• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Маусым, 2016

Кеніш аруы

655 рет
көрсетілді

Алдында алып қазан шұңқырдай, текшеленген терең кеніш жатқанда, адам өзін төбеде тұрғандай сезінеді. Ойдағы топырағы түрлі-түсті кемпір­қосақты елестететін карьер алақан­дағыдай көрінеді. Геолог қыз Ләззат Сәрсенбаева даланың мамырдан маусымға ауысар шақтағы сұлулығын бала кезінен жүрекке тоқыған, бірақ тілмен жеткізе алған емес. Құйып жау­май, нұр себелеп қана тұрған түбіт бұлттың торғындай қалқып көшуін-ай. Жасыл қырдан жанға жағымды жібек самалдың есуін қарашы. Краснооктябрь боксит кен басқармасының кеніштері жатқан Жоғары Тобыл өңірінде көп өсетін жиде ағашы сирень гүлін төккеннен кейін маусымда гүлдейді. Шоқ-шоқ жиденің жұпар иісін самал жел атырапқа алып қашып жатқандай. Карьердегі экскаваторлар мен кен жынысын артқан ауыр жүкті машиналар құмда тыным таппайтын ірі құмырсқаларды еске түсіреді. Олардың гүрілі алып ойықтан шықпай-ақ ауаға жұтылып жатыр. Сондықтан, карьер жарынан қарап тұрғандарға олар мылқау, құмырсқалар секілді көрінеді. Геолог қыз каскасының күнқағарының тұсына қолын қалқалап, аспандағы тырнаға қарады. Белинский кенішіне келсе, қалқып ұшқан немесе далада жайылған тырнадан көз алғысы келмейді. Көктемде оларды қарсы алатын да, күзде шығарып салатын да өзі секілді. Ал Красногор кенішінің карьерлері жатқан аймақтағы көлдерде аққу көп. Бауырын қарға төсеп ерте көктемде жеткен аққуларын Ләззат Сәрсенбаева сонау қара күзге дейін бақылайтын. Жұмыста жүріп көл бетінде жүзген оларды санап қоятыны да бар. Карьерге түскенше самал желге бетін тосып осылай ұзақ тұрды.Бүгінде Краснооктябрь боксит кен бас­қар­­­ма­­сындағы Белинский кенішінің аға геологы болып отырған Ләззат Сәрсенбаева­ны осы мехнатты мамандыққа магниттей тарт­қан туған жердің табиғаты екені рас. Ұстаз­дары мектеп оқушыларын осы кеніш­терге экс­курсияға жиі әкелетін. Сонда оған гео­ло­гия сыры көп сала, жұрт біле бер­мей­тін, жұмбақ мамандық болып саналатын. Ол мек­­теп­ті бітірген соң еш жаққа бұрыл­ған жоқ, ір­ге­­дегі Рудный индустриялық инс­ти­ту­ты­­ның геология факультетіне құжат тап­сыр­­ды. Л.Сәр­сенбаева – анасының көзінің ағы мен қа­ра­­­сын­­­дай жалғыз перзенті. Жалғыз қыз геолог маман­­­ды­ғын қалағанда анасы не істерін біл­­мей қи­нал­ды, қиналған жоқ-ау кәдімгідей қайғырды. – Анамды тыңдағаным жоқ, тыңдай да алмайтын едім. Тіпті, басқа мамандыққа ол кісінің мәжбүрлеуімен барғанның өзінде бәрібір кейін тастап кетуім мүмкін еді. Мен жоғары сыныпқа барған соң-ақ геологиядан басқа саланы ойлай алмадым, – дейді Л.Сәрсенбаева. Жүрек қалауы деген осы болар. Бірақ ол анасын ұятқа қалдырған жоқ және өз таңдауының дұрыстығын дәлелдеп те шық­қан тәрізді. Институтты үздік бітірді. Әуелде ғылым жолына түскісі келген, бірақ қайта ойланып, өндіріске баруды шешті. Жиырмадан енді ғана асқан жауқазын қыз қара күзге таман Красногор кенішіндегі карьерлерге жұмысқа түсті. Анасының жылайтынындай да бар ғой, экскаваторшылардың барлығы ер кісілер. 190 метрдей тереңдіктегі карьерде ылғи ер адамның ортасында жұмыс істеу қыз балаға оңай ма? Қара күздегі суық­ты айтпаңыз. Аспанды қорғасындай ауыр бұлт тұмшалап алады, қара суық маңдайды жарады, ауық-ауық қар ұшқындап қояды. Ұстаған темір де, жер де сүйектен өтердей мұздай. Үстінде қалың шалбар, фуфайка, аяғын­да керзі етік, басында жылы қалпақтың сыр­тынан басып киіп алған каскасы бар қызды экскаваторшылар «айналайын» деп қарсы алған жоқ. Ол ер кісілердің суық жанарынан-ақ: «Қыз баланың жүретін жері емес бұл, басқа жер жетпейді ме?» деген ойды оқитын. Ол келген бетте экскаватор шөмішін қайда салу керектігін түсіндірді. Оны осы кеніште 20 жылдан бері экскаваторшы болып істеп келе жатқан мосқал кісі тыңдаған жоқ. «Сен білесің бе, ғұмырымды осында өткізіп келе жатқан мен білемін бе?» дегендей, кенді өз білгенімен арши берді. Жұмысшылар оны жассынып, қыз баласынып қанша дүрсе жауап берсе де, жұмыс бабында геолог маманға дөрекілік танытпау керектігі, былапыт сөйлемеу басшы­лық тарапынан ескертілген болатын. – Сонда да үлкен кісілердің: «Әй, қызым, жол­дан былай тұр» немесе: «Ойпыр-ай, сен не біле­сің?» деген сөздерін естіп жүрдім. Бірақ бар­лығына шыдадым. Алғашқы дөрекі­лік­тер­дің барлығы да жұмысшылар тарапынан болуы тиіс деп ойладым. Ал мен оларға маман ретінде жұмысты түсіндіруден танбадым, – дейді Ләззат. Ұзын сөздің қысқасын айт­сақ, шына­шақ­тай қыз карьердегі барлық жұ­мыс­шыны ақыры жеңді. Көздері отты, алтын кірпік, ай қабақ қыздың шикіөкпе емес, гео­логия саласын бүге-шігесіне дейін біле­тін мық­ты маман еке­нін олар көп ұзамай мо­йын­­дап-ақ қалған. Боксит – көмір кені емес. Бұл – өзінің табылуы да, аршып алуы да күр­делі кен. Оны түзейтін минералдардың топы­рақ­тағы белгісі де түрлі-түсті болады. Ар­­шыл­­ған карьерлердің кемпірқосақ тәріз­ді қызыл, жасыл, сары, боз секілді түрлі жолақ­тардан тұратыны да сондықтан. Түсі­не қарай құра­мындағы алюминий де түрлі. Оның бар­лы­ғын анықтауға қажетті құра­лы жоқ геолог бар­лығын да көз шамамен мөлшер­лей­ді. Ал экскаватор шөмішінің жерге әр қадал­ғаны қаржы тұратынын жұмысшылар да, геолог, маркшейдер мамандар да білуі тиіс. Сондық­тан кеннің тура қайда бұрылғанын жер қазып бара жатқан экскаваторшы біліп, шөміші діт­те­ген жерге тура түсіп отыруы қажет. Кен қазу жұ­мы­с­ындағы басты талаптар – уақытты, қаржы­ны үнемдеу және кенді таза қазу болып табылады. Ол Краснооктябрь боксит кен басқармасы­на келгелі Красногор кенішінен бірнеше жаңа карьерлер аршылып, олардан алынған кен Павлодар электролиз зауытына артылды. Белинский кенішіне аға геолог болып ауысқан бір жылдың ішінде бұл жерден №9, №17 карьерлер аршылу үстіне. Мысалы №17 карьер күзде боксит кенінің алғашқы тоннасын беретін болады. – Биыл біздің Белинский кеніші 1 миллион 28 мың тонна боксит кенін шығарып, осын­ша көлемдегі кенді Павлодар электролиз зауы­тына артатын болады. Жыл сайын осын­дай көлемде, яғни бір миллион тоннадан артық кен артып отырамыз, – дейді Белинс­кий кенішінің аға геологы. Краснооктябрь боксит кен басқармасын­дағы ең ірі кеніштің бірі осы Белинский кеніші. Кен басқармасының басшылығы өт­кен жылы Красногор кенішінде қатардағы геолог болып істейтін Ләззат Сәрсенбаеваға Белинский кенішінің аға геологы болуға сенім артты. Қазір ондағы кеннің сапасына, көлеміне, артылуына және айлық, жылдық жос­пар­лануына осы қаршадай қазақтың қызы жауап береді. Ол бізді осы кеніштегі шикі кенді май­далап жатқан қоймаға ертіп әкелді. Зауыт­қа артуға дайындап қойған шикі кен үйін­дісі алыстан Мысырдың пирамидаларын еске са­лады. Карьерлерден келген шикі кен осы жер­де ұсақталады, арасында ірі тастар кет­пеуі керек, олар зауыттағы машиналарға тұрып қалса сындырып, істен шығарады. Сондық­т­ан осы жерден кенді майдалап, тас­тарын іріктеп жібереді. Оның барлығы да геолог ма­ман­дардың бақылауын, сапасын тексеруін қажет етеді. Краснооктябрь боксит кен басқармасының бас­шылығы Ләззат Сәрсенбаева секілді білік­ті жас маманның қадірін білмей қалма­ды. Оған биыл көктемде Белинский кенішінің қасындағы Октябрь поселкесінен екі бөлмелі пәтер берді. Жас маманға жұмысына алаңда­май кірісуге толық жағдай жасалды. Бес жыл­да қатардағы геологтан аға геолог лауа­зы­мы­на көтерілу жас маман үшін өте жақ­сы жетіс­тік, оған өзінің біліктілігінің арқасында жетті. – Мұндағы геолог мамандар өзімізде және Қазақстанда, тіпті шетелге шығып та оқып тұрамыз, түрлі семинарға қатысамыз. Өйткені, өндіріс ылғи жаңа технологиялармен, техникалармен, жабдықтармен толығуы керек. Оның барлығы да аз шығынмен көп кен өндіру мақсатына саяды. Біздің Краснооктябрь боксит кен басқармасының осы үдеден шығып отыруы мені қуантады, – дейді Л.Сәрсенбаева. Сонымен қатар, Ләззат геология ғылымы жетістіктерін қадағалап отыруға тырысады, осы сала дами түссе екен дейді. Карьерлердің бетін аршығаннан кейін кенді алып шығуға соңғы жылдары қосылған аса ірі жаңалық бар деп айтуға болмас. Қандай кен түрі де, оның ішінде боксит те жер қыртысының тереңінде жатады. Ең аз дегенде 170-190 метр тереңдікке дейін қазылады. Жер астындағы суды сорып алмай, бокситті қыртыстарды алу мүмкін емес. Осының салдарынан жер асты тұщы суының бағыты өзгеріп кететін кездер аз болмайды. Мұнан жақын маңдағы елді мекендерді ауыз сусыз қалдыратын кездері де болады. Жаңа ашылған бокситті лабораторияға жібереді, оның нәтижесі 12 сағатсыз дайын болмайды. Бұл уақытта мамандар да, кеншілер де кенді арта алмай, жіпсіз байланады. Жас геологты осындай мәселенің барлығы да толғандырады. Ғылым осының бәрін болашақта жеңілдететініне сенімі де бар. Жас маманның айтуынша, қазір кенді өндіруге қарағанда, кен орындарын барлау жұмысы кенжелеп қалды. Институтты бітір­ген жылы Ләззат жұмысын осы кен із­дес­тіру­ден бастағысы да келген. Алайда, геолог болып, дала кезу қыз балаға оңай емес, осы себепті оны Қостанайдағы геология экспеди­ция­сы алмады. Сосын Краснооктябрь боксит кен бас­қармасына келген болатын. Геология сала­сы қыздар түгел ер жігіттің өзіне де оңай жұмыс емес. Өндірістің өзінде олар таң ат­қан­нан кешке дейін желдің өтінде, боран­ды, аязды күндері де тынымсыз далада жүреді. Көбіне кен басқармасында жас­тар жағы тұрақтамайды екен. Оның үстіне жас­тар бұл мамандыққа жүрек қалауымен баруы тиіс, істі білетін теориялық білімі, оқу орны қабыр­ғасында жүргенде жинаған тәжіри­бесі де жеткілікті болуы қажет. Ал диплом алған жас­тардың көбі кабинетте отырып істей­тін қыз­метті қолайлайды, сосын Астанаға асығады. Ләззат өзінің мамандығының да, бітірген ісінің де маңызын біледі. Еуразиялық Топ құрамына кіретін «Қазақстан алюминийі» ак­ционерлік қоғамына жарты ғасырдан асты. Краснооктябрь боксит кен басқармасы – «Қазақстан алюминийінің» құрамындағы өндіріс. Оның өндірген кені өңделетін Павло­дар электролиз зауыты Қазақстанның жаңа тари­­хындағы іске асырылған алғашқы ірі ин­дус­трия­лық жобалардың бірі. Зауыт – еліміз­дің аллюминий өндіретін бірегей әрі ең ірі кәсіп­орны. Онда 2010 жылдан бастап, 20 килолық А8 және А85 маркалы құймаларды жылы­на 250 мың тонна көлемінде өндіреді. Ал алюминий сымдарының, металдың пайда­лан­­бай­тын саласы бар ма? Бүкіл өміріміз электр қуатына тәуелді. Осы тұрғыдан алғанда бок­сит­­тің де, оны өндіретін кен басқар­масы­ның да, зауыттың да маңызы шарықтап жүре бер­­мей ме? Бұл тәуелсіз еліміз эконо­микас­ы­­ның да қарыштап дамуына қомақты үлес еке­ні айқын. Осындай үлеске өзінің мысқал­дай болса да қатысының барлығына қуанады. Аға геолог қазір Белинский кенішіндегі карьерлерді күнара аралайды, жұмыстың көлемін, кеннің түр-түсін, сапасын бағамдап қояды. Кеншілермен кездеседі. Карьердің жар қабағында тұрған каскалы қыздың көз жанары алысты шолып тұр. Көк аспан мен қыраттың көкжиегі астасып кеткендей, сағым ойнап қояды. Қос тырна қанатын жайып, қалқып жүр. Ләззат карьерге қарай аяңдады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» Қостанай облысы, Лисаков қаласы