Келесі жылы бұл жерлерді 60 елдің туристері келіп көрмек
Универсиада-2017 үшін «Медеу» мұз айдыны мен «Шымбұлақ» шаңғы шипажайының аумағынан салынатын спорттық кешендер инфрақұрылымының дамыту арқылы демалушылар мен шетелдік туристерді көптеп тарту мәселесі сөз болды.
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысқан көшпелі отырыс жұмысында қала тұрғындары мен қонақтары жақсы көретін әйгілі «Денсаулық баспалдағы», «Қарлығаш» дәмханасы және «Горельник» ыстық бұлағының қайта өңделген жөндеу жұмыстары мен бірқатар жаңа жобалар таныстырылды.
Қазақ географиялық қоғамының ұйытқы болуымен іске қосылған «Медеу-Шымбұлақ» бағытындағы отандық экотранспорттың қоршаған ортаға пайдасы жөнінде атап өткен қала басшысы, алдағы уақытта да тау баурайы мен қала әсемдігіне және табиғи тепе-теңдігі сақталуына ерекше мән берілетіндігін айтты.
Айта кетейік, экологиялық отынмен қозғалатын 18 адамдық 4 автобус осыдан 1 ай бұрын осы бағытқа қосылған еді. Жол жүру құны – 200 теңге. «Шымбұлақ» шипажайының аумағына кіруге арнаулы экоавтобустар мен электромобильден басқа көліктің барлық түріне қатаң тыйым салынған.
Бұдан өзге, қала басшысы соңғы уақытта қала тұрғындарының арасында саламатты өмір салтын ұстанып, табиғат аясында демалушылар қатарының күрт өскендігін айта келіп, «Медеу» мен «Шымбұлақ» арқылы ішкі туризмді жақсы жолға қою жоспарын жүзеге асыруды ұсынды.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ