үйлерінің қабырғаларына арнаулы тақталар ілінеді
Астана қаласының Сарыарқа ауданы ардагерлер кеңесінің өкілдері Ұлы Отан соғысының ардагерлері тұратын үйлерге есімдері жазылған тақталарды орната бастады. Олар Жеңістің 71 жылдығын тойлау қарсаңында осындай шешім қабылдаған болатын. Қазіргі таңда ауданда 67 соғыс ардагері тұрып жатыр.
– Өтіп бара жатқандардың мұнда кімнің тұратынын біліп жүрсін деген ниетпен тақталар орнатып жатырмыз. Бұл ардагерлердің ерлігін ұмытпау мақсатында жасалып отыр. Мұндай іс-шаралар жастардың бойындағы патриоттық сезімін оятуына септігін тигізеді, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ебенғаппас Ахметов.
Қалалық және аудандық ардагерлер кеңестері Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қолдау көрсетуде. Алғаш болып атаулы белгі ардагер Фролов Алексей Федоровичтің үйіне орнатылды.
– Ең бірінші әкімдіктерге, мәслихат мүшелеріне және ардагерлер кеңесіне жасаған сыйлықтары үшін алғысымды білдіремін. Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру басты назарға алынып жатыр. Жастарға әскери білім алуды тілеймін! Ешқашан да сағымыз сынбасын! – деді Алексей Фролов.
Мұндай белгілер алдағы уақытта соғыс зұлматын көрген әрбір жанның үйіне орнатылады. Елі-жері үшін қасық қаны қалғанша соғысқан жандардың ерен ерлігі ел есінде мәңгі қалады.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»