• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
17 Маусым, 2016

Оқырманын оятқан ойлы жыр

317 рет
көрсетілді

Ақын Ақылбек Шаяхмет 14 жасынан бастап өлең жазып, сөз киесінің құдіретін біле бастаған екен. Балаң ақын кезінде республикадағы жас ақындар жырлары топтас­тырылған «Көк­тем тынысы» жинағына: «Арам сөздер бейнебір көміртегі, Адал сөздер – оттегі, семіртеді. Жақсы-жаман қасиет араласқан, Су секілді екен ғой өмір, тегі. Өткір тілдің кетпейді бекер емі, Жылы лебіз көңілді көтереді. Кейбіреулер қатты айтқан жалғыз сөзге, Ғұмыр бойы өкпелеп өтер еді. Біреулерге сөздер бар жараспайтын, От басынан сөздер бар әрі аспайтын. Ел ішінде дуалы ауыздар бар, Сырқатыңды бойыңнан аластайтын.Үміт күтіп отыр-ау далам менен, Ақын болып, алаулап, жанам деп ем. Туған жерім, ең асыл, қасиетті. Сақтап жүрмін бір сөзді саған деген», деп жырлаған өлеңі енген еді. Туған жер – Ақылбек Шаяхмет шығармашылығының өзегі болса, ақын оны сөзбен өрнек­теді. Сондықтан, ақын оқыр­манымен кезекті жүздесуін де «Туған жерім, ең асыл, қасиетті, сақтап жүрмін бір сөзді саған деген» деп атады. – Ақылбек азаматтық ұста­нымы мен ақындық қуаты үйлесім тапқан ақын. Оның тақырып арнасы кең. Тағы бір ерекшелігі, ол өзінің поэ­зиясында кісілікті көбірек жырлайды. Қанша нарық заманы деп айтқанымызбен, қоғамның негізі адамгершілікте болуы тиіс. Ал әде­биетті оқымай, өнерді сезінбей ұрпақ бойында адамгершілік ұстанымдар қалыптаспайды. Ақын осыған қызмет етеді, – деді  көрнекті жазушы Төлен Әбдік. Ақын кешінде қаламдастары, дос-жарандар, оның поэзиясын сүйетіндер жылы лебіздерін айт­ты. Облыстағы «Бірлік» әзер­байжан этно бірлестігінің төр­ағасы Вивади Юсупов ақын­ға Махмуд Қашқари атын­дағы халықаралық қордың сыйлығын тапсырды. Ақын сөзіне жазылған «Қостанай», «Әдемі» әндерін әншілер Арыстан Құрманов, ақынның немересі Бекзат Ақылбек орындады. Ал республикаға белгілі әнші Әлмырза Ноғайбаев­тың Ақылбек Шаяхмет сөзіне жазыл­ған «Мінәжат» әні кешке жиналғандардың ерекше құрме­тіне ие болды. Кештен алған тағылым тек ақын мен ақынның арасында емес, ақын мен оқырман арасында да күміс тіндей байланыс болуы керектігін мойындатқандай болды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ
Соңғы жаңалықтар