• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Маусым, 2016

Әріптестік арнасы кеңиді

270 рет
көрсетілді

Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин Қытай Халық Республикасы Шэнь­си азық-түлік және агроөнеркәсіптік тобының бас директоры Хан Вэй бастап келген делегацияны қабылдады. Өңір басшысы бұл кездесу барлық бағыт бойынша, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты әріптестікті жандан­дыруға септігін тигізетінін атап көрсетті. – Біздің облыс еліміздегі аграрлық-өнеркәсіптік өңірлердің бірі болып табылады. Мұнда сапалы бидайдың жалпы республикалық көлемінің ширегі өндіріледі. Оны өңдеу өндірісі дамыған. Биылғы жылы облыс бойынша көктемгі егіс алқабы 4,7 миллион гектарды құрайды. Оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар 4,3 миллион гектар алқапқа орналастырылады. Өткен жылы диқандарымыз 4,6 миллион тонна астық жинады. Экспортқа 2 миллион тонна өнім шығардық. Егіс алқабы құрылымын әртараптандыру арқылы 207 мың гектарға майлы дақылдар, картоп пен көкөніс сәйкесінше 18,7 мың және 4,4 мың гектарды құрады. Қытаймен сыртқы сауда айналымы 64 миллион АҚШ доллары көлемінде болды. Дегенмен, біз қытайлық рынокқа астықты аз тасымалдаудамыз. Аспанасты елінен бізге химиялық өнімдер, оның ішінде гербицидтер пен пестицидтер жеткізілуде. Қазір бізде мал шаруашылығы саласын жедел дамыту мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Біз сіздердің әріптестік қадамдарыңызды құптаймыз. Әйткенмен, инвесторлар өз қаржысымен келуі тиіс, – деді С.Кулагин. Бұдан кейін Шэньси азық-түлік және агроөнеркәсіптік тобының бас директоры Хань Вэй Шэньси азық-түлік және ауыл шаруашылығы корпорациясының дамуы жөніндегі деректерді көгілдір экраннан көрсетті. Сондай-ақ, делегация басшысы өздерінің Ақмола өңірінде дәнді және майлы дақылдар өңдейтін кәсіпорын салғылары келетінін білдірді. Қытайлық делегация Сандықтау ауда­ны­ның ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен және кәсіпкерлермен кездесті. Бұдан соң Жақсы ауданында болып, «Урожай» серіктестігіндегі элеватор кешенінің жұмысымен танысты. Бақберген АМАЛБЕК,  «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы