• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
17 Маусым, 2016

«Vaskania» киімдеріне сұраныс артты

430 рет
көрсетілді

Семей кеңестік кезеңде жеңіл өнеркәсіп орталығы ретінде дамыған қала болғаны белгілі. Соңғы жылдары шаһардың жеңіл өнеркәсіптегі әлеуеті қайта қарқын алып келеді. Таяуда Семейдегі сапарымыздың аясында «Vaskania» киім тігу фабрикасының жұмысымен танысқан едік. Бүгінде киім-кешек саласында белгілі брендке айнала бастаған «Vaskania» сөзі қазақ тілінде «Тұмар» деген ұғымды білдіреді. Осыдан 15 жыл бұрын құрылған киім ательесі негізінен өндіріс орындары мен кәсіпорындар­дың қызметкерлеріне арналған жұмыс киімдерін тігумен шұғылдана­ды және тері мен былғарыдан экс­клюзивті киім түрлерін тігеді. «Vaskania» өнімі жаңашылдығы­мен және сән саласындағы үрдістерді дөп басатындығымен ерекшеленеді екен. Кәсіпорын жетекшісі Ирина Булутханова бізді жылы шыраймен қарсы алып, фабрика қызметі жөнінде әңгімеледі. Модельер-конструктор ретінде 30 жылға таяу осы салада еңбек еткен, өндіріске инновациялық көзқараспен қарай алатын Ирина Николаевна өзінің америкалық бизнес-менеджер Брайан Трей­сидің шәкірті болғандығын, модельерлердің шақыруымен үш жыл бойы Түркияның Ыстанбұл қаласында және кейіннен әскери киімдер тігуге шешім қабылдаған сәтте Қытайдың әскери зауытын­да бір жылға жуық тәжірибе жи­нау үшін жұмыс істегенін мақтанышпен айтып өтті. Кәсіпкер бізді алдымен киім­дердің түрлі үлгілері қойыл­ған арнайы бөлмеге бастады. Мұнда әскери, өндірістік және аңшылар мен балықшыларға арналған киім үлгілері мен әртүрлі кештерге арналған сәндік киімдер де мол екен. Бас киімдердің өзі бір төбе. Теріден тігілген киімдер бөлімінде сапалы былғарыдан, бағалы аң терілерінен, қаракөл елтірісінен тігілген қысқы, күзгі маусымға арналған сыртқы киімдер қойылған. Оның арасында жұлма тон, күзен ішік, былғары күртке сынды киімдер көз тартарлықтай көркем ті­гіл­генін байқадық. Сондай-ақ, тоқыма бөлімінде мектеп оқу­шы­ларының формаларына тапсырыстар қабылдайды. Бір ескеретіні, қазіргі балалардың да, ата-аналардың да таңдауы ерекше. Осы орайда мектептердің оқушыларға арналған формалары келесі білім ордасының киіміне ұқсай бермейтіні рас. Яғни, мектептердің таңдауы бойынша оқушы киімдерін де түрлі стильде тігуге тура келеді. Қазіргі кезде кәсіпорынның 6 жастан 16 жасқа дейінгі қыздар мен ұлдарға арналған мектеп формасының арнайы каталогі қала оқушыларына таныстырылуда. Қолымызға ұстап көрген көйлек, жейделердің сапалы материалдардан тігілетінін байқадық. Кәсіпкер сапалы маталарды Ресей, Италия, Франция өндірушілерінен, жоғары деңгейде өңделген тері мен былғарыны Түркиядан алатынын айтты. «Vaskania» фирмасы киім­дерді тапсырыспен тігеді. Тұ­ты­нушылар арасында жаңа киім­дерге ғана емес, ескі киімдерді өңдеуге немесе сәндік тұрғыдан қайта пішімдеуге тапсырыс берушілер де жиі кездеседі. Бұл ретте кәсіпорын қызметкерлері түрлі киім үлгілерін тұтынушы назарына ұсынумен бірге қажетті жағдайда тұтынушылардың жеке қалауы бойынша сәндік журналдардан немесе интернеттен ұнатқан киім үлгілерінің су­реттері арқылы да тапсырыс қабылдайды. – Біздің негізгі бағытымыз жұмыс киімдерін тігуге ар­налған. Терімен де жұмыс іс­тейміз. Тапсырыс бойынша ті­гумен, өңдеумен және жаңа киім үлгілерін даярлаумен айналысамыз. Кәсіпорындағы жас­тарды үйретуге ден қоямыз. Қызметкерлеріміз тұрақты түрде кәсіби біліктіліктерін жетілдіріп тұрады. Өз өнімдеріміз бойынша көрмелерге қатысамыз. Жуырда ғана Алматыда 18 мемлекеттің қатысуымен өткен көрмеге қатыстық­. Қатысушылардың арасында АҚШ, Италия, Қытай сияқты жеңіл өнеркәсіпті жолға қойған мемлекеттердің өкілдері болды. Десе де, біздің өнімдеріміз шетелдік тауарлардан кем түс­кен жоқ. Дегенмен, негізгі тұ­тынушыларымыз жерлестеріміз болып отыр. Олардың арасында, банк, құрылыс мекемелері мен құқық қорғау органдары, БАҚ, коммуналдық қызмет салалары бар, – дейді Ирина Николаевна. «Семей силикат кірпіш зауы­ты», «Семей ет комбинаты», «Қа­ла­жолқұрылыс» сынды ұзақ жылдардан бері үздіксіз тапсырыс беріп келе жатқан мекемелер кәсіпорынның тұрақты әріп­тестері санатында. – Біз кәсіпорындардан тапсырыс қабылдағанда, жұмыс формасын қарапайым жұмысшыдан бастап, технолог, инженер сынды ішкі қызмет сатысы да айқын аңғарылатындай етіп пішімдейміз. Бұл ерекшелік киімнің стилінен көрініс табады. Сондай-ақ, үнемі жаңа модель шығару жолында еңбектенеміз, – деді ол. Қазіргі кезде цехта 21 тігінші жұмыс істесе, олардың ішінде мүм­кіндігі шектеулі 6 адам нәпа­қасын осы жерден тауып отыр. Тігіншілердің орташа еңбекақысы 50 мың теңгені құрайды екен. Ал тапсырылған жұмыс көлемі уақытында және сапалы орындалып, әрі қарай еңбек көлемі ұлғайса еңбекақыға да үстеме қосылады. «Vaskania» өнімі нарықтағы ба­ғаға қарағанда 20-30 пайызға арзандығымен де ерекшеленеді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» СЕМЕЙ  
Соңғы жаңалықтар