Кеше Парламент Мәжілісінде Қаржы және бюджет комитеті мен «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңесінің «Экономиканы дамыту және әртараптандыру, инвестицияларды тарту және кластерлерді дамыту мәселелеріндегі «Бәйтерек» холдингінің рөлі мен орны» тақырыбындағы бірлескен отырыс өтті.
Отырыс жұмысына Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исімбаева мен «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Экономикалық саясат кеңесінің жетекшісі Бейбіт Мамраев қатысып, басқосуды Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсова жүргізді.
Кеңейтілген отырыс барысында сөз алған Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров 2010 жылдан бері елімізде индустрияландыру бағдарламасы іске асырылып жатқанын айта келе, нақты секторда көліктік, энергетикалық және өнеркәсіптік жобаларды есепке ала отырып, 6 жыл ішінде барлығы 8700-ден астам шағын, орта және ірі компанияларға қолдау көрсетілгендігін мәлімдеді. Сонымен қатар, осы арқылы 193 мың жұмыс орны ашылғандығын, бұл дегеніміз әрбір төртінші жаңа жұмыс орны экономика бағытында құрылғанын болжауға болатындығын атап көрсетті.
Сондай-ақ, өнеркәсіп құрылымында бірінші өзгерістер басталды. 2010 жылдан бастап 2015 жылға дейін ЖІӨ-де тау-кен өндірісінің үлесі 19,5 пайыздан 12 пайызға дейін төмендеді, деді ол. Оның айтуына қарағанда, әлемдік дағдарыс жағдайларында банк секторының белгілі бір проблемалары туындап отыр. Бұл экономиканы және халыққа несие беруді қысқартуға әсер етпей қоймасы анық. Отандық экономикадағы күрделі ахуалды ескере отырып, Мемлекет басшысы 2013 жылы «Бәйтерек» холдингін құру туралы шешім қабылдады. Ол бизнесті қолдау құралдарының тиімділігін арттыру мақсатында қаржы институттарын біріктірді, – деді вице-министр.
Бұл ретте Е.Хаиров жалпы индустриялық бағдарламаны іске асыру экономиканы әртараптандыру үшін негіз болғанын тұспалдай келе, өткен жылы индустрияландырудың екінші бес жылдығын жүзеге асыру басталғанын еске салды. Ал ол дүниежүзілік экономикада проблемалардың өсу кезеңімен тура келді. Сыртқы базалық жағдайлардың өзгеруі индустриялық-инновациялық дамуға теріс әсер етті. Жалпы шикізат нарығында қолайсыз конъюнктура, Қазақстан экспорттайтын өнімге әлемдік бағаның төмендеуі, БЭК бойынша Қазақстан әріптестерінің валюталарының бірден құнсыздануы, қаржылық нарықтың құлдырауы, шетелдік инвестициялар ағынының қысқаруы, сондай-ақ бюджеттік қаржыландыру мүмкіндіктерінің шектеулілігі сыртқы және ішкі сұраныстың құлдырауымен сүйемелденді, деді әрі қарай вице-министр. Осы себепті экономикаға қатты сыртқы қысымдардың сақталуы және жаңа сындардың пайда болуы жағдайларында Мемлекеттік бағдарламаға түзетулерді енгізу талап етілді. Сондықтан, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі уақытта мемлекеттік бағдарламаны өзектендіруге қатысты жұмыстар атқарылуда.
Отырыс бірнеше баяндамалардың оқылуы мен талқылауына ұласып, Мәжіліс депутаттары компания басшылығына сұрақтар қойды. Осы ретте «Бәйтерек» холдингінің қазіргі рөліне байланысты бірқатар пайымдарын айтқан Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев бұл басқосуда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің экономикалық дағдарыс жағдайындағы рөліне толығымен қанық болуды мақсат тұтқанын жеткізді. Осы ретте Үкіметтен және холдингтен «Бәйтеректің» республика экономикасының аумағында орнының қайда және қалай екендігін білуді қалайтынын жеткізді.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан»