Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Жанат Жарасовтың төрағалық етуімен партия жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда Қостанай облысында атқарылған жұмыстардың жай-жапсары талқыланды. Жиынға Кеңес мүшелері мен Мәжіліс депутаттары, партияның Орталық аппаратының жауапты қызметкерлері және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Алдымен 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының Қостанай өңірінде жүзеге асырылу барысы жөнінде облыс басшысы, «Нұр Отан» партиясының осы облыстағы филиал төрағасы Архимед Мұхамбетов арнайы баяндама жасады. Сондай-ақ, жиында сөз алған Сараптама комиссиясының жетекшісі, Кеңес төрағасының бірінші орынбасары Оралбай Әбдікәрімов соңғы кездері қоғам ішінде жалаң ұран, құрғақ уәде көбейіп кеткендігіне қатты қынжылысын білдірді.
Негізінен, күн тәртібінде үш мәселе талқыланған болатын. Ал аймақ басшысы өз баяндамасында жергілікті атқарушы органдар әкімдік қызметкерлері ел игілігі үшін белсенді әрекеттер жасап жатқандығын атап өтті. «Оның бір парасына тоқталып өтер болсам, осы кезге дейін іске асырылған шаруаларымыз едәуір. Жалпы, жұмыстың қорытындысы ретінде мынадай деректер келтіре аламын. Мәселен, күні бүгінге дейін облыс аумағында сыбайлас жемқорлыққа қарсы үгіт-насихат пен түсіндіру жұмыстары ретінде 403 шара ұйымдастырылған болса, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдар, жастар орталықтары, қоғамдық кеңестер арасында өзара ынтымақтастықты тереңдететін 11 әріптестік меморандумы бекітілді. Сонымен қатар, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан нысандардағы жұмыс үдерістерін қадағалау үшін қостанайлық нұротандықтар бастамасымен БАҚ өкілдерін қатыстыра отырып 6 рет рейдтік бақылау шарасы ұйымдастырылды. Ал «Өзіңнен баста» акциясына орай, 411 адам (оның ішінде лауазымды мемлекеттік қызметкер мен аудан әкімдері сынды шенеуніктер және олардың орынбасарлары да бар) өз аттарына тіркелген мүліктері мен табыс көлемдерін ашық жариялауға белсенді қатысты», деді Архимед Бекежанұлы.
Осылайша, алдымен өңірдегі тыныс-тіршіліктің оңтайлы тұстарын тізбелеген әкім, сөз соңына қарай, кейбір олқы түсіп жатқан кемшіліктерге де тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі кезде өңірдегі мемлекеттік сатып алу қызметінің проблемалары баршылық. Әкім осы жерде «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясындағы түйткілді мәселелер мен облыстағы проблемалы құрылыс нысандары және жолдардың сапасыз жөнделуіне қатысты қоғам тарапынан айтылған сындардың шешімін табу жайы шұғыл қолға алынғандығын тілге тиек етті.
Айта кетейік, алқалы жиын өтетін күн белгіленгенге дейін «Нұр Отан» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшелері Қостанай өңірін аралап, жұртшылықпен жүздесіп, қоғамдық қабылдау өткізген болатын. Қызметтік сапар аясында жұмыс тобының мүшелері аймақтағы игі істер мен шешімін табуы тиіс түйіндердің жолын талқылап, өрескел қателіктер мен бірқатар заңсыздықтарды таспаға түсіріп, бүгінгі жиын қатысушыларының алдында қайта талқылауды жөн санапты. Онда Қостанай қаласының іргесіндегі «Аэропорт» шағын ауданындағы тұрғын үйлерді газдандыру және жылыту жүйесімен қамту, Қарасу ауылындағы Есіл су құбырын жүргізу жайы, қала ішіндегі жолдарға жөндеу жүргізу, тағы бір шағын аудандағы көпқабатты тұрғын үйлерге кіргізілген жылу құбырының бекітілген жоспардан 32 сантимерге дейін ауытқуы секілді шикі тірліктер тізбектелген.
Облыс әкімі өз баяндамасында бұл мәселелердің ішінде бірқатары оң шешімін тауып жатқандығын естірткен болатын. Ал қосымша баяндама жасау үшін мінберге шыққан О.Әбдікәрімов мемлекет тарапынан бар жағдай жасалғанымен, өңірдегі атқарылған жұмыстардың көңіл көншітпейтіндігіне тоқталып өтті. «Жергілікті атқарушы органдар үшін мемлекет тарапынан мейлінше жағдай жасалып, зор мүмкіндіктер берілгендігін білеміз. Арнайы бағдарламалар түзіліп, бюджеттен қаражаттар да бөлінуде. Бірақ, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте партия тарапынан бақылауды күшейту керек. Әсіресе, аймақтардағы құрылыстар мен мемлекеттік бағдарламалар аясында жүргізіліп жатқан жобаларға жіті көңіл бөлген жөн. Біздің қоғамда соңғы кездері жалаң ұран, құрғақ уәде көбейіп кетті. Мұндай көрініс билік пен бұқараның арасындағы сенімге селкеу түсіруі мүмкін екендігін ешкім де жоққа шығара алмайды», деді Оралбай Әбдікәрімұлы.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»