ДСҰ нарығында бәсекелестікті күшейтеді
ДСҰ –1995 жылдың 1 қаңтарында, осыған дейін болған және 50 жыл әрекет еткен Тарифтер және сауда жөніндегі бас келісімнің жалғасы ретінде құрылған әлемдік ұйым. Алайда, бұрынғыға қарағанда, ең басты ерекшелігі, ол енді халықаралық ұйым ретінде заңды мәртебеге ие болды. Сонымен қатар, іскерлік ауқымы да кеңейіп, адамзат қоғамына тигізер әсері де ұлғайды. Енді, бұл ұйымға Қазақстан да қосылып отыр. ДСҰ-дан қорқудың қажеті жоқ. ДСҰ ережелері дамушы елдер үшін бірқатар жеңілдіктер қарастырады. Қазіргі күннің өзінде осы ұйымға мүше дамушы мемлекеттер дамыған елдермен салыстырғанда өз нарықтарын қорғаудың анағұрлым жоғары кедендік-тарифтік тетіктеріне ие болып отыр.
Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуы қажеттілік екенін дәлелдейтін факторлар жеткілікті. Себебі, бүгінгі таңда күллі әлемде бірігу үдерістері жүріп жатыр. Әлемдегі алып мемлекеттер болсын немесе шағын елдер болсын экономикалық одақтарға интеграциялану үстінде. Өйткені, көптеген халықтар экономикалық тұрғыдан түрлі одақтарға бірігуді жалпыадамзаттық жаһандануға қолайлы түрде кірігудің ең басты жолы деп санайды. Осыған орай, Швейцарияның Женева қаласында өткен ресми шарада Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Егер тоқсаныншы жылдардың ортасында Қазақстан тек посткеңестік елдермен ғана сауда қатынасын жасаса, бүгінгі күні біз әлемнің 185 елімен сауда жасаймыз. Еуропалық одақ Қазақстанның негізгі экономикалық әріптесі болып табылады. Біздің саудамыздың 40 пайыздан астамы соның үлесіне тиеді. Ресей, Қытай, АҚШ, Канада және басқа да бірқатар елдер Қазақстанның сауда айналымына едәуір үлес қосуда», деп атап көрсетті.
ДСҰ-ға мүше болу Қазақстанның сауда-саттық әлеміндегі көкжиегін де кеңейте түседі. Отандық өнім өндірушілерге бәсекелестік пен оған қабілеттілік қажеттілігі туындап отыр. Жаңа жұмыс орындарын ашып, тұтынушының таңдау және сапалы да арзан тауарға қолжетімділігін қамтамасыз ететін, сол арқылы отандастарымыздың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын арттыруға ықпал ететін қадам болатындығы айқын. Қазіргі таңда тәуелсіз Қазақстанның білім мен ғылымына тікелей үлес қосып келе жатқан технологиялық жабдықтарының басым көпшілігі ескірді. Барша азаматтардың құлағын елең еткізген осы бір оңды жаңалық, ең алдымен, ғылымдағы жабдықтар мен құрал-саймандар паркін түбегейлі жаңартуға септігін тигізеді. Қазақстанға келетін ғылыми-техникалық құрал-жабдықтарға салынатын кедендік салықтың мөлшері күрт азаяды. Бұл тамаша мүмкіндік болар еді.
Ең бастысы, ДСҰ-ға кіру Қазақ елінің әлемдегі абыройын асқақтатып, халықтың саяси және экономикалық әлеуетін жоғарылатады. Әлемдік нарыққа ұтымды кірігу, озық технологиялар мен заманауи ғылымға сүйенген инновацияларды кеңінен енгізу, еркін сауда мен бәсекелестік ортада қарыштап дамудың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, мемлекеттің мүдделерін қорғау, елдің есесін ешкімге жібермеу, жан басына өндірілетін өнімді еселеп ұлғайтып, халықтың әл-ауқатын жақсарту – ең негізгі міндет болатындығы сөзсіз. Сондықтан, тоқмейілсіп тоқырауға, еріншектік жасап жалқаулануға, ысырапшыл шашпа болуға, ел аман, жұрт тынышта үдеріске ілеспей көштен қалуға, досқа күлкі, дұшпанға таба болуға мүлдем жол жоқ. Тек, ұтқырлық пен ұтымдылықты ұран еткен ел ғана көмбеге бұрын жетіп, көздеген мақсатын олжалайды.
Айдар САБЫРОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау
мемлекеттік университетінің доценті
АТЫРАУ