• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
16 Маусым, 2016

«Жедел жәрдем»: жеделдігі мен шеберлігі қандай?

464 рет
көрсетілді

Адам болған соң бас ауырып, балтыр сызда­май тұрмайды. Ондайда, әрине, қол қусы­рып қарап отырмайсыз. Ең алдымен, үйде үйрен­шік­ті ем-домыңызды жасайсыз. Құрт тістеп, құрым шай ішкен соң құрыс-тырысыңыз жазы­­лып, құр аттай шауып кететін кездеріңіз де аз емес. Ал анау-мынау антибиотиктерге бой бер­­мейтін бүгінгінің тұмау-сымауы немесе одан гөрі ауырлау аурулар алып ұрғалы тұрса қай­тесіз? Амал жоқ, ақ халатты абзал жандар­дың көме­гіне жүгінуіңізге тура келеді. Аяғыңыз жетсе, ел қатарлы емханаға барасыз. Денеңізді дерт дендеп, сіркеңіз су көтермей сілеңіз қатса, теле­фон­мен «103» нөмірін тересіз. Өкінішке қарай, бәрі сіз ойлағандай оңды бола бермейді. Әсі­ресе, қыста қызу көтерер жұқпалы вирустар қозған шақ­­та шұғыл шақыртулар шамадан тыс көбейе­тін­дік­­тен «Жедел жәрдем» дітте­ген уа­қы­тын­да жете алмай қалып жатады. Содан ба­рып сала қыз­метіне бай­л­анысты саналуан сын-пі­кір­лер айтылады. Бірақ, бұл келең­сіздік­тің ас­­тарында қандай гәп барын былайғы жұрт білмейді. Жуырда біз Астана қаласы жедел меди­ци­­на­лық жәрдем стансасының тыныс-тір­ші­лігімен танысу барысында мәселенің мәнісіне біраз қаныққандай болдық. Аталған мекеменің басшысы Сапарбек Дүйсеновтің айтуынша, мұнда күрмеуі қиын күрделі проб­лемалар көп көрінеді. Солардың ішін­дегі ең ірісі – кадр тапшылығы. Қазақ­стан­ның басқа аймақтарына үлгі көрсету­ге тиіс елордамыздағы жедел жәр­дем қызметі дәрігерлермен небәрі 52 пайыз­ға ғана қам­тыл­ған. Қалған бөлігін фельдшер­лік құрам толықтырып тұр. Бұл биыл қалыптас­қан жағдай емес. Талай жылдардан бергі таусылмайтын жыр. Іргелі істің ілгері басуына кедергі келтіретін кемшіліктен қашан арыларымыз белгісіз. Әңгіменің осы тұсына келгенде көкейі­міздегі сауалды көмекейде ірке алмадық. «Оу, сонда республикамыздағы бәленбай медициналық жоғары оқу орындарының түлектері қайда жүр?». Сұхбаттасымыз қайтарған жауапқа қарағанда қазіргі таңда жедел жәрдем қызметі үшін арнайы мамандар даярланбайды екен. Университет дипломымен осында жұмысқа келген қыз-жігіттер қайта әзірліктен өтіп, қолдарына сертификат тигеннен кейін ғана қатарға қосылады. Оқуға байланысты барлық шығындарды мекеме өз мойнына алады. – Біздің жұмыстың сипаты бөлектеу бол­ған­дықтан, содан туындайтын түйткіл­дер де жетерлік. Бірде күндіз, бірде түнде екі ауысыммен ертелі-кеш шапқы­лай­тын­дық­тан жастарымыз мазасыз шаруаның маңын басқылары келмейді. Сондықтан, таңертең сағат тоғызда келіп, кешкі алтыда үйлеріне қайтатын емханаларды көбірек төңі­рек­тейді. Оларды да түсінуге болады. Әр­қай­сы­с­ының отбасы бар. Демалыс, мереке күн­дері үйлерінде, ағайын-туғандары мен дос-жарандарының ортасында болғылары келеді. Рас, өзге әріптестерімізбен салыс­тыр­ғанда жалақыны артықтау табамыз. Психо­логиялық, эмоциялық жүктемелердің молдығы, кесте бойынша кезекке шығудың өтемі ретінде қызметкерлерімізге қосымша ақы төленетіні белгілі. Бәрібір мамандар жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан, жоғары білімді дәрігерлер жетіспейтін олқыны тәжірибелі фельдшерлермен «жабуға» мәжбүрміз», – деп Сапарбек Серікұлы ойын одан әрі өрбітті. Бас дәрігер халықты әбден әбігерге түсі­ріп, мезі қылатын «Жедел жәрдемнің» денсау­лығы нашарлаған науқастарға дер ке­зінде жетіп үлгермеу себептерін де жасырмай жайып салды: «Биыл 15 қаңтарда қызметке кіріскеннен бастап «Межелі нүктеге неге мезгілінде келе алмаймыз?» деген сауал санамды сан саққа жүгіртті. Сыныққа сылтау іздеп ақталудан аулақпын. Көкейкесті мәселені зерттеп көрсек, автопарктегі көліктердің 53 пайызы тозған. 2010 жылы алынған автокөліктер тәулік бойы тынымсыз жүйткитіндіктен ескіріп біткен. Соның салдарынан олардың бұзылуы жиілейді. Арғы жағы түсінікті». Тығырықтан шығудың жолын іздеу­дің арқасында қалалық әкімдіктің тікелей қолдауымен бірқатар игі істер атқарылыпты. Шаһар тұрғындары санының өсуіне байланысты кейінгі кездері «Жедел жәрдемнің» тағы бес бөлімшесі ашылыпты. Бұл ретте «Ильинка», «Лесозавод», «Көктал» секілді шеткері аймақтардағы тұрғындардың талап-тілегі ескеріліпті. Қызмет көрсетілетін аудан­­­дар­дың аумағына қарай дәрігерлік брига­­­да­лар жасақталыпты. Тиімді өзгеріс­тер­дің нәтижесі бірден көрініпті. Сөйтіп, 1-3 дәре­желі шақыртуларға ұзағанда 10 минут­та жету жөніндегі Астана әкімінің тап­сыр­масын ойдағыдай орындауға қол жет­кізілген. Сондай-ақ, қалалық ішкі істер депар­та­ментімен келісімге қол қойылған. Ол бойынша жол полициясы қыз­мет­кер­лері «жедел жәрдем» бригада­лары­ның көше­лер­дегі кептелістерге түспей, тоқтаусыз қоз­ғалуын қамтамасыз етуге міндетті. Бірлес­кен әрекет үдерісін диспетчерлер үйлестіріп отырады. Қала басшылығының қамқорлығымен Жедел медициналық жәрдем стансасына жақында 8 реаниамобиль беріліпті. Алдағы тамыз айында тағы 25 автокөлік бөлінбек. Мұн­дай қолдау осы уақытқа дейінгі олқы­лық­тардың орнын толтыруға септігін тигізері анық. Ұзын-ырғасы 1500-дей адам еңбек ететін ұжымда әлеуметтік мәселелер де дұрыс жолға қойылғанын білдік. Наурызда кілті тапсырылған 30 қызметтік пәтер иелері қоныс тойларын өткізген. Балабақшалардан бұларға 100 орын тиіпті. Жақсы дәстүр жалғасын таппақ. Еңбекақы төлеудің өзіндік ерекше­ліктері бар екен. Қалалық бюджеттен түсетін қаржыны орнымен пайдалана отырып, үнем есебінен үздік шыққан қызмет­керлерге сыйақы берудің шарттары бекітілген. Соған сәйкес жүргізушілер 130-150 мың теңге аралығында, жоғары санатты дәрігерлер 280 мың теңге мөлшерінде жалақы алады. Бас дәрігердің емдеу жұмыстары жөнін­дегі орынбасары Раушан Молдабекова­ның бастауымен диспетчерлер бөліміне барғанымызда қазандай қайнаған қызу тірліктің үстінен түстік. Араның ұясындай гулеген аядай бөлмедегі қызметкер әйел­дердің аузында да, қолдарында да тыным жоқ. Сырқатына дауа сұрап хабарласу­шылар­дың алдымен адресін жазып, сосын қалыптасқан қағидат бойынша оларға тиісті көмек көрсетіледі, жеңіл-желпі дімкәстарға дәрігерлік кеңес беріледі немесе өздерінің учаскелік емханаларына көріну жөнінде ұсыныс жасалады. Ауруы асқынғандарға дәрігерлік топ аттандырылады. Олар барған бойда науқастың диагнозына қарай дәрі-дәрмек тағайындап, екпе жасайды. Қажет деп тапса пациентті ауруханаға апарып жатқызады. Айналаға аңтарыла қараған түрімізді көрген аға диспетчерлер Наталья Козырева мен Жанат Ілиясова қалжыңмен қағытып қояды. «Сіз, қайта «тыныш» кезімізге тап келдіңіз. Біраздан соң біреуді біреу біліп болмайтын қарбалас басталады. Оны көрсеңіз екі құлағыңызды басып безіп кететін сыңайыңыз бар ма, қалай?..». – Кейде болар-болмасқа шақыратындар да кез­деседі. Сол сәтте екінші бір жерде қи­на­­лып көмекке зәру басқа біреулер жатуы мүмкін екенін ескермейді. Ақырындап ба­зы­на білдірсек, ашу шақырып, арыз-ша­ғым­­дарын бората жөнеледі. Гуманистік маман­­дық өкілдері болғандықтан әлгі­лердің әдеп­сіз­деу әрекетіне көнеміз. Кейбіреулері түсі­ніс­тік танытып, айтқан­дарымызға құлақ асады, – дейді қос құрбы әңгімелерін әрі жалғап. Мазасыз мамандықтың қыр-сырына қанығу мақсатымен №24 бригаданың автокөлігіне міндік. Бағытымыз Кенесары көшесіндегі көпқабатты тұрғын үй кешені. Дәрігер  Анар Дәуітбаева мен фельдшер Азамат Ешмұратовтың қолдарындағы мәлімет бойынша бір жігіт биіктен құлаған. Қайдан? Қашан? Қандай жағдайда жатыр? Әзірге белгісіз. Бәрін бара көреміз. Сөздің шыны керек, іштей ептеп жүрек­­сініп келемін. Көз алдымда үрейлі көрініс­тер көлбеңдейді. «Қайдан желпілдей қалып едім. Әншейінде қанды көрсем зәрем ұшатын қайран басым, енді қайтер екен­мін...». Осы ойымды оқығандай қасымдағы фототілші Орынбай Балмұрат «Сескенсең осында отыра бер, керек деректерді мен-ақ әкелем» дейді әзіл-шыны аралас. Абырой болғанда, жарақаттанған аза­мат­­­тың он екі мүшесі аман екен. Қолма-қол іске кіріскен Анар алғашқы пайым­дарын алға тартты. Жұмыс бабымен шап­қылап жүрген сантехник Шалқар Данияров баспалдақтан аяғы тайып, шалқалай құлаған. Соның салдарынан аздап миы шайқалған, құйымшағы шытынаған секілді. Азамат автокөлік ішінде ЭКГ жасағанда жүрегінің қалыпты соғатынын анықтады. Ішкі ағзаларына зақым келген-келмегендігі апарған ауруханада тексерілмек. Орталық базаға оралып келе жатқан жолда Анар мен Азаматты әңгімеге тарттық. «Өздерің өрімдей жас екенсіңдер, үнемі ат үстіндесіңдер. Шапқылаудан шаршамайсыңдар ма? Қырғын төбелес, атыс-шабыстан ажал құшқандарды көресіздер, ауыр науқастан азаптанған адамдардың мүшкіл халіне куә боласыздар. Солардың бәрі жүйкелеріңе артық салмақ түсірмей ме?» дейміз ғой баяғы. Екеуі ақылдасып алғандай «Бұл біздің жұмысымыз.  Бойымызды қорқыныш билеген сәттер де болмай қалған жоқ. Көре-көре көндігіп кеттік қой» деді бірауыздан. Жедел жәрдем стансасына жақындай бергенімізде бригада мүшелеріне рация арқылы жаңа тапсырма берілді. Респуб­лика даңғылындағы №57 үйдің 43 жасар тұрғынының қан қысымы күрт көтеріліп кетіпті. Тездетіп жетпесе болмайды. ...Анадайда асығып «жедел жәрдем» автокөлігі зулап барады. Төбесіндегі қызыл шамы жарқ-жұрқ етеді. Дабылдың ащы үні айналаны азан-қазанға бөлеп, құлақ тұндырады. Демек, денсаулығы дем беруді қажетсінген бір жанға жәрдемге асыққандары ғой. Үміт дүниесін үзбей үлгерсе екен... Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан» АСТАНА