• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
15 Маусым, 2016

Жеңімпаздар жолдарынан жаңылған жоқ

286 рет
көрсетілді

Маусымның 13-і күні футболдан Францияда өтіп жатқан Еуропа чемпио­натында 1-турдың тағы 3 ойыны ойналды. Бұларда да бұрыннан құрлық біріншіліктерінде топ жарып жүрген құрамалар жолдарынан жаңылмай, жеңістеріне жетті. Сөйтіп, доп додасы сөре тартқан күннен үндестігін тапқан үйлесім одан әрі жалғасты. Атап айтқанда, Испания – Чехияны 1:0, Италия Бельгияны 2:0 етіп тізе бүктірді. Ал Ирландия мен Швеция арасындағы кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. Алаңға алдымен Испания және Чехия бас командалары шықты. Осы жолы Висенте дель Боскенің шәкірттері біраздан бері өздері үшін үрдіске айналып қалған статистиканы бұзды. Бірақ оларға бұл оңайлықпен келген жоқ, «қызыл фурия» сарбаздары негізгі уақыт бітуге бар-жоғы 3 минут қалғанда ғана матчтағы жалғыз голды салып, таразы басын өздеріне қарай аударып әкетті. Бұлай дейтініміз, испандар терме жамағат тізгінін жоғарыда аталған маман қолға ұстағалы өзі қатысқан соңғы үш ірі футбол турнирінің бірде-бірінде бірінші кездесуде жеңіске жетіп көрмеген еді. Сол комплекс чехтармен арадағы ойынның өн бойында байқалып тұрды. Мұның үстіне, бұған дейінгі – 2008 және 2012 жылдарғы Еуропаның бас бәсекелерінде алтын жүлдегер атанған Испания құрамасының сол даңқты дәстүрді үшінші мәртеге жеткізуді мақсат етіп қойғандары жауапкершілік жүгін тым ауырлатып жіберген сияқты. Сондықтан жөнсіз қателік жіберіп алудан қорыққан құрлық чемпиондары сауысқаннан сақ қимыл тактикасынан аса алмай жатты. Бұған қоса, тап осы дода қарсаңында өз алаңында Грузия құрамасымен өткізген ойында күтпеген жерден 0:1 болып ұтылып қалулары да көңілге күмәнді күтірлетіп кіргізіп жібергенге ұқсайды. Бұларға қарағанда, чехтар чемпионға қарсы ойынға аса көп алаңдамай дайындалып келгендей көрінді. Сондықтан да Павел Врбаның шәкірттері матч басталғандай бойда «тотыдайын тарануға» көшкен қарсыластарының әуезе көңіл күйлеріне көз тоқтатып жатпай, бірден алаң үстінің апай-топайын шығарып жіберді. Сол екі ортада олар бірінің соңынан бірін жөнелткен екі бірдей бұрыштама добын беріп үлгерді. Соның артынша қақпаға қарай туралап соғуға белгіленген айып добын ұру құқығына қол жеткізді. Бірақ чехтар мұның бірде-бірін өз пайдаларына қарай шеше алмады. Осыдан кейін ғана өз-өздеріне келген испандар шабуыл делбесіне қол соза бастады. Таймның алғашқы ширегінен кейін олар алаң үстінде үстемдік етуге кірісті. Мұның соңы бірнеше бұрыштама добын беруге ұласты. Сол шабуылдың шырқауында Петр Чехқа бірнеше рет өз қақпасын жөпелдемеден келген жүйрік доп­тардан сақтап қалуға тура келді. Сондай қауіпті соққының бірін 29-минутта Альваро Мората жасады. Бір кезде «халық командасы» қақпашысының сәл алға шығып кеткенін байқаған Андрес Иньеста алыстан доп жөнелтіп те көрді. Ал тайм бітуге санаулы уақыт қалғанда, Чех тағы екі рет соққы алдына тосқауыл болып тұра қалды. Оның командаластары тек соңғы 45-минутта Томаш Нецидтің күш салуымен бір рет қана қарсы қақпа жаққа қауіп төндірді. Ойынның екінші бөлігі де испандардың айқын басым­дылығымен өтті. Алайда, чехтар мұндай қысымның болатынын алдын ала білгендей, оған өте жақсы дайындалып келген болып шықты. Олар қорғаныста мұқият та сенімді ойнады. Егер 87-минутта Андрес Иньестаның пасынан Жерар Пике гол салып кетпегенде, матчтың тең аяқталатыны анық еді. Ал 93-минутта чех Владимир Дариданың соққысын голкипер Давид де Хеа өте шеберлікпен қайтарып, қақпасын анық голдан қорғай білді. Бұл испандардың турнирді жеңіспен бастауына жол ашып берді. Бұған қарағанда, Ирландия – Швеция кездесуінің алдын ала жарнамасы оншалықты күшті бола қойған жоқ. Соған қарамастан, екі команда да өте бір әдемі ойын көрсетті. Қарсыластар бірінші таймды бір қалыпты қарқында өткізді. Осы кезеңде Джефф Хендрик пен Златан Ибраимович бір-бір реттен қауіп төндіріп өтулерімен есте қалды. Бұлардың біріншісінің соққысын швед қақпашысы Андреас Исакссон тізгіндей білсе, екіншісі допты қарсы алдынан тұрған «қорғанға» топ еткізумен тоқтады. Ал бірінші таймда гол соғудың нағыз қолайлы мезетін ирланд форварды Шейн Лонг жіберіп алды. Оның орта қашықтықтан шыңылдата жөнелткен добы қақпа маңдайшасынан кері қайтты. Бірінші таймда белсенділігі сәл жоғары болған Ирландия құрамасы есеп ашуда да алда тұрды. Команда мұны матчтың келесі бөлігі бас­талған шақта жасады. 48-минутта Шимус Коулмэннің берген добын зеңбіректің оғындай зырлата теуіп, қақпа торынан бір-ақ шығарған Уэс Хулахан соңында матчтың қаһарманы да атанды. Негізінен, ирландиялықтардың барлық шабуылдары осы ойыншының араласуы­мен ұйымдастырылып жатты. Ол бұл жағынан испан құрамасындағы Андрес Иньестаның рөлін жақсы атқарды. Шведтер есепті 71-минутта ирланд Киран Кларктің қақпа алдына көлбей берілген допты басымен өз қақпасына сүңгітіп жіберуімен теңестірді. Тек осыдан кейін ғана скандинавтар дүр сілкініп, алға қарай жөңкіле шабуға көшті. Бірақ бұл кезде алаңдағы ахуалды күрт өзгертіп жіберетіндей күш оларда қалмаған да еді. Біраз жұрт қазіргі күндері ФИФА рейтингісінде екінші болып тұрған Бельгияның 12-орындағы Италиядан ұтылып қалуын сенсацияға санамаса да, турнирдің басты өкініші ретінде бағалап жатыр. Ал ойынның жүру барысы мен оның мазмұны «қызыл перілердің» бекерден-бекер жеңіле салмағанын көрсетті. Бұған бүкіл ойын бойына тізгіннің италиялықтар қолында болғаны да айғақ. Олардың басымдылығын 32-минутта Эмануэле Джаккерини бірінші голға айналдыра білсе, 93-минутта Грациано Пелле соңғы нүктені қойып берді. Кеше түнде 1-турдың ең соңғы екі ойыны ойналды. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар