• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Маусым, 2016

Бизнестің берекесі алдымен ауылдарға бұйыруы тиіс

336 рет
көрсетілді

Үкімет ауылдық жерлердегі еңбек өнімділігін арттыруға айрықша мән бермек. Ол үшін кәсіпкерлікті кеңейтіп, осы бағыттағы жұмысты барынша қолдауға күш салмақ. Яғни, бизнесті алыс ауыл-аудандардағы, қашық қалалардағы халықты жұмыспен қамтуға жұмылдыру қажет. «Атамекен» ұлттық кәсiпкерлер палатасының есеп беру съезінде айтылған ұсыныс-пікірлер, міне, осындай оймен үндесті. Съезд кеше Астанада Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өтті. Жиынды «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев  жүргізіп отырды. Ал палатаның басқарма төрағасы Абы­лай Мырзахметов өткен жылғы жұ­мыстың қорытындыларын баяндады. Мұнда негізінен қаржы ресурстарына қолжетімділік, мемлекеттік сатып алулар, шағын несие беру, мемлекеттік ор­гандардың заңсыз тексерістері, ауыл­ша­руашылық кооперативтерін дамыту мәселелері қаралып, кәсіпкерлер тара­пынан жұмысты жетілдіру жайы талқы­ланды. «Мен сiздердiң барлық ұсыныс­та­ры­ңызды тыңдадым. Ұлттық экономика ми­нистрi мен «Бәйтерек» холдингiнiң жаңа басшысына ұсыныстарды мұ­қият қарастыруды тапсырамын. Кейiн Үкiметте отырыс өткiзiп, осы мәсе­ле­лердi талқылаймыз», дедi палата мү­ше­лерінің есебінен кейін сөз алған Пре­мьер-Министр. Бұған қоса өңiрлер­дегi кәсiпкерлермен де бұл ұсыныс­тарды талқылайтынын айтып өтті. «Президенттiң тапсырмасы бойынша мен өңiрлердi аралауды бастадым. Әр облыста кәсiпкерлермен кездесiп, олардың проблемаларын тыңдауға дайынмын. Бүгiнгі жиында жалпы мәселелер ғана айтылды, ал өңiрлерде басқа да түйткiлдер болуы мүмкiн», дедi К.Мәсiмов. Съезде сондай-ақ, кәсiпкерлер биз­нес­тi тексеру мәселесiн көтерген болатын. Айтуларынша, тексеріс азайды дегенмен, бұл мәселе әлі толық шешілмеген. Осыған байланысты Премьер-Министр бизнестi тексерудi қысқарту мүмкiндiгiн тағы да қарастыру қажеттігіне тоқталды. «Бақылау-қадағалау функцияларын қысқарту идеясы дұрыс, бiрақ тепе-теңдiк табу керек, содан кейiн барып бұл мәселенi Үкiмет қарауына беру қажет. Мен Қаржы министрлiгiне «Атамекен» палатасымен бiрге бұл сұрақты талқылап, Үкiмет қарауына ұсынуды тапсырамын», дедi К.Мәсімов. Үкімет басшысы ауылдық жерлердегі еңбек өнімділігін арттыруға басымдық беру керектігін айтты. Кәсіпкерлік көкжиегін кеңейте отырып, халықты жұмыспен қамту қажет. Екіншіден, еңбек күшін мобильдендіру, кәсіптік мамандар дайындау мәселесін алға қою маңызды. Сондай-ақ, ұйымдастыру жұмыстарын жүйелендіре түсу керек. Оған қоса, инвестиция тарту жайын да назардан тыс қалдыруға болмайтынын жеткізді. Осы ретте, К.Мәсімов Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке тапсырма жүктеді. «Ауыл шаруашылығы еліміз үшін табыс әкелетін бағыт болып табылады. Азық-түлік өнімдері әрдайым сұранысқа ие екені белгілі. Біз сіздермен бірге екі жыл бұрын азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасын талқылаған болатынбыз, қаржы бөлінді. Министрлік осы жұмыстармен банктер айналысқанын айтуда, ал банктер клиенттерді қайта несие­лендіргенін алға тартуда. Атап айт­қанда, көптеген себептермен ілгерілеушілік бол­ған жоқ», деді Үкімет басшысы. Осы ретте К.Мәсімов Ауыл шаруашылығы министріне Ұлттық кәсіпкерлер палата­сы мүшелерімен бірлесіп ауыл шаруа­шылығында халықтың еңбек өнімділігін арттыру мен отандық тауарларға сұра­нысты жоғарылату тұрғысында ұсы­ныстар әзірлеуі тиіс екенін атап өтті. «Еңбек ресурстарының мобильдігіне тоқталатын болсақ, экономика құрылымы бойынша бізге ұқсас елдерді салыстырып көріңіздер. Олар дамудың мүлдем басқа деңгейінде тұр. Мысалы, Австралия мен Канаданың тәжірибесі үздік. Біз олардың деңгейіне ұмтылуымыз керек. Оларда да белгілі бір проблемалар бар, яғни мұнай бағасының құлдырауы секілді мәселені еңсеруде. Алайда, бұл елдерде еңбек ресурстары жақсы дайын­дықтан өткен. Егер де бір секторда кә­сіпорын жабылса, онда жұмысшылар өздерінің дайындық біліктілігіне қарай басқа өндірістерге ауысуға мүмкіндігі бар», деді Үкімет басшысы. Сондай-ақ, кәсіптік мамандар даярлауды және қайта даярлықтан өткізу бағыттарын тиімдірек ету тұрғысында жұмыс істеу керектігін айтты. «Президенттің тапсырмасы бойынша Үкіметте жұмыс тобы қызмет етуде және жақын арада біз тиісті ұсыныстармен шығамыз»,  деп толықтырды Премьер-Министр. Жиында бiрыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорындағы қаражатты пайда­ла­нуға қатысты да мәселе айтылған бола­тын, бұған орай Үкімет басшысы ұсы­ныстар талқыланып жатқанын жеткіз­ді. «Бiз қазiр Ұлттық қордағы ресурсты пайдалану мәселелерiн мұқият зер­делеп жатырмыз. Ұлттық қор – бұл ор­тақ байлығымыз, Үкiметтiң емес, барлық азаматтардың қазынасы. Сондық­тан осы қаражатты қалай тиiмдi бөлген дұрыс? Бұл ретте сiздердiң ұсыныс­тарыңыз болса, бiз тыңдауға дайын­быз», дедi К.Мәсiмов. Премьер-Министр атап өткендей, бұған дейiн де отан­дық бизнес өкiлдерi Бiрыңғай жинақ­таушы зейнетақы қорындағы қаражат­ты пайдалануға қатысты пiкiр-ұсыныс­тарын айтқан болатын. «Қазiр ендi тағы мүмкiндiк бар. Менiң ойымша, әкiм­шi­лiктен гөрi, нарықтық тетiктердi пайда­ланған дұрыс. Өкiнiшке қарай, қазiр бiз әкiмшiлiк жолды таңдап отырмыз. Бiрақ бұл бiздiң ақша емес, бұл салым­шы­лардың, зейнеткерлердiң қаражаты», деді Премьер-Министр. Үкімет басшысы Салық кодексiне де тоқталды. «Ұлттық кәсiпкерлер палатасы жаңа салық кодексiн әзiрлеу мен оны қолданысқа енгiзу бойынша көп рет мәселе көтердi. Сiздердiң пiкiрлерiңiз ескерiлiп, Мемлекет басшысы бiзге тағы бiр жыл жаңа кодекстi жетiлдiруге рұқсат бердi. Сiздердi бұл мәселенi әрi қарай бiрге талқылауға шақырамын. Осы аптада Мемлекет басшысы бағдарламалар iшiнде  қаражатты қайтадан бөлу туралы шешiм қабылдады. Бұл кәсiпкерлiктi қолдап, шағын несие беру мен жұ­мыспен қамту мәселелерiн ше­шуге мүм­кiндiк бередi. Палата осы жұ­мыс­қа белсендi араласып, бұл қара­жат­тың, шын мәнiнде, экономикаға тү­суiн бақы­лауы қажет», дедi Премьер-Ми­нистр. Сондай-ақ, ол шағын несие бағдар­ламасының тиiмдiлiгiн атап өттi. Үкімет басшысының мәлімдеуінше, бүгiнде елiмiзде шағын несиеге сұраныс үлкен. «Сондықтан бiз қазiр қайта бөлiп жатқан қосымша ресурс шағын несие­леуді дамытуға ықпал етедi деген ойдамын. Мемлекет басшысының шешiмi бойынша жеке тұрғын үй құрылысын дамытуды да қолдайтын боламыз. Тек iрi жобаларға ғана емес, инфрақұрылымды дамытуға да көңiл бөлiнедi. Бұл мақ­сат­қа да қаражат қарастырылады, оны әкiм­дiктермен бiрге бөлемiз», деген Пре­мьер-Министр бұл жұмыстың жеке тұр­ғын үй құрылысын өркендетуге серпiн беретiнiне сенiм бiлдiрдi. Съезде «Атамекен» ұлттық пала­та­сының үш жылға арналған орта мерзімді индикативті бюджеті бекітілдi. Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП әзірлеген Қазақстан кәсіпкерлерінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі хартиясы қабылданды. Сонымен қатар, палатаның 2016 жылға арналған басым міндеттері нақтыланды. Олар – жергілікті қамту мен сатып алулар жүйесін дамыту, жұ­мыспен қамтуға жәрдемдесу, мемле­кеттік-жекеменшік әріптестігін жеке­шелендіру мен дамыту үдерісінде бизнестің мүддесін қамтамасыз ету, ауыл­да бизнесті дамыту, Кәсіпкерлікті дамы­тудың өңірлік картасы, экспорт-импорт операцияларын оңайлату, дауларды реттеудің сотқа дейінгі тетіктерін дамыту жұмыстары. Айтқандай, өткен жылы «Атамекен» ұлттық кәсiпкерлер палатасының қаты­суымен 3 мыңнан аса нормативтік құқық­тық актілер сараланған болатын. Оның ішінде 100 заң жобасы бар. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы тауарларын өнді­рушілерге салынатын әлеуметтік салық мөлшерлемесі 11 пайыздан 6,5 пайызға дейін төмендеген. Салық төлеушілерді қосымша құн салығы бойынша есепке қоюдың шекті мәнін 10 есеге азайтуды 2017 жылға дейін қалдыру жөніндегі уағ­даластыққа қол жеткізілді, осы шешімді толықтай қайта қарастыру мүмкіндігі алынды, салық төлеушілердің жекелеген санаттарын жоюдың  жеңілдетілген тәртібі енгізілді. Сондай-ақ, қосымша құн салығын қайтару рәсімі жеңілдетілді, шаруа қожалықтары – үшін бірқатар салық­тарға 70 пайыздық жеңілдік енгізіл­ді, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге алым жойылды. Сарапшылық қызмет сала­сында мемлекеттік монополия алы­нып тасталды, сарапшы ұйымдар құрыл­ды, құрылыс саласында бастапқы-рұқсат беретін құжаттарды алу мерзімі қысқар­тылды, «бір терезе» қағидаты жүзеге асты, жұмыс берушілердің міндетті меди­ци­налық сақтандыру жүйесіне аудара­тын қаржы мөлшері 5-тен 2 пай­ызға дейін тө­мендетілді. Рұқсат беру жүйе­сін оңтай­ландыру нәтижесінде биз­нестің қар­жылық шығыны 1,5 млрд. тең­геге азайған. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»