Кеше Президент жанындағы Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының қолдауымен белгілі ғалым, зерттеуші, Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы елшілігінің кеңесші-уәкілі Мұрат Лаумулинның «Әлемдік ориенталистикадағы Қазақстан және Орталық Азия тарихы» атты монографиясының тұсаукесер рәсімі өтті.
«Мен шығармашылық адамының жазған кез келген туындысына мұқият назар салуға тырысамын. Себебі, ол оны қандай еңбекпен жазып, қаншама уақытын арнағанын түсінемін. Отанын құрметтейтін адам оның тарихына талдау жасап, мәдениетіне мән беріп жүрері сөзсіз. Келешек ұрпаққа берешек болып қалмау үшін аға буын өкілдері қолдарынан келетін істі атқарып қалуы қажет. Сонда ғана өткен тарихымыз бүгінгі бүлдіршіннің санасында сақталып қалады. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жарық көрген менің осы еңбегім 4 бөлімнен тұрады. Онда Орталық Азия және Еуразия шығыстану мектептерінің қалыптасуы мен пайда болуы барысында орын алған мәселелер қозғалған. Сондай-ақ, еңбекте Орталық Азияның ежелгі және ортағасырлық деректеріне, мұсылмандық тарихнамасы мен қытай тарихына шолу жасалынған. Аталған монография тарих, тарихнама, шығыстану, халықаралық қарым-қатынас, қауіпсіздік, геосаясат, саясаттану мамандары үшін таптырмас құрал. Тұсауы кесіліп отырған туындының тағы бір ерекшелігі, бұны жоғары оқу орындарының шығыстану, тарих, саясаттану, халықаралық қарым-қатынас факультеттері оқу құралы ретінде пайдалана алады», – дейді автор.
Кітаптың тұсаукесеріне Қазақстанның жетекші саяси және әлеуметтік зерттеу саласындағы сарапшылар және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»