Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографикалық және табиғи-ландшафт музей-қорығының «Алтай» галереясында «Балалық қайда барасың?» атты фотосуреттер көрмесі ашылды. Көрме иесі – Өскемендегі №39 мектептің 8-сынып оқушысы Дарья Баженова. Даша екі жыл бұрын фотоөнерге шындап ден қойған екен. Фотоаппараттың қарапайымынан кәсіпқойына көшкен қаршадай қызға қымбат кинокамераны әжесі сыйлапты.
– Он бес жасар фотошебердің шығармалары көркем ойды шынайылығымен һәм шыншылдығымен жеткізуімен баурайды. Елуге жуық жұмыс жинақталған фотокартиналардың әрқайсысы балалыққа тән емес тереңдікті, ерекше әлемді ұсынады. Балалар әдетте ересек адамның назары шала бермейтін дүниелерді байқайды. Және оған түбегейлі жаңаша қарауға мәжбүр етеді, – дейді көрменің тұсаукесерінде қорық-музей директорының орынбасары Тамара Быкова.
Д.Баженованың өмірдің қай соқпағына түсетіні әзірге белгісіз болса да, өнертанушылар оның өмірді өзгеше көре білетінін айтады. Оқушы фотосуреттерінде пейзаждар, портреттер мен өмірдің өзінен ойып алынған сахналар көрініс тапқан. Көпшілігінің астарлы ойы бар. Қолайлы сәтті қалт жібермеу – кез келген фотосуретшінің арманы. Ал фототаспа арқылы рухани негізді бере білу – екінің біріне бұйыра бермейтін қабілет. Осы үдеден табылған «Дуал», «Үй», «Қар», «Күн ныспылы жұлдыз» сынды шығармалары адамдардың ішкі дүниесін түсінуге, сезімін құрметтеуге жетелейді.
Он бес жасар оқушы вернисажының ашылуына ата-анасы, қос сіңлісі мен отбасылық достары келді. Көрме иесі фотоөнерге қызығушылқ әкесінен дарығанын айтады. Шараны ұйымдастыруға қолұшын созған Павлодар қаласынан келген «Полиграфия орталығы» ЖШС директоры, еліміздегі белгілі фотошебер Александр Пархоменко екен. Оқушы жұмыстарымен танысқан ол Павлодарда да көрме өткізуге ұсыныс жасады.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН
Суретте: Д.Баженова (сол жақта бірінші)