Алматыда Қазақ тағамтану академиясының қасынан қымыздан түрлі тағамдар жасайтын зауыт іске қосылды. Ғалымдардың айтуынша, әлемде мұндай өндіріс орны алғаш болып Қазақстанда ашылып отыр екен.
Академик, медицина ғылымдарының докторы Төрегелді Шарманов Қазақ тағамтану академиясының бірнеше жылғы ғылыми жұмыстарының арқасында осындай жетістіктерге жетіп жатқанын айтты.
– Сиыр сүтіндегі май қышқылының құрамында трансмайқышқылы деген улы зат бар. Ал биеде ол жоқ. Осыған байланысты біз мұндай сусыннан өзге де тағам түрлерін дайындау қажет деген ойға келдік. Содан мән беріп қарасақ, тортты, тәтті бәліштерді, кәмпитті, шоколадты, балмұздақты жасауға болады екен.
Қымыздан жасалған балмұздақтың ерекшелігі, құрамында адам денсаулығына қауіпті химиялық қоспалар жоқ. Оның бағасы да қымбат емес көрінеді. Мамандар алдағы уақытта бұдан бөлек бірнеше тағам түрін шығаруды жоспарлап отыр.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»