• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Маусым, 2016

Газ тарифі өсе ме?

338 рет
көрсетілді

Осыған орай қоғамдық тыңдаудың Астанада өтетіндігі Атырау кәсіпкерлерін алаңдатып отыр «ҚазТрансГазАймақ» ак­цио­нерлік қоғамының облыс­тық филиалы газдың құ­нын көтеруге қам жасап отыр. Табиғи газ тарифі өсетінінен хабардар болған атыраулық кә­сіпкерлерден маза кетті.Олардың пікірінше, бұл  кәсіп­керліктің дамуына едәуір кедергі келтіруі мүмкін. Сол себептен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Атырау облыстық фи­лиалының директоры, «Нұр Отан» партиясының өңір­лік филиалы жанындағы кәсіп­кер­лікті қолдау жөніндегі қоғам­дық кеңес төрағасы Асыл­бек Жәкиев аталған мәсе­лені партия алаңында талқы­лау­ды ұйғарыпты. Қоғамдық кеңес мүшелері алдында  «ҚазТрансГазАймақ» акцио­нер­лік қоғамының Атырау өнді­рістік филиалының дирек­торы Мақсұт Абуов тарифтің жоғарылауы кәсіпорын­ның инвестициялық бағдар­ла­масында қаралған жұмыстардың ауқымымен байланыстырады. Алайда, қоғамдық кеңес мү­шелері «ҚазТрансГазАймақ­тың» өндірістік базасын халық­тың қалтасына салмақ түсіру арқылы жақсартуына келіс­пейді. Кәсіпкерлер әлемдік эко­но­микалық дағдарыс тұсын­да тарифтің өсуін орынсыз деп санайды. «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамы­ның Атырау өндірістік филиалының директоры Мақсұт Абуовтің мәлім етуінше, 2015 жылдың 1 шілдесінен бері бір текше метр газды тасымалдау үшін 1 266,54 теңге мөлшеріндегі өтемдік тарифі қолданылады. Енді компанияның тарифті өсіру жөніндегі өтінімінде 2016-2020 жылдары бір метр газды тасымалдау тарифі төрт жылға бөлгенде бір текше метр үшін 5 701,42 теңге болуы тиіс екен. Демек, бұл қазіргі қолданыстағы бағадан 4,5 есеге көп болғалы тұр. Осыған орай компания қоғамдық тыңдау өткізуді жоспарлапты. Алайда, мұнайлы өңір тұрғындары үшін маңызды мәселе ортаға салынатын қоғамдық тыңдау 17 маусымда Атырауда емес, Астанада өткелі отыр.  Неге бұлай? Атырау тұрғындарына қажетті мәселе Астанада емес, неге жергілікті жерде талқыланбайды? Иә, расында кәсіпкерлер тарифтің өсуіне бір, қоғамдық тыңдаудың Астанада өтетіндігіне екі алаңдап отыр. Кәсіпкерлер көңілін күпті еткен мәселенің басты себебіне тоқталар болсақ, «Тек қана газ бағасы ғана көтерілмейді. Газбен бірге жылудың да тарифі көтеріледі. Себебі, қазір су газ қондырғыларымен  ысытылады. Электр энергиясы да газды тұтыну арқылы өндіріледі. Өніміміз бар. Өніміміздің барлығы осы электр, суға, газ бағаларына байланысты» – дейді  облыстық мәслихаттың  депутаты  Әділ Жұбанов. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ