үшін қала әкімідігі 250 телім бөлмекші
Астана қаласында коммуналдық ақылы көлік тұрақтарын ашу мәселесі қаралды. Осыған байланысты тиісті талдау жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде ақы төлеп, көлік қоюға болатын 259 учаске анықталды. Олардың шекарасы екі жолмен – жол белгілерімен және белгілеу арқылы белгіленеді.
Астана қаласы жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Еділ Сүлейменовтің айтуынша, техникалық мәліметтер бойынша 40 тұрақ орнына 1 паркоматтан келеді.
–Жобаға кіретін жабдықтарға паркоматтар, мобильді қосымша, ақпараттандыру жүйесі, тетіктер мен төлем жасауды бақылау жүйесі жатады. Астана ЛРТ компаниясымен бірге инвестормен келісім жасалады. Бұл жағдайда бюджет қаржысы емес, тек инвестициялық қаржы ғана жұмсалады, – деді ол.
Аталған жоба екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезеңде қаланың сол жағалауында – «Нұржол» желегінің, Ақмешіт пен Түркістан көшелерінің бойында 910 ақылы тұрақ орны пайдалануға беріледі. Бірақ, бұл кезеңде Қоғамдық кеңес мүшелері мен Астана қаласының мәслихаты депутаттарының ескертулерін ескере отырып, аталған учаскелердегі тұрақтар тестілік режімде жұмыс істейді. Ал жүйе техникалық жағынан толығымен сынақтан өтіп болған соң ақылы болады.
Қазіргі кезде коммуналдық ақылы тұрақтарды пайдалану үшін тарифті есептеу жүргізілді. Белгіленген баға барлық шығындарды толық өтеуге кепілдік беріп, рентабельділікті қамтамасыз етеді. Есептеулер бойынша, бір сағат үшін тариф 182 теңге болады. Бірақ жобаның әлеуметтік маңыздылығын ескере келіп, базалық тарифті сағатына 150 теңге мөлшерінде белгілеу ұсынылды. «Аталған жобаның мақсаты ақы алу, бюджетті толықтыру емес, көше-жол желісіне түсетін жүктемені азайту», – деді Е.Сүлейменов.
Астана қаласы қоғамдық кеңесінің мүшелері жобаны ешбір ескертусіз қабылдады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»