• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
16 Маусым, 2016

Медициналық сақтандыру: кімге қаншалықты тиімді?

439 рет
көрсетілді

Қазақ «Бас аманда – мал тәтті, бас ауырса – жан тәтті» деп бекер айт­паған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі қозғал­ғалы көп болды. Былтыр Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 80-қадамында аталған мәселені нақтылап, енгізуді жүктеді. Жаңа жүйені енгізуге келгенде жамырай шығатын сауалдар денсаулықтың өзін ұмыт қалдырып жатады. Әрине, жаңа жүйені енгізудің қажеттілігі қаншалық деген сауалдың тууы заңдылық. Жаһанда жұқпалы аурудың өсуі, жаңа медициналық техно­логия­лардың енгізілуі және егде жастағы халықтың көбеюі ден­саулық сақтау саласының шығыс­тарын ұлғай­тып отыр. Сон­дық­тан, халық денсаулығын қор­ғау­дың әлемдік тәжірибесінде мін­детті әлеуметтік медициналық сақтан­дыруды енгізу – жоғарыдағы жайт­тарға жауап беретін һәм қаржы­лық тұрақ­тылықты қамтама­сыз ететін бірден-бір жол ретінде бағалануда. Осы орайда еліміздің Денсау­лық сақтау және әлеуметтік даму министр­лігінің сарапшылары меди­циналық сақтандыруды ен­гізу мәселелері бойынша түсін­діру жұмыстарын бастады. Қазақ­станның барлық өңірлерін қамтитын кең көлемді акцияда медициналық қызметкерлер арасында аталған жүйенің негізгі қағидалары түсіндірілуде. Бұл – түсіндіру жұмыстарының алғашқы кезеңі болмақ. Әрі қарай жаңа жобаның жай-жапсарын жеткізу жұмыс берушілер мен тұрғындар арасында жалғасады. Шығыс өңірінде аталған тақырыптағы жиын­ды «Республикалық меди­ци­налық палата» қоғамдық бірлес­тігінің басқарма төрағасы Мақсұт Құлжанов өткізді. Өскемендегі №1 қалалық ауруханада медицина қызметкерлерімен өткен кездесуге министрліктің Медицина­лық қызмет төлемі комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің жетекшісі Болат Әлиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сергей Попов қатысты. Мақсұт Кәрімұлының айтуынша, Қазақстанда халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, мемлекет, жұмыс беруші және әр адамның өзара жауапкершілігі негізінде әзірленген медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмыс­тары басталмақ. Бұл ретте экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарнаны мемлекет төлейтінін атап айту керек. Ал жұмыс берушілер – жалдамалы жұмысшылар үшін, қызмет­керлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады. Мемлекет азаматтарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен әрі қарай қам­сыздандыруын жалғастырады. Оған әлеуметтік мәні бар аурулар, шұғыл жағдайлар, жедел меди­циналық көмек, санитарлық авиация мен вакциналау кіреді. Азаматтардың денсаулығын қорғаудың жалпыға бірдей құқығын қамтамасыз ету мақсатында сақ­тан­дырылмаған азаматтарға 2020 жылға дейін амбулаторлық дәрі­лермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек көрсетіледі. Ал сақтандырылған азаматтарға осы көмекпен бірге жоғары технологиялық медици­налық қызметтер, стационарды алмастыратын технологиялар, ұзақ мерзімді мейіргерлік күтім көр­сетілмек. Егер азаматтар ерікті сақ­тандыруға қатысатын болса, міндетті сақтандыру жүйесінде қарастырылмаған медициналық көмекті де ала алады. Бұл жеке сақтандыру компанияларымен бекітілген келісімшарт негізінде жүзеге асырылады. 2017 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап мемлекет, жұмыс берушілер, өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлей бастамақ. Ерекше санаттағы азаматтар үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшері орташа айлық еңбекақының 7 пайызын құрайды. Сонымен қатар, мөлшерлеменің көлемі 2017 жылы 4 пайызға, 2018 жылы 5 пайызға, 2023 жылы 6 пайызға, 2024 жылы 7 пайыз­ға сатылап өсетін болады. Жұмыс беру­шілер жарнасы мөлшер­леме­сінің жалпы көлемі кірістің 5 пайызын құрайды. Аударым келесі жылы – 2, 2018 жылы – 3,  2019 жылы – 4, 2020 жылы 5 пайызды құрайтын болады. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнасының мөлшерлемесі (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар) кірісінің 7 пайызын құрайтын болады. Жалдамалы жұмыс­шылар жарнаны 2019 жылдан бастап 1 пайыз, 2020 жылдан 2 пайыздық мөлшерде төлейді. Азаматтардың 15 санаты жарна тө­леуден босатылады. Олар­дың ішін­де халықтың әлеуметтік тұрғы­­дан осал тобы, әскери қыз­мет­­ке­рлер, ар­найы мемлекеттік және құқық қор­ғау органдарының қыз­мет­керлері бар. Сарапшылардың болжамы бо­йынша, аталған жобаны енгізгеннен соң еліміздегі медициналық көмек көрсетудің деңгейі айтарлықтай өсіп, дәрігерлердің жалақысын арттыру мүмкіндігі пайда болады. Ауруханалар жоғарғы санатты жабдықтар мен қымбат дәрі-дәрмектер ала алады. Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру адамға тексеруден өтуіне, қажет болған жағдайда жеке қаржысын жұмсамай ем алуына мүмкіндік беретін болады. Сонымен бірге, дәрігерлерге ақша­лай «алғыс» білдіру мәсе­лесін шешуге де көмек­теспек. Мәселен, медицина қызмет­кер­лері­нің еңбекақысы біртіндеп көбеюі­мен бірге сақтандыру мәде­ниетін дамыту барысында оған қатысу­шылардың бейресми төлем­дер­ден бас тартып, талап қоюы жоғарылайды. Жаңа міндеттеме қаншалықты тиімді. Яғни, міндетті медициналық сақтандыруды енгізуден медици­налық ұйым қандай пайда көре­ді, медицина қызметкері мен ха­лық­­­қа қаншалықты жағым­ды? Осы сауалдарға жан-жақты тоқ­тал­ған М.Құлжанов өз сөзін: «Мін­дет­ті әлеуметтік медици­на­лық сақ­тандыру жүйесін енгізу қыз­мет сапасын көтеріп, әр адам­ның өз денсаулығына деген жауапкер­ші­лігін арттырады. Үкімет бюджет қаражатын бөледі, бұл қаржы жұмыс істемейтін адамдарға арналады және Конституцияда көрсетілген мемлекеттің халыққа ақысыз көмегі сол күйі сақталады. Медициналық көмек жақсы дең­гей­де, сапалы дең­гейде берілуі үшін біз осы жүйе­ге көшуіміз керек, – деп түйді. Егер міндетті әлеуметтік ме­ди­­­­ци­на­лық сақтандыру туралы сауал­­дары­ңыз болса, 8 800 080 88 87 теле­фон нөміріне хабар­ласуы­ңызға мүмкіндік бар. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН