
көрсетілді

Анадолыдағы биылғы демалыс маусымының ерекшелігі қандай? «Егемен Қазақстан» газеті­нің Түркиядағы меншікті тіл­шісі болып Альбина Әшім жұмыс­қа кірісті. Ол бұған дейін «Қазақстан» телерадио кор­порациясының Солтүстік Қазақстан филиалында, «7 телеарнада», «Қазақстан» ұлттық арнасында қызмет еткен. Түркия... Теңіз... Туризм...Теракт... Соңғы сөз алдыңғы үш ұғымның үйлесімді сипатына мүлде кіріге қоймайды. Кейінгі уақытта «Түркия» дегенде Анталиядағы «бес жұлдызды» демалыс орындарынан бұрын жұртшылықты алаңдатқан түр­лі тосын жағдайлар ойға көбі­­рек оралатын болды. Анадолы елі­нің қауіпсіздігіне көлеңке түсір­ген террорлық әрекеттер соңғы бір жылда жиі­леп кетті. Әлем­ді дүрліктіріп, түрік халқының үрейін қашырған Анкара мен Ыстанбұлдағы жарылыстар бейбіт тұрғындардың мазасын алды. Түркия астанасының дәл төрінде жарты жылда үш рет осындай әрекет жасалса, Ыстанбұлда туристердің мекеніне айналған әйгілі Сұлтанахмет мешіті­нің жанында террористер теріс пи­ғыл­дарын іске асыр­ды. Бұл ірі төтенше жағдайлар тіз­бегі ғана. Теледидарға телмі­ріп, жаңалық­тардан жағым­ды хабар күтетін түрік бауыр­лары­мызды толас­тап барып, қайта бас көтеретін терактілер әбден әбігерге салды. Күні кеше ғана Ыстанбұл мен Мардин қалаларында тағы жарылыс болды... Өткен жылдың шілде айынан бастап жауыздардың қолынан көптеген жазықсыз адам қаза тапты. «Қара бұлттай түнерген террорды Түркия түбімен құртуға қауқарлы». Ел президенті Реджеп Тайып Ердоған осылай дейді. Есеңгіреген халық есін жиып, тіршілігін жасауға тиіс. Анадолы абыройын айрандай төккен содырлардың сазайын беріп, төрткүл дүниенің Түркияға деген сенімін қайта оятқаны жөн. Түркиядағы терактілер турис­тердің де берекесін кетір­гені анық. Елдің Мәдениет және туризм министрлігі былтыр­ғы сәуірмен салыстырғанда биыл шетелдік мейман саны 28,1 пайызға азайғанын айтады. Бұл – 1999 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш. Сондықтан, Түркия туризмдегі тоқыраудан шығу үшін түрлі амал-тәсіл жасап жатыр. Анадолыдағы ағайын теңіз жағалауындағы демалыстан бөлек, баламалы туризмді дамытуға кірісті. Яғни, медициналық, экстремалды спорт туризмін жандандырмақшы. Тағы бір бағыт – киноиндус­трия саласы арқылы елге мейман тарту. Түрік телехикаялары кейіпкерлерінің Қазақстанда аса танымал екені жасырын емес. Түркітілдес елдерде ғана емес, дүниежүзінде үлкен сұранысқа ие болып отырған фильмдер пәк сезімге толы махаббат хикаяларын көрсетіп қана қоймайды. Бұл – бір жағынан, Анадолы еліне жасалған жарнама. Әдетте мұндай телехикаяларда Түркияның ең көрікті жерлері, мәдениеті мен әдет-ғұр­пы, халықтың қонақжайлылығы, көздің жауын алатын қызылды-жасылды ұлттық бұйымдары, тіл үйіретін дәмді тағамдары таныстырылады. Көркем фильм­дегі ғажайыптар әлемін көзбен көргісі келетіндер көп көрінеді. Туристік фирмалардың өкіл­дері Ыстанбұлға телехикая ізі­мен келіп, танымал фильмдер түсіріл­ген жерлерге саяхат жасау­­шы­лардың аз емес екенін айта­ды. Осы тәжірибені туристік агент­­тіктер биыл Анталияға да қолданбақшы. Жерорта теңізі жағалауында жақында жаңа тағы бір телехикая түсірілді. Түріктер мен араб­тардың жарасымды шаңырақ астындағы өмірі бейнеленген телехикая Араб елдерінен туристерді тартуға бағытталған. Түркияға ең көп келетін ресейліктердің саны биыл күрт төмендегендіктен, олардың орнын туристік фирмалар осылайша толтырмақшы. Террорға да, тоқырауға да тізе бүк­пеген түрік халқы бірлігін бекем ұстап, тірлігін лайықты жал­ғас­­т­ырып келеді. «Қара жамылған күн­­дер артта қалып, әрдайым ты­ныш­­тық орнасын» деген ақ арман Анадолы жұртын үнемі алға же­­те­­лейді. Ашық аспан астында аға­йын­­ға құшағын жайып: «Қош кел­діңіз, Түркияға!» деп, қонақ күтіп, думан жасау – көзі ашық, көкі­ре­гі ояу әрбір түріктің мақсат-мұраты... Альбина ӘШІМ, «Егемен Қазақстан» – Анкарадан
Соңғы жаңалықтар